Италияның Сардиния қаласында шахматтан әлем чемпионаты өтті. Ақсүйектер ойынында Сыр елінің аруы Әсел Серікбай 20 жасқа дейінгі қыздар арасында жүлделі ІІ орын иеленді. Осылайша Әсел Қызылорда облысының тарихындағы тұңғыш гроссмейстер атанды.
Шахматшы арумыздың айтулы жеңісін сүйіншілеп облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев фейсбук парақшасында құттықтап жазды. «Ұлттық мереке − Республика күнi қарсаңында Италия елiнде өткен Әлем чемпионатында жерлесіміз, жас шахматшы Әсел Серікбай гроссмейстер атағын қорғап шығып, аймақ жұртын қуанышқа бөледі.
Чемпионатта Әсел Серікбай 58 мемлекеттен келген 186 спортшы арасында топ жарып, 20 жасқа дейінгі қыздар арасында күміс медаль алып, жүлде қоржынын толтырды. Осылайша дарынды қызымыз Сыр өңірінен шыққан тұңғыш гроссмейстер ретінде тарихқа енді. Бұл елеулі жеңіс ұлттық мерекеге тамаша тарту болды!» − деп жазды аймақ басшысы.
Облыс әкімі сондай-ақ құттықтау сөзінде Әселдi жарысқа баптап, бағыт-бағдар берген жаттықтырушылары Василий Шимелков пен Риза Қошқароваға алғысын жеткізді.
Жарыста 11 ойын өткізіп, жалпы есепте 8,5 ұпай жинаған шахматшы
Әсел Серікбайды біз де жеңісімен шын жүректен құттықтап, күллі әлем мойындаған шахматшы атануын тілейміз!
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!