Сейсенбі, 11 қараша, 01:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№86, (2198)
11.11.2025
PDF мұрағаты

Абайбек Сарсенбеков, Сейілбек Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернаты директоры: Басты бағыт – дарынды оқушыларды шыңдау

11.11.2025

45 0

Жаһандану дәуіріне қадам басқан ел үшін сапалы білім мен озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу – ел дамуының басты кепілі. Осы жолда білім мен тәрбиені ұштастырып, ғылымға құштар жас ұрпақты шыңдай білетін оқу орындарының рөлі ерекше. Солардың қатарында Қызылорда қаласындағы Сейілбек Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернаты бар. Бұл лицей талай дарынды оқушының болашағына жол ашқан, ұлттың интеллектуалдық әлеуетін көтеруге үлес қосып келе жатқан бірегей білім ордасы. Бүгінде еліміздегі ең үздік білім ордаларының қатарынан көрініп жүрген лицей туралы толығырақ білу мақсатында білім ордасының директоры Абайбек Сарсенбековпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Лицейдің басты ерекшелігі туралы айтып өтсеңіз. Сіздің жетекшілігіңізбен бұл оқу орны қандай бағыттарға басымдық береді және өзге мектептерден ерекшеленетін артықшылықтары қандай?

– Біздің мектеп жаратылыстану-матема­тикалық бағытта білім береді, әсіресе биология, химия, информатика, мате­матика, физика пәндерін тереңдетіп оқытады. Біріншіден, жаратылыстану бағытындағы пәндерді терең­детуге көңіл бөлеміз. Екіншіден, көптеген пәнді ағылшын тілінде оқы­тамыз. Негізгі басымдық осы. Қазақстан бойынша білім-инновация лицейі бар, солардың барлығы осы бағытта жұмыс істейді. Қазір біз ерекше көңіл бөліп отырған бағыт – «IB» деп аталатын халықаралық бакалавриат бағдарламасын енгізу. Еліміздегі білім-инновация лицейлерінің ішінде «IB» бағдарламасын іске қосуға арнайы таңдалған оқу орындарының біріміз. Сондықтан басты міндетіміз – осы халықаралық бағдарламаны табысты игеру. «IB» бағдарламасының табысты жүзеге асуына облыстық білім басқармасының үлесі зор. Әсіресе басқарма басшысы Асқарбек Темірбекұлы мен басқарма ұжымының қолдауы ерекше екенін атап өткен жөн. Өзге өңірлерде мұндай деңгейдегі қолдау көрсетілмей жатқан жағдайда, біздің облыста керісінше дарынды балаларға барынша жағдай жасалып отыр.

– Оқушыларды пәндік олимпиадаларға дайындауда лицейде қандай ерекше әдістер мен тәсілдер қолданылады?

– Біріншіден, біздің лицейге негізінен ғылым-білімге құштар, олимпиадалық жарыс­тарға бейім балалар ірікте­ліп келеді. Екінші­ден, оқушылар олимпиадаға өздері қызығу­шылықпен дайындалады. Мысалы, жоғары сынып оқушылары төменгі сыныптағы шәкірт­терге күрделі тақырыптарды түсіндіріп, бірге дайындық жүргізеді. Үшіншіден, жетістіктер тек мұғалімдер мен оқушылардың еңбегі деп қарамау керек.Бізде ата-аналар және лицей түлектерінің қауымдастығы өте белсенді. Олар оқушыларға жан-жақты қолдау көрсетеді, керек кезде келіп бағыт-бағдар береді, тіпті қаржылай да көмектеседі. Өйткені біздің балалар респуб­ликалық,  халықаралық жарыстарға барған кезде жол шығындары болсын, басқа да қажеттілігіне, түлектер әрдайым демеушілік жасап отырады. Бұл лицей ұжымының бірлігі деуге болады.

– Дарынды оқушылардың қабілетін шыңдау бағытында лицейде тағы қандай жаңа бағдарламалар енгізілуде?

– Дарынды балаларды шыңдау мақсатында қазір халық­аралық бакалавриат (IB) бағдар­ламасы кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Бағдар­лама аясында оқушыларға ағылшын тілін терең­детіп оқытуға ерекше көңіл бөлінуде. Мысалы, 10-11сыныптарда оқушылар «IELTS» емтиханына бағытталған арнайы бағдарлама бойынша оқиды және сол арқылы тіл деңгейін жетілдіреді. Ал 7-8-сыныптарда «Cambridge English» емтихандарының «KET» және «PET» деңгейлеріне дайындық бағдарламаcы жүр­гізіледі. Яғни, ағылшын тілін тереңдетіп оқыту жүйелі жолға қойылған. Мұның бәрі оқушы­лардың халықаралық білім кеңістігінде өзін еркін сезініп, қабілетін барынша көрсете алуына көмектеседі.

– Лицей оқушылары халықаралық пәндік олим­пиада­лардан, әлемдік білім додаларынан жеңімпаздар қата­рында. Осындай жетістік артындағы еңбекті айтсаңыз…

– Рас, соңғы жылдары оқушыларымыз талай биіктер­ден көрініп келеді. Республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы жыл сайын жалпы білім беретін 2000 мектептің ішінде 100 үздік мектептің рейтингісін шығарады. Сол тізімде біздің лицей қазіргі таңда алғашқы ондықтың қатарында тұр. Бұл – кез келген мектеп үшін үлкен жетістік. Сонымен бірге соңғы үш жыл бойы оқушыларымызды қатарынан дүниежүзілік пән олимпиадаларына қатыстырып келеміз. Әрине, мұның барлығы жоспарлы еңбектің нәти­жесі. Ең алдымен, білімге құштар талантты балаларды лицей­ге тартып, іріктейміз. Одан кейін сол дарынды оқушы­лар­мен жүйелі жұмыс жүргіземіз. Халықаралық олимпиа­даларға біздің оқушыларды дайындау жұмыстары «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығында жүйелі түрде жүргізіледі. Оқушылардың дайындық оқу-жат­тығула­рын тегін ұйымдастырып, бару-келу шығындарын көтереді, халықаралық деңгейдегі жаттықтырушыларды тартып, соңына дейін сапалы даярлық жасайды. Сонымен қатар «Білім-инновация» қоры ұйымдастыратын арнайы оқу-жат­тығу жиындарына балаларды қатыстырамыз. Сол жиын­дарда біздің шәкірттер республика бойынша өздері сияқты озат балалармен бірге дайындалып, тәжірибе алмасады, білімде­рін шыңдай түседі. Осындай көп деңгейлі дайындық нәтижесін­де оқушыларымыз халықаралық олимпиадаларда жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүр.

– Соңғы жылдары білім беру саласында көптеген өзгеріс болып жатыр. Жақында Мемлекет басшысының Жолдауында жасанды интеллектке басымдық беру туралы айтылды. Жалпы, жасанды интеллектті оқу үдерісіне енгізу туралы жиі сөз болуда. Сіздің ойыңызша, бұл жаңалық білім беру жүйесіне қалай әсер етпек?

– Жасанды интеллектті қолдану – уақыт талабы, оның білім саласына берері көп. Дегенмен оның теріс әсері болуы мүмкін екенін де ескеру керек. Мысалы, кейбір оқушылар берілген тапсырманың жауабын жасанды интеллекттің көмегімен дайын күйінде ала салуы, есептердің шешімін өзі шығармай, цифрлық технологияға жүгінуі, тіпті шығармашылық жұ­мыстың мәтінін толығымен компьютерге жаздырып қоюы мүмкін. Бұл, әрине, баланың өздігінен ойлану, іздену қабілетін тежейді. Ал біз енгізіп жатқан «IB» бағдарламасында баланың белгілі дағдыларды игеруіне басты назар аударылады. Мұнда оқушының қол жеткізген нәтижесі маңызды болғанымен, сол нәтижеге жету жолындағы еңбегі одан да маңыздырақ. Осы бағдарламаның аясында оқушылар сыни тұрғыдан ойлау, академиялық адалдық сияқты қасиеттерді бойына сіңіреді. Сондықтан мұндай дағдыларды қалыптастырған оқушы жасанды интеллекттің тек тиімді жағын ғана пайдалануды үйренеді деп ойлаймын. Яғни, технологияға тәуелді болмай, керісінше, оны қажет кезде пайдалы құрал ретінде қолдануға бейімделеді.

Мемлекет деңгейінде де ел Президенті цифрлық даму бағытына айрықша көңіл бөліп отыр. Арнайы министрлік құрылды. Біз де жаратылыстану-техникалық бағытта білім алатын дарынды балаларды дамытуға күш салып келеміз. Ертеңгі күні мектеп бағдарламасына жасанды интеллект негіздері жеке пән ретінде енетін болса, біз де сол бағытта аянбай еңбек етеміз деп ойлаймын.

– Қазақстанның болашағына үлес қосатын жаңа буын мамандарын тәрбиелеу үшін білім беру саласында қандай басым бағыттарға көңіл бөлу қажет деп санайсыз?

– Жалпы, бұл басты бағыттарды мемлекетіміз айқындап та қойды деуге болады. Әр баланы адал азамат етіп тәрбиелеу – негізгі міндет. Қазір елімізде осыған арналған «Адал азамат» деп аталатын бірыңғай тәрбие бағдарламасы қабылданды. Білім-инновация лицейі 30 жылдық тәжірибесінде құндылық­тарға негізделген өзіндік тәрбие жүйесін қалыптастырған. Енді сол жүйені оқу-ағарту министрлігі басқа мектептерге де үлгі ретінде ұсынып отыр.

Ал академиялық тұрғыдан қарасақ, әлемдік озық тәжіри­белерді білім беру процесіне батыл енгізу қажет деп санаймын. Мысалы, биыл лицейде IB халықаралық бағдарламасын қолға алуымыз көп жылдық ізденістің нәтижесі. Біз бұл бағдарламаны бір-екі жылда енгізе салған жоқпыз, соңғы он жыл бойы жан-жақты зерттеп, дайындығын жүргіздік. Оқушыларымыз дамы­ған елдердегі замандастарынан кейін қалып қоймауы үшін қандай академиялық басым­дықтар беру керектігін зерделедік. Соның нәтижесінде осындай халықаралық дәрежедегі бағдарламаны енгізуге бел будық. Егер ұрпаққа сапалы тәрбие мен заманауи білім берудің осы бағыттарын толық іске асыра алсақ, болашақта елімізде дамыған мемлекеттердің деңгейінен қалыспайтын, жаңа жағдайға бейім, мықты ұрпақ қалыптасады деп ойлаймын.

Әрине, мұның бәрі бір күнде іске асатын шаруа емес. Әлем­дік бағдарламаларды толықтай сіңіру үшін уақыт қажет. Мәсе­лен, IB бағдарламасын толығымен жүзеге асыру үшін шамамен екі жыл уақыт керек. Халықаралық ұйым болғандықтан, олар сол мерзім ішінде мұғалімдер құрамының, оқушыларымыздың дайындық деңгейін, жалпы лицейдің жаңа жүйені игеру қабілетін жан-жақты бақылап, бағалайды. Содан кейін ғана мектепке ресми түрде IB бағдарламасы бойынша білім беруге мүмкіндік беретін сертификат табыстайды. Біздің алдағы екі жылдағы негізгі жоспарымыз – осы сынақ кезеңінен сәтті өтіп, IB бағдарламасын толыққанды түрде лицей өміріне енгізу. Айта кету керек, бұл бағдарлама бұған дейін елімізде көбіне жекеменшік мектептерде ғана қолданылып келді және ол үшін қомақты қаражат қажет еді. Ал біздің лицейге IB енгізу мүмкіндігі туғанда, облыстық білім басқармасы бұл бастаманы қолдап, қаржылай жағынан да, жалпы ұйымдастыру тұрғысынан да жәрдемін беріп отыр. Сондықтан алдағы басты мақсатымыз – осы IB бағдарламасын толық іске асырып, лицейдің мүмкіндігін жаңа деңгейге көтеру.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: