Сыр елінің ғана емес, тұтас Қазақтың мақтанышы, кәсіпқой боксшы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, аса ауыр салмақтағы Ұлттық құрама боксшысы Қамшыбек Қоңқабаев спорттағы мансабын аяқтады. Бұл жөнінде Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов мәлімдеді.
Танымал боксшы Қамшыбек Қоңқабаев бокспен 2006 жылдан бастап шұғылданған. Үлкен спортқа қадам басқан алғашқы күнінен әлемдік ареналардың шаршы алаңдарында талай мықтымен қолғап түйістіріп, ел атын төрткүл дүниеге паш етті. Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Азия чемпионатының үш дүркін күміс жүлдегері, ҚР спартакиадасының чемпионы, бокстан әуесқойлар арасында ұлттық біріншіліктің чемпионы атанды. 2024 жылы Парижде өткен ХХХІІІ Жазғы Олимпиадасында өнер көрсетті. Қамшыбек Бейсенбайұлының спорттағы жоғары жетістіктері артынан ерген жас спортшыларға әрдайым үлгі болары анық. Спорттағы мансабы аяқталғанымен, болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге өз үлесін қоса береді деп сенеміз. Туған жеріне қызмет етуге ниет білдірсе, қуанышпен қабылдауға дайынбыз!Құрметті Қамшыбек Бейсенбайұлы, сіз туымызды жеңіс тұғырына көтерген әрбір мерейлі сәтте сізбен бірге ұлтымыздың рухы, еліміздің мәртебесі көтерілген. Сіздің спорттағы жолыңыз бен теңдессіз жетістіктеріңіз біз үшін қашан да қымбат. Біз сізбен мақтанамыз! Алдағы жоспарларыңызға сәттілік тілейміз!
@Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!