Сенбі, 04 қазан, 00:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№74, 2186
30.09.2025
PDF мұрағаты

Қазақстан кубогы финалы: Ордабасы шешуші ойынға дайын

03.10.2025

39 0

Ертең болатын Қазақстан кубогының финалы ел футбол жанкүйерлерінің ерекше назарында. Шешуші кездесуде Шымкенттің «Ордабасысы» мен Қостанайдың «Тобылы» жасыл алаңда күш сынасады. Осы ойын алдындағы баспасөз мәслихатында «Ордабасы» клубының бас бапкері Андрей Мартин мен команда ойыншысы Эльхан Астанов журналистер алдында сөз сөйлеп, алдағы бәсеке жайлы ой-пікірлерін білдірді.

– Финалда ойнау – кез келген команда үшін үлкен мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Біз бұл сәтке бір күнде жеткен жоқпыз, оның артында маусым бойғы еңбек, дайындық, талпыныс жатыр. Әр матч біз үшін сабақ болды, әр жеңіс – сенімімізді арттырды, ал қиындықтар – бізді шыңдады. «Тобыл» – Қазақстан футболында өзін талай жылдан бері дәлелдеген команда. Олардың ойыны жинақы, тәжірибесі мол. Қарсыласымызды бағалаймыз, бірақ қорқамыз деу қате болар. Біз олардың күші мен мүмкіндігін жақсы білеміз, соған сай дайындалдық. Бұл аптада тактикалық жаттығуларды күшейтіп, ойыншылардың физикалық жағдайына да, психологиялық тұрақтылығына да ерекше көңіл бөлдік. Менің басты талабым – алаңға шыққан әр футболшы соңғы секундқа дейін күресуі керек. Финалда ешкімге жеңіл болмайды, мұнда тек жігер, намыс пен тәртіп жеңеді. Біз жанкүйерлерімізге қуаныш сыйлауды мақсат етеміз. Олар бізді әрқашан қолдап келеді, сол сенім – біздің басты күшіміз. Біз олардың үмітін ақтауға тырысамыз,-деді бас бапкер Андрей Мартин.

– Кубоктың финалына шығу – мен үшін де, командам үшін де ерекше сәт. Әр футболшы мұндай үлкен ойындарды армандайды, ал бүгін біз сол арманның шындыққа айналғанын көріп отырмыз. Бұл матч біз үшін тек спорттық бәсеке ғана емес, жанкүйерлер алдындағы жауапкершілік, өзімізді дәлелдеудің мүмкіндігі. Тобылдың деңгейі баршаға белгілі. Олар тәжірибелі, әр позициясында шебер ойыншылар ойнайды. Сондықтан бізге қателікке жол жоқ. Біз алаңға шыққан сәттен бастап жоғары қарқын ұстап, әр мүмкіндікті тиімді пайдалануға тырысамыз. Ойын барысында қиындықтар болуы мүмкін, бірақ біз бірлікпен, ұйымшылдықпен кез келген бөгетті еңсереміз деп сенемін. Жанкүйерлерге айтар алғысым ерекше. Бізге әрқашан қолдау көрсетіп, сенім артатын халықтың артында тұрғанын сезіну – үлкен мотивация. Біз үшін олар тек жанкүйер емес, бүкіл команданың бір бөлігі. Сол қолдауға жауап ретінде бар күшімізді саламыз. Финалдағы басты мақсатымыз – әділ, әдемі футбол ойнап, соңына дейін намыспен күресу. Нәтиже қандай болса да, біз алаңнан басымызды тік көтеріп шығуға дайынбыз. Бірақ бәріміздің жүрегімізде – жеңіске деген сенім мен арман ғана,-деді ойыншы Эльхан Астанов.

Өңірлік Коммуникациялар Қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: