18-20 сәуір аралығында Қызылордада Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен ересектер арасындағы халықаралық турнир өтеді. Белді бәсекеге ел балуандарымен қатар, өзге елдерден 300-ге жуық спортшы қатысады деп жоспарлануда. Жарыстың өту барысы туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық дене шынықтыру-спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Артаев айтты.
–Бұл турнир – жай ғана жарыс емес. Бұл – Тәйімбет Көмекбаев сынды ержүрек батырдың ерлігін, оның отансүйгіштік рухын, ел қорғаудағы жанқиярлық еңбегін жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында өткізіліп отырған тағылымды шара. Батыр атамыздың есімін жаңғыртып, ұрпақ жадында сақтау – біздің парызымыз. Аталған турнирге 11 мемлекеттің, атап айтқанда Бразилия, Қытай, Беларусь, Ресей, Қарақалпақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия елдерінің және Қазақстанның барлық облыстары мен қалаларынан 300-ге жуық спортшы қатысып, 10 салмақ дәрежесінде өзара бақ сынайтын болады. Бұл – турнирдің ауқымы мен беделін айқындайды. Бұл жарыс – ел ішіндегі ғана емес, халықаралық деңгейде де достықты, ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Спорт – бейбітшіліктің, бірліктің, өзара түсіністіктің көрінісі. Сондықтан мұндай турнирлердің маңызы ерекше. Біз үшін мұндай халықаралық іс-шараларды өткізу – облысымыздың спорттық әлеуетін көтеріп қана қоймай, жас жеткіншектердің спортқа деген қызығушылығын арттыратын маңызды бастама,-деді Бақтияр Ғарифоллаұлы.
Сондай-ақ, баспасөз конференциясына ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасов ой-пікірін ортаға салды.
Сыр өңірі қашанда балуандардың бесігі болған, жастайынан күреске бейімделген, білекті де жүректі ұлдарымен аты шыққан қасиетті топырақ. Бұл өлкеден шыққан талай балуан ел намысын абыроймен қорғап, байрақты бәсекелерде көк туымызды көкте желбіретті. Турнирге 10 салмақ дәрежесі бойынша мықты балуандар қатысқалы отыр. Бұл – халықаралық деңгейде ұйымдастырылған жоғары дәрежелі жарыс. Біз үшін ең басты мақсат – спортшыларға әділ, таза бәсекеге мүмкіндік жасау, әрі ел спортының беделін көтеру. Осы байрақты бәсекенің жоғары деңгейде өтуіне атсалысып жатқан барша ұйымдастырушыларға, төрешілер алқасына, бапкерлерге және демеушілерімізге ерекше алғысымды білдіремін. Бұл турнир халықаралық дәрежеде жылда жалғасын табатын болады,-деді Дәурен Еркінұлы.
Грек-рим стиліндегі қырғыз балуаны, екі дүркін әлем чемпионы, үш дүркін Азия чемпионы, 2020 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, 2024 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Қырғызстанның екі дүркін чемпионы Ақжол Махмудов аталған турнирдің жоғары деңгейде өтетініне сенім білдіретінін жеткізді.
– Бізді осы жарысқа шақырып, сый-құрмет жасап жатқандарыңызға алғысымды білдіремін. Қазақ елінде грек-рим күресінен көптеген жарыстар жоғары дәрежеде өткізіледі. Менің өзіме де бұл жарысқа қатысқым келді. Бірақ белгілі себептерге байланысты қонақ ретінде келіп отырмын. Келесі жылғы жарыстарға міндетті түрде қатысамын деп ойлаймын. Қазақстандағы спорт деңгейінің жылдан жылға жоғарылап келе жатқанына өте қуаныштымын. Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін,- деді Ақжол Махамаджанұлы.
Грек-римнен Әлем чемпионатының 2 дүркін қола жүлдегері, Азия чемпионы Айдос Сұлтанғали да өз ойымен бөлісті.
– Бұл турнир жыл сайын дәстүрлі түрде өте жоғары деңгейде өткізіліп келеді. Ертең де солай боларына сенеміз. Ең бастысы сайыстан жарақатсыз, іліксіз шығу. Қатысушылардың бәрі іріктелген, мықты палуандар. Осал қарсылас жоқ. Шын мықты жеңіске жетсін,- деді Айдос Сұлтанғали.
Фото: Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!