Спорт денсаулық пен достықты ұштастырады. Салауатты өмір салтын ұстанып, жора-жолдасыңмен уақытты пайдалы әрі қызықты өткізуде спорттың септігі көп. Ал топтық ойындар денсаулықпен қатар ұйымшылдықты, топтық белсенділікті арттырады. Міне сондықтан қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі топтық жарыстарға көп көңіл бөледі.
Мәселен, Ы.Алтынсарин атындағы жүлдеге арналған эстафеталық жарыс өткізілді. Жарысқа Қызылорда облысының білім басқармасының Қызылорда қаласы бойынша білім бөліміне қарасты жалпы білім беретін барлық мектеп командаларынан 1 300-ге жуық оқушы қатысты. 13 күнге созылған дүбірлі додада жүлделі орындарды жеңіп алған командалар облыстық ойындарға қатысуға жолдама алып, қаламыздың намысын қорғап, бас жүлдені еншіледі. Топтық сайыста топ жару үшін шымырлықтан бөлек ауызбіршілік қажет. Міне, осы қасиеттердің нәтижесінде қалалық топ бас жүлде иегері атанды.
Қазақстан Республикасындағы «Балалар жылына» орай Қызылорда қаласының білім және дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің ұйымдастыруымен, 2021-2022 оқу жылы бойынша қыркүйек және сәуір айлары аралығында қаладағы жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында спорттың алты түрінен спартакида өтті. 5200-ден астам мектеп жасындағы балалар қатысқан шарада үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат, баскетбол, волейбол, футболдан жас спортшылар бақ сынады.
Ал ағымдағы жылдың тамыз айының 27-28 жұлдызы аралығында стритболдан қала әкімінің жүлдесі үшін республикалық турнир өтті. Қызылорда төрінде екінші мәрте байрағын көтеріп, дәстүрлі сипат алған дүбірлі додаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен және арнайы Өзбекстан мемлекетінен келген 100-ге жуық стритболшылар қатысты. Қала әкімінің жүлдесіне ұйымдастырылған жарыста жеңімпаз атанғандар қаржылай сыйақымен марапатталды.
Сонымен қатар, «Балалар жылы» аясында 25 – қазан Республика күніне орай қалаға қарасты кент және ауылдық округтердің тұрғындары арасында спартакиада өтті. Аталған спартакиада жеті спорт түрінен өтіп, яғни волейбол, шағын футбол, үстел теннисі, арқан тарту, шахмат, тоғыз құмалақ, дойбы спортынан 360-қа жуық ауыл және қала тұрғындары қатысты.
Мұнан бөлек, «Балалар жылы» аясында қала күні мерекесіне арналған қазақ күресінен 2009-2010 жылы туылған жасөспірімдер арасында «Бала барысы – 2022» қалалық ашық біріншілігі өтті. Жасөспірімдер арасында ұлттық спортты насихаттау, балаларды салауатты өмір салтына баулу мақсатында өткен жарыс шаhарда тұңғыш рет ұйымдастырылып, оған облыс аумағынан 30 жасөспірім жас балуандар қатысты.
Аслан НҰРАЗҒАЛИ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!