Алматылық «Қайраттың» қақпашысы Темірлан Анарбеков ауыр жарақат алып, алдағы маңызды ойындарға қатыса алмайды. Бұл туралы комментатор Бегасыл Сейітхан айтқан, – деп хабарлайды kursiv.media.
Анарбеков «Ақтөбеге» қарсы матчта (1:0) қарсылас команданың ойыншысы Уче Агбо шынтағымен қақпашының жақ сүйегіне кіріп кеткен. Сонымен қатар ақыл тісі де зақымданып, мойын тұсы жарақаттанған.
Футболшының қатарға оралуына шамамен 40 күн уақыт қажет. Демек, «Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы басты кездесулерін – португалиялық «Спортингке» (18 қыркүйек, Лиссабон) және мадридтік «Реалға» қарсы матчтарына қатыса алмайды.
Айта кетейік, командадағы бірінші қақпашы Александр Заруцкий де жарақат алған болатын. Осыған байланысты енді «Қайраттың» қақпасын небәрі 18 жастағы Шерхан Қалмұрза қорғайды. Жас қақпашы кеше «Ақтөбеге» қарсы ойында алғаш рет алаңға шығып, қақпасын құрғақ сақтап қалды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!