Ұлттық Олимпиадалық комитеттің ұсынысы бойынша Қамшыбек Қоңқабаев Токиода Қазақстан Олимпиада құрамасының ту ұстаушыларының бірі ретінде таңдалды.
– Токиодағы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында туды ұстап шығуды маған сеніп тапсырғаны үшін Қазақстан мен еліміздің спорт қоғамына алғыс білдіргім келеді. Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік және үлкен мәртебе. Біздің құрамадағы көптеген спортшылардікі сияқты Токио Олимпиадасы менің спорт мансабымдағы алғашқы Олимпиада ойындары болмақ. Біз бұл Олимпиаданы өте ұзақ күттік және оның өтетініне өте қуаныштымыз. Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындалуға мүмкіндік жасағаны үшін біз президентімізге, мемлекетімізге және де Ұлттық Олимпиадалық комитетіне зор алғысымызды білдіреміз. Ендігі кезек бізде!», – деп пікір білдірді Олимпиадалық құраманың Туын ұстаушы Қамшыбек Қоңқабаев.
Токио Олимпиадасына Қызылорда облысынан 3 спортшы жолдама алды. Олар:
1. ДӘУЛЕТ НИЯЗБЕКОВ – еркін күрестен ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері;
2. ҚАМШЫБЕК ҚОҢҚАБАЕВ – бокстан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері;
3. МӨЛДІР ЖАҢБЫРБАЙ – каратэ-додан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 3 дүркін Әлем, 3 дүркін Азия чемпионы.
Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 23 шілдеде Токио Олимпиада стадионында өтеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!