2025 жылғы 21–23 қараша аралығында Алматы қаласында«Wppl» және «IPL» халықаралық федерацияларының ұйымдастыруымен Пауэрлифтинг спортынан «GRAND PRIX WORLD CUP» әлем чемпионаты өтті.

Аталған додаға әлемнің түрлі елдерінен келген ең мықты спортшылар қатысып, өзара жоғары деңгейде бақ сынасты.
Осы беделді жарыста облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Ақпараттық-талдау орталығының» қызметкері Бейбіт Өтеген ерекше нәтижеге қол жеткізіп, абсолютті чемпион атанды.
Бейбіт Өтеген 25–35 жас аралығындағы ерлер арасында, 75 кг салмақ дәрежесінде, штанганы классикалық әдіспен бицепске көтеруден 100 кг салмақты бағындырып, қарсыластарынан оза шығып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Жеңістен кейін әлем чемпионын облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов арнайы қабылдап, оның халықаралық аренадағы зор жетістігін атап өтіп, жүрекжарды құттықтауын жеткізді.
Басқарма басшысы Бейбіт Өтегеннің жеңісі өңір жастарына үлгі болып, бұқаралық спортты дамытуға серпін беретінін ерекше атап өтті.
Бұл жеңіс – спортшының табандылығы мен еңбегінің нәтижесі ғана емес, өңір намысын әлемдік деңгейде лайықты қорғаудың жарқын көрінісі.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!