Бұқаралық спортты дамыту – әлі де көкейтесті мәселенің бірі. Халық үшін саламатты өмір сүруге, спортпен айналысуға қолайлы жағдай жасау үшін қала-ауылдарда спорт алаңдарын көбейту жұмысы бүгін басталған жоқ. Жүйелі жұмыс жүргізіліп жатса да айтарлықтай мәселе бар екені белгілі. Жуырда Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында бұқаралық спортты дамыту және саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері қаралды.
Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов республикада жыл сайын 1,2 млн адамды, оның ішінде ауылдың 500 мың тұрғынын қамтитын түрлі деңгейдегі 25 мыңнан астам бұқаралық спорттық іс-шара өткізілетінін хабарлады. Соңғы жылдары марафондар, велошерулер, отбасылық жарыстар, бұқаралық коньки тебу, тағы басқа іс-шаралардың танымалдығы артып келеді. Бүгінде елімізде дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын адамдардардың саны 38%-дан асады.
Сонымен қатар елімізде 800-ден астам балалар мен жасөспірімдер клубы жұмыс істейді. Өткен оқу жылында қосымша білім беру бағдарламасы бойынша мектептерде 1,3 млн-ға жуық баланы қамтыған 49 мыңнан астам спорт үйірмесі ашылды. Сондай-ақ мемлекеттік спорт тапсырысы шеңберінде биыл 190 мыңнан астам бала спорт үйірмелерімен қамтылған.
Министр Қазақстанда 43 мыңға жуық спорт нысаны бар екенін, оның 23 мыңнан астамы ауылдық жерлерде орналасқанын айтты. Биыл 113 жаңа спорт нысанын салу, сондай-ақ 20 нысанды күрделі жөндеу және қолданыстағы 6 спорт нысанын қайта жарақтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қызмет көрсетіп тұрған мекемелерді түгендеу жұмыстары атқарылып, жөндеу істеріне және тиісті құрал-жабдықтарға қажеттілік анықталып отыр.
Үкімет басшысы спорт пен белсенді өмір салты ұлт денсаулығының кепілі ғана емес, сонымен қатар әр адамның таланты мен қабілетін ашатынын атап өтті. Бұл әсіресе, жас ұрпақты тәрбиелеу үшін өте маңызды.
Осыған байланысты ол халықтың бәріне бірдей қолжетімді болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ бұқаралық және тұрақты спорттық іс-шараларды ұйымдастыру арқылы азаматтарды спортпен шұғылдануға міндетті түрде тарту қажеттігін айтты.
– Елімізде жақсы дәстүрге айналған әртүрлі жастағы адамдарға арналған бұқаралық марафондар мен жарыстар туралы бәрі біледі. Соңғы жылдары барлық жерде спорт алаңдары мен басқа да ірі нысандар салынуда. Біз спортпен шұғылданатын адамдардың саны күннен күнге артып келе жатқанын көріп отырмыз. Үйлердің аулаларында, скверлерде және саябақтарда орнатылған тренажерларды ешкімге қажет емес деп санаған скептиктер де аз болған жоқ, – деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар бұқаралық спортты дамыту бойынша түрлі бағдарламалар мен жобаларға қарамастан көптеген жүйелі мәселелер шешімін таппағанын атап өтті. Мәселен, ақпараттық кеңістікті мониторингтеу нәтижесінде шілде айының өзінде ғана осы саладағы проблемаларға қатысты халықтан көп шағым түсетіні анықталды.
– Бізде спорт залдары жоқ мектептер тек шағын ауылдарда ғана емес, сонымен қатар ірі қалаларда әлі де көп. Дене шынықтыру мұғалімдері мен кәсіби жаттықтырушылар жетіспейді», – деді Премьер-Министр.
– Спортты дамыту және саламатты өмір салтын насихаттау бағытында біз ауқымды жұмыстар жүргізіп келеміз, алайда, кейбір мәселелер бойынша бір орында тұрып қалдық. Өкінішке қарай, бізде дене шынықтыру мен спортты басқарудың тиімді біртұтас жүйесі жоқ. Бұл мәселе, әсіресе жергілікті жерлерде өте өзекті. Спорт, саламатты өмір салтын насихаттаумен айналысатын мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың қызметін үйлестіру жұмыстарында кемшілік көп, – деп атап өтті Премьер-Министр.
Осыған орай Үкімет дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Оның аясында 2030 жылға қарай халықтың 50%-ын дене шынықтыруға және спортпен шұғылдануға тарту міндеті тұр. Осыған байланысты Әлихан Смайылов салалық министрлік пен әкімдіктерге осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар Премьер-Министр жұмыс істеп тұрған спорт нысандарының инвентаризациясын аяқтап, олардың қажеттіліктерін айқындаудың маңыздылығын атап өтті.
– Біз әрі қарай жұмыс істеуге қай нысанның мүмкіндігі бар екенін, қайсысы күрделі жөндеуді қажет ететінін, қанша спорттық құрал-жабдықтар қажет екенін нақты білуіміз керек», – деді ол.
Үкімет басшысы сондай-ақ өңірлерде саябақтарды, көшелерді, жағалаулар мен тұрғын үй аулаларын тренажерлармен, спорт алаңдарымен жабдықтауға ерекше назар аударуды талап етті.
Сөз соңында Әлихан Смайылов Мәдениет және спорт, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктері әлемдік тәжірибені ескере отырып, дене шынықтыру жаттықтырушылары мен мұғалімдерін даярлау жүйесін қайта қарауды тапсырды.
Өңірде бұқаралық спортты дамыту – басты назарда
Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Премьер-министр берген тапсырмаларды пысықтау мақсатында жиын өткізді
Аймақ басшысы өңірде бұқаралық спортты дамытуға айрықша көңіл бөлінгенін айтты.
– Саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткен 7 айда 719 іс-шара өтіп, оларға 176 326 адам қатысты. Жыл сайын «Президенттік тестілеу» айлығын тапсыру дәстүрге айналған. Тиісінше «Президенттік», «Ұлттық» және «Бастапқы» деңгейді орындаған қатысушыларға төсбелгі мен куәлік табысталды. Биыл «Жазғы президенттік сынама айлығына», 100-ге жуық норматив қабылдау шарасына 199 747 адам қатысса, оның 797-сі «Президенттік» деңгей, 3310 адам «Ұлттық» және 4804 адам «Бастапқы» деңгей нормативін қорғады. Сол жағалаудан заманауи талаптарға сай 7000 орындық стадион бой көтерсе, Үкімет басшысының қолдауымен құны 7 млрд теңге болатын әмбебап спорт сарайын салу мәселесі шешім тапты. Мұнан бөлек, елді мекендерде 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешені жыл көлемінде тапсырылады, – деді облыс әкімі.
Осы бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жетілдіру үшін облыстық мәдениет және спорт басқармасына Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, елді мекендерде салынатын спорт алаңдарында кешенді спорттық шараларды жыл бойы ұйымдастыру жүктелді. Аймақ басшысы «Президенттік сынама» айлығын өткізуді жандандыру, республикалық «Денсаулық фестивалі» аясында көпшілік шараларды ұйымдастыру және мүгедектігі бар азаматтарды спортқа бейімдеу жұмыстарының деңгейін арттыру қажеттігін де атап өтті. Облыстық білім басқармасы жалпы білім беретін мектептер жанынан балалар мен жасөспірімдерге дене дайындығы клубтарын ашу туралы ұсыныс әзірлеуі тиіс. Сабақтан тыс уақытта мектептердің спорт залдарында тұрғындар спортпен тұрақты шұғылдануы үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Қалалықтар спортқа жақын
«Қызылорда қаласының мәдениет және спорт бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мәліметі бойынша 2022 жылы бұқаралық спортпен шұғылданушылар саны 127838 адамға жетіп, 36,6%-ды құрады, 2023 жылға 38 %-ға жеткізуге меже қойылды.
2023 жылға арналған «Бұқаралық спортты дамыту» қызметі бойынша ашық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу процестері жүргізіліп, жыл көлемінде қызмет көрсету үшін (49985 теңге) келісім шарт жасалды. Биыл жергілікті бюджеттен қосымша 19 млн теңге қаражат қаралып, спорт нұсқаушыларының ең төменгі жалақысы мемлекет басшысы 1 желтоқсанда қол қойған «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңда көрсетілген ең төменгі жалақы 70 мың теңгені құрады.
2023 жылы Қызылорда қаласының тұрғындарын бұқаралық спортқа тарту мақсатында «KEMEL SPORT» спорт клубы жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында, сауықтыру дене шынықтыру жұмыстарын жүргізеді. Аталған қоғамдық бірлестікте спорттың 8 түрінен (футбол, волейбол, баскетбол, жекпе-жек, үстел теннисі, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, шахмат) 49 нұсқаушы жұмыс жасауда. Әр нұсқаушыда 180 тұрғыннан барлығы 8820 адам аптасына 24 академиялық сағат бойынша бұқаралық спортпен шұғылдануда.
Сонымен қатар 2023 жылға 10560 мың теңге бөлініп халықтың әлеуметтік әлсіз тобы қатарындағы қала тұрғындарын қолдау мақсатында әр ай сайын аз қамтылған, көпбалалы отбасындағы балаларға және қала жастарын қолжетімді спорт инфрақұрылымымен қамту бойынша қаражат бөлініп «Евразия» спорт кешеніне (жүзу бассейні) және «Мұз айдыны» (мұзға сырғанау) спорт кешендеріне барлығы 19200 жолдама (бір реттік талондар) таратылуда.
2023 жылдың 7 айында аз қамтылған және көпбалалы отбасындағы балаларға 4000 және қала жастарын қолжетімді спорт инфрақұрылымымен қамту бойынша 2400 жолдама берілді.
Бөлім тарапынан бұқаралық спорттық іс-шараларының күнтізбелік жоспарына сәйкес дене шынықтыру мекемелерімен, спорт мектептері және спорт клубтарымен бірлесіп 2023 жылдың 7 айына 115 спорттық іс-шара өткізіліп, оларға барлығы 9460 спортшы қамтылды. Оның ішінде, балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен 70 іс-шара өткізіліп, 12140 оқушы қамтылды.
Қызылорда қаласының мәдениет және спорт бөліміне қарасты «Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клуб» КММ спорттың 13 түрінен (еркін күрес, дзюдо, таеквондо, қоян-қолтық ұрыс, джиу-джитсу, каратэ-до, бокс, панкратион, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, президенттік көпсайыс, футбол) үйірмелер жас өспірімдерді спортқа баулып, 1396 қала тұрғыны спортпен шұғылдануда.
Қызылорда қаласы мен қалаға қарасты кент және ауылдық округтерде жалпы 34 кәсіпкер 113 секция бойынша жұмыс істеуде. Мемлекеттік спорттық тапсырысты қаржыландырудың жан басына шаққандағы нормативі (Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларын жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 27 сәуірдегі №121 бұйрығы) – балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секциялары қызмет көрсетуде.
17 спорт түрі бойынша (дзюдо, спорттық би, таеквондо, каратэ, қазақ күрес, грек-рим, шахмат, үстел теннисі, шағын футбол, ауыр атлетика, бокс, еркін күрес, көркем гимнастика, волейбол, баскетбол, гандбол, жүзу) 5 315 бала спортпен шұғылданады.
Аты аңызға айналған балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлын еске алуға арналған қазақ күресінен 2003-2005 жылы туған жастар арасында өтетін республикалық турнир кең көлемде аталып өтті. Аталған турнирге республикадан 300 спортшы қамтылды.
Сонымен қатар Ы.Алтынсарин атындағы жүлде үшін «Бәрің де жарысқа!» атты ұранымен өтетін мектеп оқушылары арасындағы қалалық дәстүрлі жарыс ұйымдастырады. Жарысқа қала көлемінен 1300-ге жуық жас спортшы қамтылды.
Сондай-ақ «Наурыз – 2023» мерекесіне арналған спорт түрлерінен жарыстар (қазақ күресі, асық ату, бес асық, ләңгі тебу, тоғызқұмалақ, арқан тарту, гір көтеру, қол күрес) ұйымдастырылып, оған 400-ге жуық спортшы қамтылды. Қазақ күресінен «Алтын белбеу» жарысының қалалық кезеңі өтті. Аталған жарысқа 300-ге жуық спортшы қатысты.
КСРО спорт шеберлері Е.Червоненконы және Р.Бадретдиновты еске алуға арналған 13-14 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар арасындағы велосипед спортынан көпкүндік республикалық жарыстар ұйымдастырылып, аталған жарысқа 200-ге жуық жас спортшы қатысты.
«Шайырлар шықты алаңға» атты айтыскер ақындар арасында шағын футболдан республикалық турнир өткізіліп, 70-ке жуық адам қамтылған.
Әрине, мұның бәрі жай сан емес, халықты бұқаралық спортқа тарту мақсатында жасалған ізгі шаралар екені айтпаса да түсінікті.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!