Жексенбі, 22 желтоқсан, 15:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Токиодағы тартысты күндер тәмам

10.08.2021

1375 0

Әне-міне дегенше төрткүл дүние көз тіккен Токио-2020 олимпиадасы да өз мәресіне жетті. Мен деген спортшыларын жарыс жолына аттандырған мемлекет өз бабы мен бағына орай лайық деп танылған медальдарын қанжығалап қайтты. Бұл жарыста отандық спортшыларымыз да нәтижесіз қалмады. Қазақ спортшылары жалпы

саны 8 қола медаль иеленді. Жалпы олимпиада қалай өтті?

Иә, биылғы жазғы олимпиада ойындарында жеңіске жету ұлттық құрама үшін әсте оңай болған жоқ. Алғашқы күннен-ақ жарыс жолынан шығып қалғандар, көп үміт артқан спортшыларымыздың жеңілген сәттері болды. Алайда осынау байрақты бәсекеде топ жарып, шаршы алаңда шын шебердің кім екенін дәлелдегендер де жоқ емес. Биылғы олимпиада ойындарында спортшыларымыз алтын мен күмісті ала алмаса да, соған пара-пар қоланы еншілегендер болды.

Алтынға әбден лайық болған спорт­шы – Сәкен Бибосынов. Былғары қол­ғаппен бірнеше қарсыласын тізе бүк­тірген боксшымыздың бұл олим­пиа­дада жұлдызы жанды деуге болады. Жартылай финалда бар күш-жігерін салған ол британдық Джалал Яфаиға есе жіберді. Алғашқы раундта Сәкенге нокдаунның есебі ашылса, екінші раунд­та тек  үш төреші ғана есепті Сәкен­нің үлесіне жазды. Осы­лайша ол ұлттық құраманың қор­жынына тағы бір қола медаль салды. Алайда көп жан­күйер бұл істі төрешілер сайысты бұра тартты деп санауда. Бұл оймен Сәкен Бибосынов та толықтай келісіп отыр.

– Мен ұтылдым деп сана­маймын. Ұттым. Төрешілердің шешімі сондай болды. Бірінші раунд нокдаун деп те айта алмаймын. Мен есімді жоғалтқан жоқпын. Төрешілер солай санады. Екінші, үшінші раундта барымды салдым, – дейді ол.

Токиодағы тартысты күндер тәмам

Бокстан ұлттық құрама капита­ны, Сыр елінің спортшысы Қамшыбек Қоңқабаев та Токио-2020 олимпиа­дасының ІІІ орын иегері атанды. Ауыр салмақта өнер көрсеткен былғары қолғап шебері бұл олимпиадамен тоқтап қалмайтынын айтты. «Бұйыртса Қазақ елін әлі талай жеңіспен қуан­тамын деген сенімдемін. Жігіттер барын салды, көрдіңіздер. Әрине, оңай емес. Барлығы еңбекпен, тер төгумен келеді. Жігіттер барын салды. Бұйырғаны, маңдайымызға жазғаны осы болды. Еш мойымай, қателікті түзеп, алдағы жарыстарда ел абы­ройын талай асқақтатамыз», – деді ол.

Сондай-ақ олимпиадада жарқ еткен жұлдыздар қатарында отандық каратэшылар болды. Қазақстан атынан қатысқан каратэші Дархан Асәділов пен София Берульцова олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды. Қазақстанда жас спортшыларды тәр­биелеуші бапкер болып қызмет ететін спортшы Дархан Асәділов сенсация жасап, іріктеу кезеңіндегі 4 жекпе-жегінде жеңіске жетті.

Ал 75 келіге дейінгі салмақта сынға түскен каратэші Нұрқанат Әжіқанов ерекше жеңіспен Токио олимпиадасының тарихында қалды. Ол олимпиада жүлдегері болмаса да, осы салмақта алтын медальды жеңіп алған италиялық Луиджи Босуды жеңген жалғыз каратэші атанды.

Еркін күрестен де Қазақстан құрамасының қоржынында бір қола бар. Оның иесі – 57 келіге дейінгі салмақта белдескен Нұрислам Санаев. Палуанға бұл медальдың иесі атану оңайға соққан жоқ. Өзі­нің байырғы қарсыласымен екі рет белдесіп, есе жіберді. Спортшы өзі­нің қарсыласының шебер екенін де мойындады. «Мен үнділік палуанмен екі рет кездестім және екеуінде де жеңілдім. Жеңіске жету үшін барымды салдым, бірақ сәл жетпей қалды. Мен үшін Кумар басқалардан гөрі ең қиын, ыңғайсыз қарсылас. Оның тактикасы мен шеберлігі мықты», – дейді қазақ палуаны.

Қысқасы, тек ІІІ орынмен шек­телдік десек те, сол медальдың өзі біздің спортшыларға оңай келген жоқ. Әділетсіздікті де, шынайы жеңілісті де көрдік. Дегенмен қанжығамыз майланбай қалған жоқ, жалпы есеп­­те 82 орынға тұрақтап, енді Қазақстанда олимпиада ойындарының 8 жеңімпазы бар. Олар бұл марапатқа әбден лайық. Алдағы Парижде өтетін 2024 жылғы олимпиадада тағы бірнеше жұлдызымыз шаршы алаң­да шеберліктерін көрсетіп, жарыс жеңім­паздары атанарына сенім мол.

А.НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: