Алматының «Қайрат» футбол клубының негізгі қақпашысы Александр Заруцкий командадан кетті. Бұл туралы 2025 жылғы 31 желтоқсанда клуб пен қақпашының әлеуметтік желідегі ортақ жазбасында белгілі болды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Нақтыланған мәліметке сәйкес, 32 жастағы қақпашы келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты алматылық клубтағы өнерін аяқтады.
«Заруцкий сары-қара түсті командаға 2025 жылдың басында қосылып, чемпиондық маусымға елеулі үлес қосты. Оның сенімді ойыны еурокубоктардың жазғы іріктеу кезеңіндегі табысты нәтижелердің негізгі себептерінің бірі болды. Қақпашының тәжірибесі мен салқынқандылығы шешуші сәттерде команданы талай рет қиындықтан алып шықты. Жалпы, Заруцкий «Қайрат» сапында 24 матч өткізіп, соның тоғызында қақпасын голдан аман сақтады», – делінген клубтың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Алматылық клуб Александрға кәсіби еңбегі мен команданың жетістіктеріне қосқан үлесі үшін алғыс айтып, алдағы мансабына сәттілік тіледі.
Жанкүйерлер Заруцкийдің кетуін әртүрлі қабылдады. Бірі қақпашыға алғыс білдіріп, табыс тіледі, енді бірі клуб басшылығын бұл шешім үшін сынға алды.
Айта кетейік, Александр Заруцкийдің командадан кететіні туралы қауесет 2025 жылдың қазан айының соңында-ақ тараған болатын. Ол кезде «Қайрат» бұл ақпаратты жоққа шығарған еді, ал қақпашының өзі «танымал болу үшін кейбір адамдар жалған мәлімет таратуға да дайын» деп жазған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
