Қызылордалық “Қайсар” футбол клубына 2025 жылға 1 миллиард 200 миллион теңге қаражат бөлінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қызылорда облыстық спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев қызылордалық клубтың биылғы жылғы бюджетін бекітті. Алайда бұл қаражаттың жартысы команданың осыған дейінгі қарыздарына да жұмсалатын болады. Айта кетейік, клуб басшылығы шетелдік және отандық футболшылардың соңғы алты айдағы жалақыларын толықтай өтей алмаған.
Сонымен қатар “Қайсар” биылғы маусымда ішкі чемпионатта тек қазақстандық футболшылармен ғана өнер көрсетеді. Өз сөзінде Артаев бұл шешім оңайшылықпен келмегенін айтты.
“Клубтың Қазақстан премьер лигасында легионерсіз өнер көрсетуі қиынға соғатыны анық. Бұл үлкен тәуекел. Алғашқыда бәріне оңай болмайтынын біз түсініп тұрмыз. Бірақ осы әрекетіміздің арқасында 2-3 жылда мықты қазақстандық ойыншылардан құралған команданы жасап шығарамыз деп ойлаймын. Ал клубтың биылғы жылға қойған мақсаты: жоғары дивизонда қалу. Себебі, біздің командада өзге клубтар секілді 5-6 миллиард бюджет жоқ”, – деді Бақтияр Ғарифоллаұлы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!