Сейсенбі, 24 желтоқсан, 01:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Қойларымды футболистерге теңейтінмін». Амангелді Сейітхановтың ұлы спорт комментаторы болады

25.07.2024

569 0

Биылғы Париж Олимпиадасында қазақ спортшыларының ойындарына атақты спорт журналисі Амангелді Сейтхановтың ұлы комментатор болады,- деп хабарлайды khabar.kz телеарнасы.

19 жастағы Бекасыл Сейтхан әкесі қайтыс болғаннан кейін оның ізін жалғай бастапты. Қазір ол елдегі спорт телеарналарының бірінде жұмыс істейді. Қазақстанның ішіндегі талай байрақты бәсекелерден ақпарат таратқан жас маман биыл алғаш рет Олимпиада ойындарын көрерменге жеткізбек.

«Әке көрген – оқ жонар» деген осы болар. Бірнеше жыл бұрын әкесінің жүргізген ойындарын көгілдір экраннан тамашалап жүрген кішкентай Бекасыл қазір өзі де қолына микрофон алып, асқар тауының ізін қуып келеді. Айтуынша бұл өнерге бала кезінен құмартқан.


«Ат тізгінін тартып, бәйге шапқан баламыз ғой. Бала кезде дәл сол шауып бара жатқан бәйгемді комментатор ретінде өзім жүргізіп отыратынмын. Малдың артында да өстік. Қойларымды да футболистерге теңеп, «Марадона кетіп бара жатыр» деп, сондай бір ойын-сауық құраған кездеріміз де болды енді. Меніңше соның барлығы іргетасты қалап берді», – дейді Бекасыл Сейтхан

Алайда бұл қызығушылығын ол әкесіне байқата қоймапты. Сол себепті де Амангелді ағамыз үйінде өзін өкшелей болашақ комментатор өсіп келе жатқанын мүлдем білмеген. «Ал қазір Бекасыл – айнымаған әкесі»,— дейді әріптес ағалары.


«Тектіден текті туады деп қазақ бекер айтпаса керек. Мен осы Әбекеңнің бойындағы асыл қасиеттердің көбі баласы Бекасылға дарығанын байқадым. Ол кісінің тапқырлығы, шешендігі, барлық керемет қасиеттері Бекасылдың бойынан көрінеді. Бекасыл да әкесі сияқты жалпы қазаққа танымал мықты комментатор болады дегенге сенімдімін. Өйткені ынтасы бар, талпынысы бар. Әкемнің жолын жалғастырсам деген өзінің ниеті бар. Енді жас комментатор болғаннан кейін көгілдір экраннан көріп отырған көрермендер де түсіністікпен қарайды деген ойдамыз»,- дейді спорт журналисі Жандос Айтбайұлы

Бұған дейін Бекасыл спорт телеарнасында жұмыс істеп, 1,5 жыл ішінде 100-ден астам эфир жүргізген. Алайда үлкен спорт мерекесінің алдында қобалжу бар екенін жасырмайды. Дегенмен «Олимпиада ойындарының көрсетіліміне қатысып, тізгін ұстау да бір бақыт»,— дейді ол.


«Олимпиада алдындағы сезім керемет. Себебі алғашқы үлкен додам жүргізетін бұйырса. Дәл осы Олимпиаданың алдында іріктеу ойындарының барлығын мен жүргіздім. Спортшыларды өте жақсы танимын, олардың қалай өнер көрсеткенін. Енді міне, Олимпиадада сәл сондай қарқынмен жүргіземіз», – дейді Бекасыл Сейтхан

«Хабар» агенттігі Франция астанасы Парижде өтетін Олимпиада ойындарында комментаторлық қызмет атқаратын тілшілердің есімдерін атады. Бұл тізімде Жандос Айтбайұлы, Асхат Жақаев, Айбек Қабылша секілді тәжірибесі толысқан тілшілермен қатар жас Бекасыл Сейітхан да табылды. Бекасыл Сейітхан – белгілі комментатор, білікті журналист Амангелді Сейітханның ұлы.

Айта кетейік, Париждегі байрақты бәсекені биыл алғаш рет еліміздің бес бірдей телеарнасы – «Qazaqstan», «Qazsport», «Хабар», «Ел арна» және «Jibek Joly» тікелей эфирде көрсетеді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: