Гонконг қаласында Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) Бас ассамблеясы аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл — әлемдік ат спорты саласының даму бағытын айқындайтын шешімдер қабылданатын жыл сайынғы жаһандық форум. Биыл Ассамблея жұмысына FEI-дің 132 мүше елінің ішінен 87 ұлттық федерацияның делегациялары қатысты. Қазақстан 1993 жылдан бері FEI мүшесі болып табылады және осы уақыт бойы Ассамблея жұмысына тұрақты түрде қатысып келеді.
Халықаралық ат спорты федерациясы (FEI) 1921 жылы құрылған және жүз жылдан астам уақыт бойы ат спортына арналған халықаралық ережелер мен жарыстар жүйесін қалыптастырып келеді. Ассамблеяның алғашқы күндерінде Қазақстан делегациясы конкур мен атпен мәнерлеп жүру ережелеріне өзгерістер енгізу, Олимпиада ойындарына және 2026 жылы Аахен қаласында өтетін FEI Әлем чемпионатына іріктеу форматы сияқты мәселелерді талқылауға қатысты.
Сондай-ақ спортшылардың қауіпсіздігі мен жылқылардың әл-ауқаты, цифрлық ветеринариялық паспортты енгізу және ашықтық пен кәсібилікке бағытталған FEI-дің жаңа басқару үлгісі қаралды. 12 жыл бойы ұйымды басқарған FEI президенті Ингмар де Вос өкілеттігін аяқтап, Халықаралық олимпиадалық комитеттегі жаңа қызметке ауысады.
6–7 қарашада пленарлық отырыстар мен дауыс берулер өтті. Қазақстан 2026 жылы FEI аясында үш халықаралық жарыс өткізу құқығын алды: Дүниежүзілік кубок кезеңі, FEI World Cup Challenge финалы және Еуразиялық лига финалы. Бұл қазақстандық спортшыларға алғаш рет халықаралық рейтингтік ұпайларды өз елінде жинауға мүмкіндік береді, шетелдік жарыстарға қатысу шығындарын азайтады және тұрақты халықаралық жарыс тәжірибесін қамтамасыз етеді.
Дүниежүзілік кубок кезеңін, FEI World Cup Challenge финалын және 2026 жылы Аахендегі FEI Әлем чемпионатына іріктеу турнирін өткізу құқығы — Қазақстанда ат спортының жүйелі дамуына жасалған маңызды қадам. Енді біздің спортшылар елден шықпай-ақ халықаралық рейтингтік ұпай жинай алады. Жас шабандоздар үшін FEI World Cup Challenge әлемдік финалына қатысу мүмкіндігі ашылады. Басты мақсатымыз — жарыстарды жоғары деңгейде ұйымдастырып, осы мүмкіндікті спортшыларды дайындау үшін барынша тиімді пайдалану, – деді Қазақстан ат спорты федерациясы президентінің кеңесшісі Сергей Буйкевич.
Ассамблея барысында FEI президенті Ингмар де Вос Қазақстанда жарыстар өткізу федерацияның халықаралық турнирлер географиясын кеңейту және жаңа елдерді жаһандық спорттық күнтізбеге тарту мақсаттарына сәйкес келетінін атап өтті, осылайша бұл бастаманы қолдайтынын білдірді.
Қазақстан Ассамблея барысында жаттықтырушыларды даярлау және спортшыларды оқыту жүйесін жетілдіру бойынша жобаларды таныстырды. FEI және Olympic Solidarity Coaching System бағдарламасын енгізу және спортшыларды халықаралық деңгейде сертификаттау жөніндегі пилоттық жобаны қолдады.
Ассамблея жұмысы Longines FEI Awards халықаралық марапаттау рәсімімен аяқталды. Шара барысында жыл қорытындысы шығарылып, спортшылардың, жаттықтырушылардың, ат күтушілердің (groom) және жарыс ұйымдастырушыларының жетістіктері атап өтілді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
