Жексенбі, 22 желтоқсан, 17:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Үміт мол, күдік басым бәсеке

31.07.2021

1359 0

Қазаққа төрт жылда бір келетін байрақты бәсеке – Токио Олимпиадасынан әзірге алтын бұйырмай тұр. Тіпті кейбір жанкүйер бокстан өзге спорт түрінен Қазақстан құрамасының үздік атануына күдікпен қарауға көшкен. Мұндай пікірдің қордалануы бастапқы сәтсіздік түрткі болса керек. Себебі жарыстың алғашқы күні-ақ ұлттық құрама спортшылары үсті-үстіне жеңіліс тауып, қоғамда келер жеңіске деген сенім сетіней түсті. Алайда үміт те жоқ емес. Әсіресе, дүбірлі додада қазақстандық балуандар, жеңіл атлетшілер мен боксшылардың жүлделі ораларына ел сенімі жоғары. Осыған орай өткен аптада бастау алған додада Қазақстан қандай нәтижеге тұрақтағанын сараптап көрелік.

Жалпы жарыстың алғашқы күні, яғни Токио ойындарының ашылу салтанаты Қазақстан ұлттық құрамасы үшін табысты басталды. Олимпиадашылар шеруіне шыққан спортшылар мен көк туды желбіреткен боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен жеңіл атлет Ольга Рыпакованың ұлттық нақышқа негізделген арнайы киімі ерекше көзге түсіп, жергілікті БАҚ жарыса жаза бастады. Спортсүйер қауым әлеуметтік желіде қос саңлақ­қа жылы лебізін білдіріп, сүйсіне тілек білдіру­мен болды. Осылайша Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік мұражай өнерінің мамандары мен танымал модельер Виолетта Иванованың бірлескен жұмысы ел имиджін қалыптастырып, ел мерейін көтеруге мүмкіндік берді.

Үміт мол, күдік басым бәсеке

Алғашқы жеңіс

Дода басталғалы ұлттық құрама айтарлықтай жемісті нәтиже көрсете алмады. Алғашқы болып бәсекеге түскен дзюдошылар да көңіл көншітерлік жеңіс сыйлаған жоқ. Бабы келмеді ме, бағы жанбады ма, әйтеуір «ә» дегеннен спортшылар жарыс жолынан шығып, бірінен соң бірі жауырыны жерге тиюден танбады. Аталған спорт түрінен Елдос Сметов ғана Токио Олимпиадасының қола жүлдесіне қол жеткізіп, ел күмәнін сейілткендей болды.

Сметовтың жеңісі де оңай келмеді. Алдымен Түркия, кейін Оңтүстік Корея балуанын жеңген балуан жартылай финалда жапониялық спортшы, үш дүркін әлем чемпионы Наохиса Такатоға қосымша уақытта есе жіберді. Алайда 60 келі салмақта сынға түскен Елдос кіші финалда Нидерланд өкілі Торнике Цакаджоені жеңіп, көптен күткен алғашқы жүлде – қолаға қол жеткізді.

Қос қола

Елдос Сметовтің алғашқы жеңісінен кейін ұлттық құраманың қарқыны күшейіп, зілтемір көтеруден екі бірдей спортшы қола медаль иеленді. Олар ауыр атлеттер Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло болатын.

Зілтемірші Игорь Сон 61 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, жұлқа көтеруде 131 келіні бағындырса, серпе көтеруде 163 келіні еңсерді. Жарыс жолында төрешілер Игорь Сонның екі мүмкіндігін есепке алған жоқ. Бұған бапкер мен көрермендер қарсылық білдіргенімен, еш нәтиже шықпады. Осылайша қоссайыс қорытындысы бойынша қазақстандық спортшы 294 келіні көтерді.

Сонымен қатар Зульфия Чиншанло да қола медальді еншілеу үшін біршама тер төкті. Ол жұлқа көтеруде ең жақсы мүмкіндігінде 90 келіні көтерсе, серпе көтеруде бірінші тәсілі саналмады. Алайда зілтеміршінің  екінші тәсілі сәтті болып, жеңіс тұғырына көтерілді. Нәтижесінде екі сайыс бойынша 213 кило салмақты еңсерген қазақстандық атлет қола жүлдегер атанды.

Төрешілер тарапынан ауыр атлеттерге жасалған ескерту мен мүмкіндіктерді есепке алмау жағдайы қазақстандық жанкүйерлер арасында қызу талқыға айналды. Тіпті спорт­шылар да наразылығын білдіріп, төрешілердің кәсібилік танытпағанына налыды. Наразылыққа танымал зілтемірші Илья Ильин де үн қатып, отандастарға қолдау білдірген. Ауыр атлет «Instagram» әлеуметтік желісінде:

«Зульфияның көтерген салмағын санамады. Оған қысым жасап жатыр. Мүмкін оның спортқа оралғанын қаламайтындар бар шығар. Бұл жиір­кенішті. 123 келі көтергенін есептемеді. Басында санап, кейіннен шешімдерінен айнып қалды. Екінші рет күші жетпеген шығар, алайда үшінші рет көтеруін ескермей қойды», – деді Илья Ильин.

Дегенмен қола еншілеген зілтеміршілер ел құрметінен құр алақан қалмады. Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы Токио Олимпиада­сының қола жүлдегерлері Игорь Сон мен Зульфия Чиншанлоға жаңа Toyota Camry автокөлігін мінгізетін болды. Спортшыларға автокөлік кілтін ҚР ААФ президенті Жанат Түсіпбеков жақын арада табыстамақ.

Үміт мол, күдік басым бәсеке

Бокс – басты үміт

Расында, үкілеп қосқан спорт­шылардың басым бөлігі мәреге жетпей, жарысты тоқтатуда. Мысалы, теннис, ескек есу, жүзу секілді спорт түрлерінен қазақстандықтарға жеңістің ауылы алыстай берді. Содан болар, ел-жұрт ендігі үмітті боксшыларға артып, тақым қысып отыр. Мұнда да қазақ елі жеңілістің ащы дәмін татып, сенген кей саңлақ сан соқтырды. Олардың арасында Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Василий Левит (91келі), Бекзад Нұрдәулетов (81 келі), Серік Теміржанов (57 келі) секілді спортшылар бар. Әсіресе, Василий Левиттің нокауты спортшыдан бұрын, бокс мектебі қалыптасқан қазақстандық жанкүйерлерді есеңгіреткені анық. Қазіргі таңда кей көрермен спортшылардың дайындығына сын айтса, кейбірі жеңілістің себебін бапкерлерге артуда. Дегенмен қайткен күнде де жеңісті күн туатын секілді. Себебі соңғы күндері Қамшыбек Қоңқабаев пен Әбілхан Аманқұлдың көрсеткен өнері жанкүйерге қайта күш бергендей.

Бүгінде бокстан Қазақстан командасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев 91 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсетуде. Токиодағы алғашқы жекпе-жегін жеңіспен аяқ­таған боксшы ширек финалға жолдама алды. Қазақстандық боксшының ендігі қарсыласы ресейлік Иван Верясов болмақ. Қазақ еліне Токио төрінде көк туды желбіретіп, Әнұранды шырқатуға уәде берген Қамшыбек қалай болғанда да намысқа тырысып, қамшы басатынына сенімдіміз.

Келесі үміт күтер саңлақ – Әбілхан Аманқұл. Алғашқы кездесуін Өзбекстан құрамасының үздігі Фанат Қахромоновпен өткізген боксшы тартысты өнер көрсетті. Әсіресе, бірінші раундта төрешілер бірауыздан жеңісті өзбек боксшысына берген болатын. Келесі раундта Аманқұл бар күшін салып, қарсыласын қыспаққа ала бастады. Жойқын соққыға шыдамаған өзбек боксшысы шаршы алаңда есеңгіреп, нокдаун тіркеді. Ал соңғы кезеңде Әбілхан сәтті соққылар жұмсап, нәтижесінде төрешілер қазақстандық боксшыны жеңімпаз деп таныды. Келесі жұдырықтасу мұнан да тартысты өтері анық.

P.S. Әзірге төртүкіл дүние көз тіккен додада ел қоржынында небары 3 медаль бар. Бүгінде дзюдошы Елдос Сметов, ауыр атлеттер Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло жеңіп алған қола ғана Қазақстанды 59-шы сатыда ұстап тұр. Алайда үміт те жоқ емес. Әсіресе, дүбірлі додада қазақстандық балуандар, жеңіл атлетшілер мен боксшылардың жүлделі ораларына ел сенімі жоғары.

Ерсін БАЛТАБЕКҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: