Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 03:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

ТОКИО ЖҮЛДЕГЕРІНЕ ҚҰРМЕТ

14.08.2021

1264 0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Токио Олимпиадасына қатысқан қызылордалық спортшылар – Қамшыбек Қоңқабаев, Дәулет Ниязбеков және Мөлдір Жаңбырбаймен кездесті.

Аймақ басшысы Сыр жұртшылығы атынан Олимпиада ойындарында қола жүлдеге ие болған Қамшыбек Қоңқабаевты құттықтап, Дәулет Ниязбеков және Мөлдір Жаңбырбайға ел намысын қорғағандары үшін алғыс білдірді. Бұл спортшылардың жеңісі Тәуелсіз Қазақстанның жүлде тайқазанына сырбойылықтар атынан олжалы сый болғанын атап өтті.

– Екі апта бойы барша облыс халқы аламанға үкілеп шығарып салған үміттерінің тілеуін тілеп, жанкүйер болды. Алыс сапарға, жауапты жарысқа аттанған ұл-қыздарымыз сенімді ақтады! Ал Қамшыбектің алтынға бергісіз қола жүлдесі – талай бүлдіршіндердің қиялына қанат бітіріп, Сыр халқының көптен күткен асыл арманын жүзеге асырды.

Ел Президентінен Мемлекеттік Туды алу – қашанда үлкен мәртебе, зор сенім! Бұл міндетті жерлесіміз Қамшыбек Қоңқабаев абыроймен ақтап, байрағымызды Олимпиада төрінде желбіретті. Алдағы уақытта да Сыр спортшылары еліміздің Көк Туын халықаралық ареналарда желбірете берсін деген ізгі ниетімізді білдіреміз, – деді облыс әкімі.

Биыл Сыр спортшылары толайым табыстарға қол жеткізуде. Жыл басынан жерлестеріміз ел біріншіліктерінде 700 медаль жеңіп алса, Әлем, Азия чемпионаттарында 46 медальді қанжығаға байлады.

Кездесуде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ел намысын абыроймен қорғап шыққан Қамшыбек Қоңқабаевқа автокөлік кілтін, Олимпиада ойындарының қатысушылары Дәулет Ниязбеков пен Мөлдір Жаңбырбайға және Қамшыбек Қоңқабаевтың бапкері Сейітжан Төкеновке 1 млн теңгенің сертификатын табыстады. Елдің рухы мен мәртебесін көтерген спортшыларға «Dalatex» ЖШС басшысы Димаш Әбішев, «Нұрлен» ЖШС басшысы Қайрат Боранбаев, «Мелиоратор» ЖШС басшысы Бердібек Мыханов және «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС басшысы Әділ Бижанов есімді меценат азаматтар демеушілік жасап, қолдау көрсетті.

Шара барысында спорт күні кәсіби мерекесіне орай №4 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің жеңіл атлетикадан жаттықтырушы Владимир Лептиков пен Қ.Мұңайтбасұлы атындағы спорт клубтың директоры Жамал Бозоваға ҚР Мәдениет және спорт министрінің төсбелгісі мен Құрмет грамотасы табысталды.

Олимпиаданың қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев пен жеке бапкері Сейітжан Төкенов спортшыларға көрсетілген қолдауға ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да жеңіс төрінен көріну үшін бар күш-жігерін салатынын айтты.

Сондай-ақ жиында ауыр атлетикадан 4 дүркін әлем чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Илья Ильин Қамшыбекті жеңісімен құттықтап,

Мөлдір мен Дәулетке алдағы сайыстарда сәттілік тіледі және әріптестеріне кәсіби мерекелеріне орай ізгі тілегін арнады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: