Қызылордада Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен ересектер арасындағы халықаралық турнир басталды. Екінші мәрте ұйымдастырылған, Олимпиада, Әлем, Еуропа, Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері жиналған жарыста 20-дан астам елдің балуандары белдеседі. Атап айтқанда, Әзірбайжан, Бразилия, Қарақалпақстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Пәкістан, Ресей, Татарстан, Тәжікстан, Түркия, Түркіменстан, Үндістаннан және еліміздің барлық аймағынан 200-ге жуық спортшы 10 салмақ дәрежесінде бақ сынайды.

Байрақты бәсекенің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин, ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының бірінші вице-президенті Дархан Сәрсенов, Тәйімбет Көмекбаевтың баласы, генерал-майор Бағбан Тәйімбетұлы, батыр ұрпағы Ардашер Шайымбетов қатысты.

«Ең алдымен баршаңызды Сыр елінің тумасы, Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен ересектер арасындағы халықаралық турнирдің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл әлемдік дода 1995 жылы самбодан республикалық ашық турнир ретінде ауданнан бастау алған болатын. Содан бері осы жарыстан 100-ге жуық Әлем және Азия чемпиондары шыңдалып шықты. Бұған дейін турнир Қармақшы ауданында республикалық деңгейде ұйымдастырылатын. Былтырдан бері аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тікелей қолдауымен халықаралық деңгейде облыс орталығында өтуде.
Сыр өлкесінде есімі елге, әлемге әйгілі тұлғалар аз емес. Олардың қатарында Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаев есімін ерекше құрметпен айтамыз.
Қаһарман жауынгер – қан майданда от кешіп, Отан үшін кеудесін оққа тосқан, ерлігімен көзге түсіп, жаужүректігімен батыр атанған тұлға. Батыр бабамыздың құрметіне ұйымдастырылған бозкілем бәсекесіне 20-дан аса елдің спортшылары жиналды. Алдағы уақытта аймағымызда осы бағыттағы халықаралық турнирлер жалғасын тауып, дәстүрлі түрде ұйымдастырылады.
Барша қатысушаларға сәттілік тілеймін! Жарысымыз әділ әрі тартысты өтсін»,- деді облыс әкімінің орынбасары.

Рәсімде Руслан Есеналин құттықтау сөз сөйлеп, Бағбан Тәйімбетұлы «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Айта кету керек, өңірде олимпиадалық спорт түрлері, оның ішінде грек-рим күресі қарқынды дамып келеді. Бүгінде осы спорт түрімен шұғылданушылар саны 1600-ден асқан. Спорт саласына көрсетілген қолдаудың арқасында өткен жылы грек-рим күресінен Әлем чемпионы атанған сырбойылық балуан Айдос Сұлтанғали ел мерейін үстем етіп, тарихи жеңіске қол жеткізді.

Халықаралық турнир 12 сәуірге дейін жалғасады. Үздік атанған балуандар арнайы диплом, медаль және қомақты сыйақымен марапатталады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
