Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкинді World Boxing халықаралық федерациясының президенті болып сайлануымен құттықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президенттің құттықтауын 2025 жылы 23 қарашада Ақорда баспасөз қызметі жариялады:
«Бұл – Геннадий Головкиннің ерен еңбегіне берілген лайықты баға. Даңқты отандасымыз олимпиадалық спорт түрі бойынша халықаралық федерацияны басқаратын Қазақстанның алғашқы өкілі атанды».
Айта кетсек, Геннадий Головкин – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 2004 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, 2003 жылғы әлем чемпионы. Кәсіби рингте IBF (2015-2018, 2019-2023), IBO (2011-2018, 2019-2023) және WBA (2010-2018, 2022-2023) тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанған. Ол қатарынан 23 жекпе-жекте қарсыласын нокаутпен жеңіп, орта салмақ тарихында ең жоғары нокаут көрсеткіші үшін Гиннестің рекордтар кітабына енген.
2025 жылдың ақпан айында Халықаралық Олимпиадалық комитет World Boxing ұйымын уақытша мойындады. Бұл шешім ұйымға әлемдік деңгейде боксты басқару құқығын берді. Ал наурыз айында ХОК боксты 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасына ресми түрде енгізу туралы шешім қабылдады.
World Boxing – 2023 жылдың сәуір айында құрылған халықаралық бокс федерациясы. 2024 жылдың қыркүйегінде Геннадий Головкин WB ұйымының жаңа Олимпиадалық комиссиясының төрағасы болып тағайындалған еді. Оның негізгі міндеті – боксты Олимпиада бағдарламасында сақтау және World Boxing ұйымының Халықаралық Олимпиадалық комитет тарапынан ресми мойындалуына ықпал ету.
Бұған дейін халықаралық бокс федерациясы – World Boxing 2025 жылдың 23 қарашасында Рим қаласында өтетін Конгресс отырысында қазан айында түскен барлық өтінішті қарап, комиссия оң қорытынды берген үміткерлерді сайлауға қатысуға рұқсат еткен болатын.
Президент лауазымына жалғыз үміткер – Геннадий Головкин деп көрсетілген. World Boxing Жарғысына сәйкес, егер басшылық қызметке бір ғана үміткер ұсынылса, Конгресс оны баламасыз негізде, яғни бірауыздан мақұлдайды. Осылайша, бүгін Геннадий Головкинді World Boxing халықаралық федерациясының президенті болып сайланғаны белгілі болды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
