Алматы футболында жаңа қаһарман пайда болды. «Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама сыйлаған тарихи матчтың басты кейіпкері атанды. 21 жастағы қақпашыны неге жанкүйерлер қазірдің өзінде қазақ футболының жаңа жұлдызы деп атай бастады? Бұл туралы Alash.kz ұлттық порталы Vesti.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Шотландиялық «Селтикке» қарсы қарымта ойында Анарбеков өз шеберлігін толық көрсетті. Пенальти сериясында ол қатарынан үш соққыны қайтара білді. Нәтижесінде «Қайрат» 3:2 есебімен жеңіске жетіп, басты еурокубоктың топтық кезеңіне шықты (негізгі уақыт – 0:0).
Атыраудан «Қайраттың» негізгі құрамына дейін
2003 жылдың 14 қазанында Атырауда туған Темірлан алғашқы футбол қадамын сол қалада жасады. 2017 жылы «Қайрат» академиясына ауысып, 2022 жылы негізгі құрамға көтерілді. Ал 2024 жылы тәжірибе жинау үшін астаналық «Жеңісте» жалға ойнады.
«Селтикпен» кездесуде ол кездейсоқ алаңға шықты – алғашқы матчта негізгі қақпашы Александр Заруцкий жарақат алған болатын. Дегенмен, жас ойыншы бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, жанкүйерлердің жүрегін жаулап алды.
Маусымдағы жетістіктері
2025 жыл Темірлан үшін ерекше маусым болды. Барлық жарыстарда ол 11 ойында алаңға шығып, небәрі 7 гол жіберді және 7 матчта қақпасын «құрғақ» сақтады. Бірақ басты ерлігі – дәл «Селтикке» қарсы ойын.
Бір күнде жұлдызға айналған қақпашы
Матч алдында оның Instagram парақшасында бар болғаны екі мыңға жуық оқырман болса, ойыннан кейін бұл көрсеткіш 40 мыңға жуықтады. Енді Анарбеков тек «Қайраттың» ойыншысы ғана емес, клубтың тарихи жеңісінің символына айналды.
Болашағы жарқын қақпашы
Жасы 21-де болса да, Темірлан Анарбеков Қазақстан футболының тарихына есімін жазып үлгерді. Алда ұлттық құраманың 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу ойындары күтіп тұр. Жанкүйерлер жас қақпашының бұл деңгейде де өзін дәлелдей алатынына сенімді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!