Жексенбі, 22 желтоқсан, 12:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жәнібек қашан мойындалады?

19.04.2022

1616 0

Қазақтың атын әлемге танытқан боксшылар бізде аз емес. Соның бірі – Жәнібек Әлімханұлы. Қазақстандық боксшы алаштың атын танытып, әлем чемпионы титулына жету үшін тағы бір қадам жасады. Ол былтыр әлемнің бұрынғы чемпионы француз Хассан Ндам Нжикамды 8-раундта нокаутпен жеңген болатын. Бүгін біз Әлімханұлының орта салмақта әлем чемпионы атануына мүмкіндігі бар екенін сараптап көрдік.

Былғары қолғап шебері кейінгі екі жекпе-жегінде әлемнің бұрынғы чемпиондарын бірінен соң бірін сұлатты. 2020 жылы WBA тұжырымы бойынша экс-чем­пион Роб Брантты, былтыр қараша айында WBA мен WBO тұжырымдары бойынша бұрынғы әлем чем­пионы Нжикамды мерзімінен бұрын жеңді. Әлімханұлының өз мәлімдемелерінде «бұрынғы чемпиондармен емес, қазіргі чемпиондармен» жұдырықтасқысы келетінін айтып жүр. Ал орта салмақтағы қазіргі чемпиондар кім? Осыларға тоқталып өтелік.

Кәсіпқой бокста ең абыройлы са­на­латын төрт ұйым бар. Соның бірі – 100 жылдық тарихы бар WBA (Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы). Бұл ұйым­ның орта сал­мақ­тағы белбеуі бұрын біраз уақыт қазақстан­дық­тың белінде болған. Геннадий Головкин 2010 жылы осы титулды алып, оны 2018 жылға дейін 19 рет қор­ғаған еді. Ал бүгінде бұл ұйым­ның орта сал­мақта екі чемпионы бар. Жапониялық Риота Мурата – WBA суперчемпионы еді. Оны жуырда ғана біздің Гена жапониялық боксшыны жеңіп, оның жаңа чемпионы атанды. Ал кубалық Эрисланди Лара биыл WBA тұрақты чемпионы атанған.  Ұйымның тұрақты чемпионы кубалық Эрисланди Лара бұл титулын биыл мамырда ғана алған. Әзірше белбеуін қорғап үлгерген жоқ. Әлімханұлы бұл боксшыны жиі жекпе-жекке шақырып жүр. Бірақ Жәнібек бұл титулға әзір үміткер бола қоймас. Себебі қазақстандық боксшы әзірше WBA рейтингіне кірмей тұр.

Ендігі кезек – WBO. Әлімханұлы америкалық Деметриус Андрадені жекпе-жекке жиі шақырып жүр. Себебі Андраде WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы. Андраде үш жылдан бері белбеуін ешкімге бермей келе жатыр. Жалпы, WBO белбеуі Головкин үшін де арман болып кет­кен, ол бұл титулды кезінде ұлыбританиялық Билли Джо Сондерстен ала алмаған еді. Дәлірек айтқанда, жекпе-жек ұйымдастыра алмаған. Сондықтан Әлімханұлы WBO титулына көз тігіп отыр. Оның үстіне рейтингіде де жағдайы жаман емес. Бүгінде WBO рейтингінің екінші орнында тұр. Бірінші орында мексикалық Хайме Мунгия келеді. Егер Жәнібек әлем чемпионы атанғысы келсе, осы титулға таласқаны абзал. Мұны өзі де жақсы түсінеді. Былтыр Нжикамды жеңгеннен кейін Андрадені тағы жекпе-жекке шақырған болатын.

Әлімханұлының командасы сөзден іске көш­кенге ұқсайды. Америкалық инсайдер Лэнс Пагмайрдың мәліметінше, Жәнібектің менед­жері Эгис Климас WBO-ға Андраде – Әлімхан­ұлы жекпе-жегін ұйымдастыруға өтінім жібер­ген. Оның жауабы алдағы күндері белгілі болды. Сондықтан бәрі жоспардағыдай өтсе, Әлімханұлы биыл әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізуі мүмкін. 

Енді WBC-ге көшелік. Ал орта салмақта WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы қазір америкалық Джермалл Чарлода. Чарло бұл титулды 2019 жылы маусымда иеленген. Оның алдында ол Головкин мен мексикалық Сауль Альваресте болған. WBC рейтингінде Әлімханұлы 4-орында тұр. Алдында Хайме Мунгия, Сергей Деревянченко, кіші Крис Юбэнк секілді боксшылар бар. Бірақ WBC титулы үшін Чарломен жекпе-жек өткізуге Әлімханұлына қарағанда, Головкин жақындау. Көптеген сарап­шы Головкин Муратаны жеңген соң, Чарломен қолғап түйістіруі мүмкін екенін жазып жатыр. Чарлоның өзі де Головкинді талай рет рингке шақырған. Сондықтан биыл Головкин мен Чарло жекпе-жегін көріп қалуымыз мүмкін.

IBF тұжырымы да өзгеше. Әлімханұлы көз тікпей отырған жалғыз титул – IBF белбеуі. Себебі бұл титул қазір отандасы Геннадий Головкинде. Жәнібек таяуда Головкинге ағасындай қарай­ты­нын, сондықтан онымен жекпе-жекке шықпай­тынын айтқан еді. Сондықтан IBF титулы Голов­кинде болған кезеңде Әлімханұлы бұл белбеуге қарай қоймас. Негізі бұл ұйымның рейтингінде қазақстандық боксшы көп. Титул Головкинде деп айттық. Әлімханұлы 9, Мейірім Нұрсұлтанов 10-орында тұр. Ал 13-сатыда Қанат Ислам келеді. Сонымен қатар негізгі ұйымдар қатарына кірмесе де, талай мықты чемпионы болған IBO-ны да айта кеткен жөн. Қазір орта салмақта IBO титулы Геннадий Головкинде.

Биыл Жәнібек Әлімханұлы үшін шешуші кезең болмақ. Ол келер жылы 29 жасқа толады. Үлкен жекпе-жектерге шығатын кезі келді. Головкин әлем чемпионы атанғанда 28-де еді. Сондықтан Жәнібек үшін әлі ештеңе кеш емес. Бірақ Нжикамнан кейін «қазақ стилін» көрсететін үлкен шоу күтеміз. Ал әзірше отандасымыздың WBO Global және WBC Continental секілді титулдары бар.

Бүгінде Жәнібектен қазақстандық және әлем­дік сарапшылар үлкен үміт күтеді. Өйткені оның жылдамдығы, шаршамауы, техникасы соңғы 3-4 жылдықта бокссүйер қауымды тәнті еткен. Мықтымын деп санаған талайларды соққылары есеңгіретіп, берілуге мәжбүрлеген. Енді биылғы жылдан қазақ жұрты үміт күтуде. Егер сәтін салса, Жәнібек чемпион атануы әбден мүмкін. Қазір ашық дереккөздерге көз жүгіртсеңіз, сарапшылардың да пікірі осыған саяды.

Ақтілек БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: