Спорт күніне орай қалалық ипподромда еңбек ардагері
Жәнібек Әбдімәлікұлының құрметіне республикалық деңгейде ат бәйгесі өтті.
Бәйгені облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов ашып, ұлттық спорттың дамып жатқанын жеткізді.
– Ат спортын, жалпы ұлттық спорт түрлерін дамыту бойынша облысымызда үлкен жұмыстар жүргізілуде. Бұқаралық спортпен жүйелі түрде айналысатын халықтың саны 38 пайызға жетіп отыр. Бұл – республика бойынша жоғары көрсеткіш. Былтыр өңірде 5 спорт нысаны ел игілігіне берілсе, биыл 7 спорт нысаны беріледі. Еңбек ардагерлерін, танымал тұлғаларды еске алуға арналған түрлі облыстық, республикалық жарыстарды ұйымдастыру жастарды спортқа баулудың бір түрі болып есептеледі. Жәнібек ағамыз шын мәнінде еңбек адамы. Ешқандай мансап қумаған, маңдай терімен еңбек етіп, көпке үлгі болған. Асыл анамыз екеуі 10 бала өсіріп, тәрбиелеген. Қазір өсіп-өнген балалары сан салада қызмет атқарып, әке көрсеткен жолмен ізгілікке ұмтылып келеді. Ал бүгінгі республикалық бәйгеге Маңғыстау, Шымкент, Алматы, Жамбыл, Ақтөбе және басқа да өңірлерден атсейістер, шабандоздар келіп, тұлпарларын бәйгеге қосып отыр. Біз барлығына сәттілік тілейміз. Жылқы мінезді қазақпыз, құлағанға жалын төсеген жылқы барда қазақ бар, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Шарада ақсақал Ахмет Бөдешұлы батасын беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Жәнібек ағамыз қарапайым еңбек адамы болған. 40 жыл автокөлік жүргізушісі, су тасушы болып еңбек етті. Осы қызметімен мал шаруашылығының дамуына үлес қосты. Өлмейтұғын артына із қалдырды. Ұл-қыздарының барлығы жақсы азамат болып, жоғарғы білім алды. Елге елеулі, халқына қалаулы болып, қызмет атқарып жатыр. Мұқағали ақын «Өкінбе әке, отың бар сөнбейтұғын, ол жанады мәңгілік, көрмей тыным, ұрпағың бар елменен ер намысын, тірі тұрса, қолынан бермейтұғын» деп жырлаған. Мінекей, сондай ұрпақты тәрбиелеген асыл азамат, – деді Ахмет Бөдешұлы.
Еңбек ардагері Жәнібек Әбдімәлікұлының баласы Сайранбек Әбдірасуловтың пікірінше, қазақ халқы ежелден барлық мерекелерде жарыс ұйымдастырған. Елімізде ұлттық спорт түрлері тез танымал болып, қызығушылық оянуда. «Әкеміз көзі тірі болса, биыл тоқсанға толар еді. Сондықтан осы айтулы жылда ас беріп, осылай еске алуды жөн көрдік» – дейді ол.
Жүйріктер жарысы үш бөлімге бөлінді: Тай бәйге, Құнан бәйге, Аламан бәйге. Ұтысқа 2 автокөлік, 1 мотоцикл тігілді, оған қоса ақшалай сыйлықтар да бар. Тай бәйгеде шабандоздар 6 шақырым қашықтықта жарысып, алғашқы келген 4 тайға жүлделі орындар берілді. 2,3,4-орын иелері ақшалай сыйлық алса, 1-орынға мотоцикл берілді. Тай бәйге бойынша 1-орын Жамбыл облысынан Нұржігіт Камилға (аттың лақап аты Аңыз) бұйырса, 2-орынды қызылордалық Әлихан Бөрібаев (Ураган) иеленді. 3-орын Алматы облысы, Жамбыл ауданынан келген Әлібек Нұрғазыұлына (Бұлақ) бұйырса, 4-орынды ақтөбелік Нұрқат Әдебит (Мереке) еншіледі.
Құнан бәйгеге ақшалай сыйлықтармен қоса «Лада Гранта» автокөлігі 1-орын иегеріне табысталды. Бәйге 12 шақырымнан тұрды.
Құнандар сайысында 1-орынды Алматы облысынан келген Абзал Тұрмыс (Мамлюк) иеленсе, 2-орын Алматы облысынан Бекзат Ділдаханға (Маржан), 3-орын Шиелі ауданынан Ералы Асуға (Мархаба), 4-орын Ақтөбе облысынан Мирас Жұмалыға (Сұңқар) бұйырды.
Ат жарыстың Аламан бәйгесінің бас жүлдесі «Нива» автокөлігі болды. 24 шақырымға созылған бәйгеде 36 тұлпар сап түзеді. Бәйге жүлдегерлері түйе, жылқы, өгіз сынды ірі қара жеңіп алып жатты.
Аламан бәйге бойынша 1-орын Қызылорда қаласы Думан Қалиға (Ақкөз), 2-орын Жамбыл облысынан Лесбек Молдасханға (Талисман), 3-орын Қызылорда қаласынан Арнұр Саматұлына (Самал) бұйырды.
М.Мәкен
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!