Лимада (Перу) дзюдодан жастар арасында әлем чемпионаты өтіп жатыр. Байрақты бәсекеде 57 келіде ел намысын қорғаған Дана Әбдірова күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Отандасымыз алғашқы айналымда Халықаралық дзюдо федерациясының атынан сынға түскен (IJF) Эльвира Гурьевадан айласын асырды. 1/8 финалда Польша елінің өкілі Коралина Сиенниканы жарыс жолынан шығарды. Ширек финалда жапондық Уено Асуканы, жартылай финалда Андраде Жованы тізек бүктірді.
Ақтық сында тағы бір жапон қызы Мио Ширакамен алтын жүлдені сарапқа салды. Алайда отандысымыз Мио Ширакаға есе жіберіп, күміс жүлдені місе тұтты. Осылайша ел қоржынына алғашқы жүлде түсті.
Айта кетейік, дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатына 65 елден 463 жас татами шеберлері өз ара мықтыны анықтауда. Айтулы дода 7 қазанға дейін жалғасады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!