Бейсенбі, 26 желтоқсан, 19:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қазақ боксы: мерей үстем болған кез

10.11.2021

2416 0

Әлемде әуесқой бокс қарқынды дамып келе жатыр. Бұрындары құр­лық біріншіліктерінде немесе әлем чемпионаттарында негізінен Куба, Ресей, АҚШ, Қазақстан, Өзбекстан сынды елдердің боксшылары жүлделі орындардан басты үміткер саналушы еді. Олардың мықты қарсыластары жыл санап көбеюде. Мысалы, соңғы жылдардағы олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында мықтылардың көбі сүрінді. Есесіне Қытай, Украина, Моңғолия, Италия сияқты көрінбей жүрген мемлекеттердің былғары қолғап шеберлері ерледі. Бұл әуес­қой бокстағы бәсекелестік деңгейінің артқандығын көрсетсе керек. Мәселен  есте қалған Бакуде өткен әлем чемпионатын алайық. Ойламаған жер­ден бейресми жалпыкомандалық есеп­те Украина құрамасы топ жарып кет­кен еді. Қоржындарында төрт алтын. Қарсыласын оңдыртпай жеңетін кубалықтар сол кезде бар-жоғы екі ал­тынды қанағат етті. Ресейліктер бір ғана алтынмен шектелді. Ал Қазақстан  болса  тағы да алтынсыз қалды. Тағы да деуімізге себепте бар. 2008 жылы Миландағы әлем біріншілігінде де біздің жігіттер бас жүлде ала алмаған еді. Әрине, оның түрлі себебі бар. Бірақ сәтсіздікті боксшыларымыздың осалдығынан деп айыптамақ ойымыз жоқ.  Керісінше, қарсыластарымыздың мықтылығы дейік.

Даму үшін, ел абыройын көтеру үшін Қазақстан бокс федерациясы көп жұмыс жасап жатқанын айтқан жөн. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында әлем чемпионаттарынан біршама алтын бар. Лондон олимпиа­дасында, одан бері де де біраз топ жар­дық. Жеңіс тұғырынан көріндік. Бұл айтуға жеңіл болғанымен, оңай міндет емес. Бәрі ауыр еңбекпен келді.  Олай дейтініміз – олимпиадаға әр ел «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарын» қосады. Ал мықтылардың мықтысы атану үшін дене күші мен шеберлігі үйлесіп қана қоймай, боксшы психологиялық жағынан да мығым болуы тиіс. Өйтпесе төккен тер босқа кетуі мүмкін. Жалпы қазақ боксының алдында таяу келешекте тұрған басты міндет – тыңғылықты дайындалып, әрбір олимпиада да ел қор­жынын алтынмен толтыру, табысты өнер көрсету. Себебі бұған дейінгі кейбір әлем чемпионаттарында оңбай ұтылып, дымсыз қалған кездеріміз бар. Осыған дейінгі чемпионаттар біздің мықты жақтарымызды ғана емес, осал тұстарымызды да айқындап берді.

Ал енді елімізде жаттықтырушылар жақсарғалы Қазақстанда боксты да­мытуға жаңа көзқарас пайда болғанын айта кету керек. Бұған мына фактілер дәлел бола алады. Жасөспірімдер ара­сында әлем чемпионаты бұған дейін Қазақстанда да өтті.  Бұл турнирлер федерация үшін үлкен сынақ болды деуге болады. Бұны өз кезегінде бокс ұйымының біздің бокс әлеміндегі жетіс­тігімізді мойындауы деп бағалау керек. Ел ішінде Қазақстан бокс феде­рациясының кубогы үшін турнир ұйым­дастырылады. Оның мақсаты – бокстың өңірлерде қалай дамып жатқанын білу. Әрі әр жылдары елімізде бокс академиялары салынып, былғары қолғап шеберлерінің әлемдік деңгейде жоғары өнер көрсетуіне жағдай жасалып келеді.

Қазақ боксы: мерей үстем болған кез

Қазақ боксы жайлы сөз қозғағанда оның жеңілісін де, жеңісін де қоса ай­тарымыз анық. Бірақ қазір кемшіліктер көп сияқты. Неге дейсіз ғой? Айтайық. Басты себеп, чемпион болған дүлдүл­дердің ішкі біріншіліктерден қол үзуі. Мәселен, қазір әлі де болса әлем боксындағы негізгі фоворит боп табы­латын Кубаның өзінде үздіктер чемпионаттан босатылмайды екен. Қайта олардың былғары қолғап ше­берлері кімнің мықты екенін осы ішкі біріншілікте анықтап, құрамаға сол сәтте кімнің лайықты екенін шешіп алады. Мұның үстіне бұл елде жылда екі түрлі ұлттық чемпионат өтіп тұрады екен. Мықтылар солардың екеуінен де қалыс қалмайды. Тап осындай бағытты біз Ресейдің боксшылар сайысынан да көріп жүрміз. Оны осыдан үш жыл бұрын болған 2018 жылғы чемпионат көрсетіп берді. Тіпті көршілес Өзбекстанда да кімнің кезекті ірі жарысқа баруға тиіс екенін осы ішкі біріншілік айғақтап тұрды. Ал біздің құрама мүшелері арасында ел чемпионатына үзбей қаты­сып келе жатқан боксшы аз.

Біздіңше, осы фактілердің өзі көп нәрседен хабар береді. Әрі қай тұста олқылықтарымыз бар екенін аңғартады. Бұдан туатын тұжырым оншалықты көңіл қуанарлық емес. Сөз жоқ, біздің боксқа үлкен серпіліс керек. Маңыздысы, жақсы нәтиже көрсету.

Біздің көп жылдардан бері қазақ боксына қатысты байқап келе жатқан бір үрдісіміз құрама сапында Олимпиада, әлем және құрлық чемпионаттары, Азия ойындары секілді ірі халықаралық жарыстарда бас бәйге алған немесе жүлделі орындардан көрінген спортшы бірден ішкі чемпионаттан босатылады екен. Сонда бұл – оларға құрамадағы орын алдын ала белгіленіп қойылды деген сөз. Біз білетін, естіген ақпарат осындай. Тоқсан сөздің тобықтай түйіні алдағы уақытта осы мәселелерді түбегейлі шешу керек.

Енді жеңіс жолдарымыз бен жемісті жылдарымызға ойысайық.

Жалпы бокстан Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарына дербес мем­ле­кет ретінде 1996 жылдан, әлем чем­пионатына 1993 жылдан, Азия чем­пионаты мен Азия ойындарына 1994 жылдан бері тұрақты түрде қатысып, жүлде үшін жұдырықтасып келеді. Тәуелсіздік алған тұста ел мерейін үстем еткен Атланта Олимпиадасының чемпионы, екі дүркін әлем біріншілігінің қола жүлдегері, Азия чемпионы, «Вэл Баркер» кубогының иегері Василий Жиров, Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбыраймов пен Бекзат Саттарханов, Олимпия ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, әлем және Азия чемпионы Болат Жұмаділов, олимпиданың күмісін алған Мұхтархан Ділдабеков, «Вэл Баркер» ку­богының соңғы иегері Бахтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, «техникасы ең шебер боксшы» атанған Серік Сәпиевтердің жетістігін ауыз толтыра мақтанышпен айта аламыз. Бүгінде осы жеңісті жолды жалғастырушылар қатары жыл сайын толығып, әлемдік аренада беделіміз артып келеді. Оған мысал кешегі әлем чемпионаты.

Қазақ боксы: мерей үстем болған кез

Қазақстандық бес боксшы әлем чемпионатының жартылай финалына шықты. Олардың арасында Абылайхан Жүсіпов, Сәкен Бибосынов, Махмуд Сабырхан, Серік Теміржан және Теміртас Жүсіпов бар. Бокстан жартылай финалға алғашқылардың бірі болып Махмұд Сабырхан шықты. Ол ширек финалда бразилиялық Майкл Тринидадпен кездесіп, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетті. Қорытынды есеп – 5:0.

Көпшілік үміт күткен Абылайхан Жүсіпов пен Сәкен Бибосынов та сенімді ақтады. Ұлттық құрама капитаны ширек финалда монғолиялық боксшымен қолғап түйістіріп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Ал 51 келі салмақта сынға түскен Сәкен азулы қарсыласы колумбиялық Юбергуен Мартинезбен жұдырықтасып, келесі айналымға өтті. Сондай-ақ бұл жарыста бабы емес, бағы шаппаған отандастарымыз да болды. Осы ширек финалға дейін сүрінбей жеткен Асланбек Шымбергенов пен ағайынды Төлтаевтар және Нұрқанат Райыс пен Нұрбек Оралбай жарыс жолын аяқтады.

Осы жолы жартылай финалға өткен боксшылар саны бойынша Қазақстан, Ресей және Куба мемлекеттері көш бастап тұр. Үшеуінде де 5 боксшыдан қалды. Араға уақыт салып, ақтық сында келді. 48 келіде жұдырықтасқан Теміртас Жүсіпов финалда таиландтық Вуттичай Юрачайды 5:0 есебімен жеңді. Сондай-ақ ол қарсыласын үшін­ші раундта нокдаунға жіберіп, мықтылығын дәлелдеді. Жекпе-жек толығымен қазақстандық спортшы­ның басымдығымен өтті. Теміртас салқынқандылығынан танбай, таиланд­тық боксшыға артық соққы жұмсатпай, үш раундты да бір деммен өткізді. Ал Сәкен Бибосынов   51 келі салмақ дәрежесінде Белград  шаршы алаңына шықты. Әлем чемпионатының фина­лында қазақстандық боксшы  амери­калық Рискоу Хиллмен кездесті. Екеуара тартысты жекпе-жек 5:0 есе­бімен Сәкеннің пайдасына шешілді.

Ең соңғы 57 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионатының финалында Серік Теміржанов АҚШ өкілі Джамал Харвимен жарыстың алтынын сарапқа салды. Өкінішке қарай, финалдық кез­десу Харвидің еншісіне шешіліп, Серік Теміржанов әлем чемпионатының күміс жүлдесіне ие болды. Міне, осылайша, Қазақстан ерлер құрамасы бокстан 2021 жылғы әлем чемпионатын 2 алтын, 2 күміс және 1 қола жүлдемен аяқтады.

Жалпы тізбектей берсек, қазақ боксы туралы әлі талай дүниені қаузап, жазып, айта беруге болады. Осы жолда тер төккен ұландардың қазақ беделін көтеруі жайлы айтар сөз шынында аз емес.  Біздің тілге тиек етіп, ерекше атап өткеніміз қазақ боксының өткені мен бүгініне үңілу ғана еді. Біздің айтқанымыз қанша жылдық тарихы бар ел боксындағы жеңіліспен жетістіктің бір бөлігі ғана. Сондай-ақ қазақ боксының тарихи маңызды сәттері мұнымен шектеліп қалмай, алдағы уақытта бұдан да жоғары жетістікке жететініне еш күмәніміз жоқ. Сербиядағы жетістік те әлі талай ұланның топ жаруына септігін тигізері сөзсіз.

Ақтілек БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: