Сенбі, 21 желтоқсан, 21:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Сиқыршы

09.07.2022

796 0

Футбол тарихында «Сиқыршы» деген атаумен танымал аяқ допшыны білмейтін адам кемде-кем. Тіпті футбол жанкүйері болған әр адамның тым құрығанда оның есімін бір естімеуі мүмкін емес. Біздің айтпағымыз, кезінде католониялық «Барселона» клубының жарық жұлдызы болған бразилиялық – «сиқыршы» Роналдиньо.

Ол 1980 жылы 21 наурызда Порту-Алегри қаласының Фиу-Гранди-ду-Сул штатында дүниеге келеді. Анасы Дон Мигуэлина саудагер болып жұмыс жасаған. Ал әкесі Жуан да Силва Морейра «Гремио» футбол клубының тұрағында қарауыл болып қызмет атқарған. Әкесі жергілікті жанкүйерлерден құрылған «Крузейро» командасының са­пында ойнайды. Яғни Роналдиньоның футболға деген қызығушылығын оятып, бағыт-бағдар берген әкесі болатын.

Ол бір естелігінде, бала күнінде күндіз-түні үй көрмей, көшеде доп тепкенін айтады. Қара бала, футбол десе, ішер асын жерге қоятын жанкүйерлердің бәрін өзінің ойнау мәнеріне тәнті еткен. Үлкен футболға аяқ баспас бұрын, шағын футболдың добын теуіп жүрген Роналдиньо, небәрі 13 жасында «Белу-Оризонти» клубының сапында жер­гілікті командаға қарсы ойында 23 гол соғады. Көргендер осынау талантты баланың шеберлігіне таңданыспен қарап, көптеген жаттықтырушы ме­нед­жерлер оны үлкен футболға қосқысы келеді. Осылайша, өзін шыңдап өскен ол 1995 жылы «Гримионың» жасөспірімдер клу­бына қабылданып, 1997 жылы клубпен алғашқы келісімшартына отырады. Бұл оның футбол әлеміне жасаған алғашқы қадамы еді. Бірақ ол кезде оны әлем жұртшылығы таны­майтын. 2000 жылы үздік өнер көрсетіп, Бразилиядағы «күміс доптың» иегері атанады. Әр ойын сайын гол соғып, әдемі финт­тері­мен жар­қырап жүрген аяқ допшыға осы кезден бастап еуропалық грандтар қызыға бас­тайды. 2001 жылдың ақпан айында Францияның «Пари Сен-Жермен» клубынан ұсыныс түседі. Өзін одан әрі шыңдауға құмар жігіт келісім береді. Франциялық клубтың сапында өзге қырларын көрсеткен ойыншы испандық клубтардың көзіне оттай басылады. Әрі 2002 жылы Жапонияда өткен әлем чемпионатында Бразилия қарсылас шақ келтірмей жеңімпаз атанды. Сол жылы ұлттық құрама сапында чемпион болады. Әрі әлем чемпионатының символдық құрамасына кіреді. Осыдан кейін, ойыншы өз еркімен 2003 жылы жазғы трансферлік терезеде аты әлемге әйгілі «Барселона» клубына ауысады. Бұл айтулы тарихи кезең еді.

Хош. Католондық клуб сапында жұл­дызы жарқырай түскен ол айналдырған 3-4 жылда бүкіл футбол жанкүйерлерінің жүрегін жаулаған ойыншыға айналады. Жаттығу алаңына бірінші барып, соңынан қайтатын еңбекқор ойыншы өзінің шебер ойыны арқылы үздік екенін мойындатады.Түрлі дриблинг пен финттерін көрген жанкүйерлер оны ауызының суы құрып тұрып айтатын болған. Осыдан кейін Роналдиньо «Си­қыршы» атанып кетеді. 2004 жылы Испа­ния чемпионатының үздік ойыншысы атанып, сол жылы ЕФЕ трофейін (Испания чемпионатындағы үздік оңтүстік америкалық ойыншы) жеңіп алады. 2004-2005 жыл­­дары ФИФА-ның жыл ойын­шы­сы және екі мәрте УЕФА-ның үздік шаб­уыл­шысы атағы бері­леді. Сол жылы әлем­нің ең үздік ойын­шысына беретін «Алтын доптың» иегері ата­нады. Ол 2005 және 2006 жылдары Испания чемпионы, сол екі жыл­да Испания супер кубогінің де иегері болады. 2006 жылы Еуропаның ең маңызды турнирі саналатын Чемпиондар лигасында бағы үстем болып жеңімпаз болады. Осы жылдары World Soccer версиясы бойынша жыл ойыншысы, УЕФА-ның клубтық ойыншы дәрежесі беріледі. Карьерасындағы сәтті кезеңдер де Комп Ноудағы стадионында өткен осы жылдар болатын. «Барселонада» маңызды голдар соғып, ұтымды ұтқыр пастар шығарады. Бразилиялық шабуылшы ешкімнің ойына кіріп шықпайтын алаңдағы әрекеттерімен ерекше есте қалып, клуб тарихында өзін­дік қолтаңбасын қалдырады.

 Роналдиньо 2008 жылы шілдеде испандық клубпен келісімшарт уақыты бітіп, италиялық «Миланның» су жаңа ойыншысы атанады. 2011 жылы Италия чемпионы болады. Бірақ «Милан» сапында жұлдызды сәттері сөне бастайды. Себебі, ол кезде ойыншының жасы отызға таяған болатын. Көбіне қосалқы құраммен шығып, маңызды ойындарда бой көрсетпейді. Өзінің мансабындағы құлдырау кезеңін бастан өткеріп жатқанын сезген ол 2011 жылы өз Отаны Бразилияға оралып, еліндегі «Фламенго», «Атлетико Минейро», «Флумененсе» секілді белді клубтарда доп тебеді. Біршама үзілістен кейін, ойыншы биыл қаңтарда үлкен спортпен қош айтысты. Айта кетейік, Роналдиньо 1999-2013 жыл­дар аралығында ұлттық құрама сапына шақырылып, 97 ойында 33 рет мергендігімен көзге түскен.

Қазір футбол жанкүйерлері арген­тиналық Месси мен португалдық Роналдуды жиі салыстырады. Тіпті қос ойыншының жан­күйерлері бір-бірін жек көргені сонша жанжалдасып та жатады. Алайда бұндай дүние «Сиқыршының» басынан өтпеген. Өйткені футболсүйер қауымның барлығы оны ойыны мен жұмсақ мінезі үшін ерекше жақсы көрген. Әрі ол үнемі күліп жүретін, көңілді шабуылшы болған.

Міне, бұл – кезінде әлем жұртшы­лығының жүрегін жаулаған Рональдино­ның футбол­дағы дара жолы. Бұл ұлы ойыншы тек қазақ балаларының ғана емес, әлемнің көптеген жас футболшыларының кумирі екені талассыз. Бұның барлығы жас буынның осындай ұлы футбол­шылардың өмір жолынан мотивация алып, келешекте қазақтан да талантты ойын­шылар шы­ғатын болар деген сенімнен туған дүние еді.

Ақтілек БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: