Сенбі, 21 желтоқсан, 18:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Зарина – әлем чемпионы!

23.10.2022

1985 0

Арменияда самбодан кіші жасөспірімдер, жасөспірімдер және жастар арасында Әлем чемпионаты өтті. Еревандағы сайысқа Сыр өңірінен 8 спортшы қатысып, 6 палуан боз кілемдегі бәсекенің жеңімпазы атанды. Оның ішінде Зарина Мұрадасыл кіші жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атағын жеңіп алды.

Сондай-ақ кіші жасөспірімдер арасында сынға түскен Шейхрахман Бауыржанұлы ІІ орынды жеңіп алса, Нұрай Бақыт, Бейбарыс Сұлтан мен Ділназ Жанабыл чемпионатта қола медальді еншіледі. Сонымен қатар Шынар Абатова жастар арасында жарыстың қола жүлде иегері атанды.

Сыр елінің самбошыларының жарысқа дайындығы, шаршы алаңдағы өнері мен алдағы жоспары туралы Самбо күресінен Қызылорда облысының жасөспірімдер құрама командасының аға жаттықтырушысы Дархан Сержановтан сұраған едік.

− Әлем чемпионаты болған соң барлығы үлкен дайындықпен, арнайы іріктеуден өтіп келеді. Сол себепті жарыс қызықты әрі тартысқа толы деңгейде өтті. Міне, осы байрақты бәсекеге Сыр елінен барған 8 спортшымыздың 6-уы жеңісті нәтиже көрсетті. Бұл, әрине, спортшылардың еселі еңбегі, жеке жаттықтырушыларымен жеткен жетістігі. Сондықтан облыс спортшыларын жарысқа дайындаған әр жаттықтырушыға айтар алғысым шексіз. Биылғы жыл самбошыларымыз үшін осы әлем чемпионатымен қорытындыланды. Енді әлем мен азия чемпионаттарына іріктеу өтетін 2023 жылғы Қазақстан Республикасының чемпионаттарына дайындықты бастаймыз, − деді аға жаттықтырушы.

Жаттықтырушы әлем чемпионатында Зарина Мұрадасыл алтын медальді жеңіп алған сәттегі әсері туралы да бөлісті: «Расында, Зарина әлем чемпионы атанғанын хабарлаған кезде іштей қуаныш, мақтаныш сезімі кернеді. Жасөспірімдер арасындағы аға жаттықтырушы болып тұрған тұсымда облыстанан әлем чемпионы шығуына үлес қосқаныма қатты қуандым. Себебі Қызылордадан әлем чемпионы шықса деп армандаушы едім. Міне, сол арманым осы әлем чемпионатында орындалды. 2006 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанған менің артымнан енді Заринадай чемпионымыз еріп келеді және келесі чемпионатта Сыр елінен тағы бірнеше әлем чемпионы шығатынына сенім мол. Тағы айта кетерлігі, Зарина әлем чемпионы атанған кезде көз жасына ерік беріп, бізге қарап тұрған. Іштей толқып тұрғанымызбен біз оған қолдау көрсетіп, құттықтап жаттық.  Жалпы, бұл жеңістің Сыр елі ғана емес Қазақстанның самбо тарихында алатын орны ерекше. Себебі кіші жасөспірімдер арасында өтіп жатқан бұл бесінші әлем чемпионаты. Міне, осы жарыста Қазақстаннан шыққан алғашқы әлем чемпионы Зарина атанды және әзірге ол кіші жасөспірімдер арасындағы Қазақстандағы жалғыз әлем чемпионы», − дейді Дархан Сержанов.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: