Жұма, 27 желтоқсан, 01:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ұлттар лигасын жеңіспен бастадық

07.06.2022

1415 0

Әлемдегі нөмірі бірінші ойын – футбол. Әлемнің қай түкпіріне барсаңыз да бұл ойынға әуес жандардың қарасы қалың. Жан­күйерлері де көп. Хош. Сол футбол жыл сайын түрленіп, оған жаңа турнирлер қосылуда. Ұлттар лигасы соның бір парасы. Жуырда бұл турнирдің үшінші маусымы басталды.

Жаңа маусымда футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы турнирін өте жақсы бастады. Магомед Адиевтің тәлімгерлері алғашқы ойынды елордамызда Әзербайжан құрамасына қарсы өткізді.

Бұл кездесудің алдында Қазақстан құрамасының бірнеше белді ойыншылары жарақат алып, аталған кездесуге қатыса алмады. Олардың қатарында Бахтияр Зайнутдинов, Стас Покатилов, Серікжан Мужиков, Марат Быстров секілді ойын­шылар болды. Аталған ойыншылардың жоқ болуына байланысты Адиев жастарға мүмкіндік берді. Жас ойыншылардан алаңға алғашқы минуттан Бауыржан Байтана, Эльхан Астанов секілді футболшылар шықты.

Алыстан ат  терлетіп келген Әзербайжан құрамасының бас бапкері Джанни Де Бьязи болса еуропаның тәуір командаларында доп теуіп ысылған, кіл мықты әрі тәжірибелі ойыншыларына сенім артты. Соның арқа­сында да қонақ команда бірінші кезеңде үстемдікке ие болды. Әзірбайжан бірінші кезең барысында Игорь Шацкий қорғаған қақпаға 11 соққы жасады. Оның 6-сы қақпаға дәл ұшты. Әсіресе бірінші кезеңнің соңына қарай қонақтар өте белсенді болды. Алдымен 30-минутта Ренат Дадашев қап­талдан тепкен еді. Оны біздің қақпашы қайтарып алды. Кейін 36-минутта Азар Салалхи соққы жасаған болатын. Абырой болғанда доп Әзербайжан ойыншысына тиіп, қақпадан қиыс кетті.

Алғашқы 45-минутта нәтижелі соққы жасай алмаған Қазақстан құрамасы екінші кезеңді өте белсенді бастады. Бас бапкер екінші тайм басталар алдында Байтананың орнына Рамазан Оразовты алаңға шығарды. Алаң ортасында өте белсенді болды. Сөйтіп, 50-минутта доп тура ортада Айымбетовке келді. Абат көп ойланған жоқ. Алыстан қақпаға қақырата тепті. Доп маңдайшаға тиіп қақпаға кіріп кетті. Осылайша Қазақстан құрамасы есепті ашты. Араға бір минут салып Рамазан Оразов өз мүмкіндігін оңтайлы пайдаланып, гол соққан еді. Бірақ төреші бейнеқайталау жүйесіне жүгініп, гол есепке алынбады. Оразов ойыннан тыс қалған екен.

Дегенмен бірнеше минут өткеннен кейін Қазақстан құрамасы екінші голын соқты. 58-минутта Абат Айымбетов айып алаңына асырылған допқа бірінші жетті де есепті еселеді. Бұл сәтте де төреші бейнеқайталауға жүгінді. Бағымызға орай, бұл жолы шабуылшымыздың голын есепке алды.

Осыдан кейін ойын бір қалыпты, алма-кезек шабуылмен өтті. Қазақстан құрамасының да, Әзербайжан құрамасының бапкері де тың ойыншыларды шығарды. Бірақ есеп өзгермеді. 2:0. Қазақстан құ­рамасы Ұлттар лигасын осылайша жеңіспен бастады.

Орайы түскенде айта кетейік, бұл Магомед Адиевтің Қазақстан құрамасы бас бапкері ретінде өткізген бірінші кездесуі еді. Бапкер сәтті бастады. Енді ел құрамасы Словакия, Беларусь құрамасына қарсы кездесу өткізеді. Екі ойында сырт алаңда болады. Әзірше біздің ұжым көш басында келеді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: