Қазақстанның кәсіпқой былғары қолғап шебері Жәнібек Әлімханұлы әлем чемпионы атағын қорғады. Британиялық Дензел Бентлиге қарсы шыққан боксшымыз 12 раундтық жекпе-жек өткізіп, жеңімпаз атанды.
АҚШ-тың Лас Вегас қаласында өткен бокс кешінде WBO нұсқасы бойынша орта салмақта әлем чемпионы атағын қорғау үшін Жәнібек пен Дензел қолғап түйістірді. 12 раундқа созылған жекпе-жектің тартысты және қазақстандық бокссүйер қауымға алаңдатарлық деңгейде өтті.
Жәнібек 12 раундтағы төрешілердің шешімімен бірауыздан жеңімпаз деп танылғанымен көпшілік арасында бұл кездесу туралы сөз көп болды. Бұған дейін қарсыласын нокаутқа түсіремін деген қазақстандық боксшы жайлы пікір білдіргендер қатары аз емес. Ал қарсыласын нокаутқа неге түсірмегенін Жәнібек Әлімханұлы өзі түсіндіріп берді.
«Бұл – бокс. Барлығы рингте болады. Мен мұндайға дайын болдым және қарсыласымды құрметтеймін. Ол жекпе-жекке жақсы, 100 пайызға дайындалған. Бірақ мен бәрібір 12 раундта да жеңіске жеттім және чемпион болып қалдым», − деді Жәнібек.
«CompuBox» компьютерленген жүйелік жобасы жекпе-жектегі соққылардың статистикасын көрсеткен болатын. Он екі раундта Бентли барлығы 615 соққы ұрса, оның 159-ы дәл болып шықты (26%). Ал Әлімханұлы 535 соққы жасап, 187-ін дәл тигізген (35%).
Ал Жәнібектің қарсыласы Дензел Бентли кездесу туралы ойын өзінің «Instagram» парақшасына жазды. «Мен не айта аламын?! Бар күш-жігеріммен жұдырықтастым, жеңіске жақын болдым. Дегенмен маған бұл жеткіліксіз болды. Өйткені мен әлем чемпионы болғым келеді. Спортзалға қайта оралып мен мықты болуға және арманы жету үшін тер төгемін. Маған қолдау білдірген жандарға, әсіресе отбасым мен команда мүшелеріне айтар алғысым шексіз», − деп жазды ол.
Жәнібектің бапкері Джейм Макгирт «FightHype.com» атты YouTube арнасына берген сұхбатында өз спортшысына көңілі толмағанын айтты. «Бізге өліспей беріспейтін жігітке қарсы түзетулер енгізіп отыратын, тактика қабылдайтын жекпе-жек керек болды. Мен мұны кеше Жәнібектің өзіне де айттым. Мұндай қарсыласпен қолғап түйістіру қиын, өйткені олар барлығына дайын. Қарсыласы түзетулер енгізіп отырды, бірақ Жәнібек бәрібір жекпе-жекті чемпиондық атақпен тәмамдады.
Егер сен нокаутер болып, бірақ деңгейі жоғары боксшыға қарсы шықсаң, сегізінші раундқа жетсең… Не істеу керек? Жәнібекке өз-өзін кінәлаудың қажеті жоқ. Бұл оған сабақ болды. Өйткені кездесуде Жәнібек қарсыласын соққымен, бірнеше соққымен «қарызға» батыруы керек болды. Комбинация болмады», − деді Макгирт.
Кездесуден кейін «Qazaq style» кез келген әлем чемпионымен жұдырықтасуға дайын екенін айтқан болатын. Осыған орай көпшілік қауым Жәнібек Әлімханұлы Геннадий Головкинмен қолғап түйістіруі мүмкін екенін алға тартты. Алайда Жәнібектің жеке бапкері ондай жекпе-жектің болуы екіталай екенін айтты: «Головкин? Ол да, Жәнібек те − қазақстандықтар. Қазақтар бір-бірімен тіпті спарринг те өткізбейді. Көрейік», − деп жауап берді жаттықтырушы журналистерге берген сұхбатында.
Ал «Boxingnews24.com» сайтының тұрақты авторы Джек Тирнан бұл кездесудегі Жәнібек Әлімханұлының қателігін атап өтті. «Жәнібек қателікпен көп уақытын жоғалтып алды. Ол қарсыласын бір соққымен нокаутқа жіберуге тырысып, комбинациялық соққылар жасауды ұмытып кетті. Ол Бентлидің өткен жылғы Феликс Кэшпен өткізген жекпе-жегін көргенде жеңіске ертерек жететін еді. Өйткені Феликс комбинациялық соққылар Дензел Бентлиді жеңіліске ұшыратқан еді. Комбинацияның нәтижесінде ол нокаутқа түсті. Ал «Qazaq style» Феликстің құрып кеткен жоспарын орындай алмады», − деп жазды.
Аслан ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!