Жұма, 10 қазан, 15:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№76, 2188
07.10.2025
PDF мұрағаты

Ұлттық спорт түрлері олимпиадалық спорт түрлерімен тең дәрежеде мәртебе алады

10.10.2025

165 0

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Туризм және спорт министрлігі жоғары жетістікті спорт түрлерінің тізімін бекітті. Бұл тізімге Олимпиадалық, Паралимпиадалық, Сурдлимпиадалық, Азия және Параазиялық ойындар бағдарламаларына кірген, сондай-ақ ұлттық спорт түрлерін қамтитын 65 спорт түрі кірді. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Министрлік атап өткендей, аталған спорт түрлерін қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен басым тәртіппен жүзеге асырылады. Қаражат спорттық резервті даярлауға, спортшылардың халықаралық жарыстарға қатысуына, оқу-жаттығу жиындарын және спорттық іс-шараларды өткізуге, сондай-ақ спорт инфрақұрылымын дамыту мен ұстауға бағытталады.

65 жоғары жетістікті спорт түрінің ішінде 46-сы басымдыққа ие деп танылды, оның ішінде 11 ұлттық спорт түрі бар. 

«Негізгі іріктеу критерийі – Қазақстан ұлттық құрамаларының Олимпиадалық, Паралимпиадалық, Сурдлимпиадалық, Азия және Параазиялық ойындардағы көрсеткіштері болды», – делінген министрлік  хабарламасында.

Тізімге енбеген спорт түрлері

Жоғары жетістікті спорт түрлері тізіміне кірмеген спорт түрлері бұқаралық спорт қағидасы бойынша дамытылады. Жергілікті атқарушы органдар спортшылардың ел чемпионаттарына және Қазақстан аумағындағы кешенді жарыстарға қатысуына қаржы бөлуді жоспарлайды. Ал халықаралық жарыстар бюджеттен тыс немесе өзге де көздерден қаржыландырылады.

Тізім жыл сайын жаңартылып отырады, бұл Олимпиадалық, Паралимпиадалық, Сурдлимпиадалық, Азия және Параазиялық ойындар бағдарламасына енген жаңа спорт түрлерін енгізуге мүмкіндік береді.

Легионерлерге жұмсалатын қаржы және басқа да жаңалықтар

Заң жобасында мынадай бірқатар маңызды жаңашылдықтар қарастырылған:

•    ойын спорт түрлері бойынша кәсіби клубтарды ұстауға бөлінетін бюджет қаражатының лимиттерін белгілеу;

•    Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ спортшыларды бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салу;

•    «басым спорт түрлері» ұғымын нақтылау және олардың өңірлік тізімін бекіту;

•    аккредиттелген спорт федерацияларына діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша шаралар қабылдау міндетін жүктеу;
•    спорт федерацияларын аккредитациялауға қосымша талаптар енгізу;

•    «мүгедектігі бар спортшының серіктес-ілеспе тұлғасы» ұғымын бекіту;

•    дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік ұйымдар басшыларына ротациялау тетігін енгізу;

•    «спорттық даярлықтың ұлттық стандарттары» ұғымын енгізу.

«Министрлік Қазақстанда спорттың тұрақты дамуына жағдай жасап жатыр. Ұлттық спорт түрлері олимпиадалық спорттармен тең дәрежеде мәртебе алады, басқару жүйесі біріздендіріліп, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына мүмкіндік туады», – деп қорытындылады ведомство.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: