Сенбі, 04 мамыр, 02:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

«Ақсақ киік» мені көтерді, мен «Ақсақ киікті» елге таныттым

28.11.2023

3232 0

Жүрекжарды сұхбатымыздың бүгінгі қонағы – «Құрмет» орденінің иесі, Шиелі ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, «Ақсақ киік» әнімен елге танылған әнші-композитор Әлмырза Ноғайбаев.

– Сіз алғаш «Ақсақ киік» әнімен танылдыңыз деп ойлаймын. Қалың көпшіліктің назарына ілінген осы әніңізді тебіренбей тыңдау мүмкін емес. Бұл әнді қалай таңдадыңыз? Әннің елдің қошеметіне бөленетінін сездіңіз бе?

– Бұл әннің шығу тарихы ұзақтау. 1965 жылы мен мектеп бітіргеннен кейін Алматыдағы эстрада және өнер студиясына оқуға түстім. Директоры Гүлжаһан Талиева бізге ұстаздық етіп, көркем сөз оқушыларды дайындады.  Сондай бір дайындық үстінде ұстазымыз Қуаныш Әбдіқалиев деген әнші жігітке Сәкен Сейфуллиннің «Ақсақ киік» әнін жаттатты. 10-15 бала бірге жатамыз. Жаңағы бала өлеңнің мәтінін қасымда жүріп қайта-қайта айта бергеннен мен жаттап алдым. Тіпті ол миыма кіріп кетті. Студияны бітірген соң мені Қарағандыға жіберді. 1967 жылы Қазақ ССР-інің Халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің сыныбынан дәріс алдым. 1967 жылы Қарағанды

мемлекеттік филармониясының әншісі болдым. Қарағандыда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мағауия Көшімбаевтың бригадасына бардым. Мен жаспын, ол кісі үлкендеу. Сахнада ән айтам, концерт жүргіземін, күй тартам. «Ақсақ киікті» сахнада оқимын, оның ол кезде әні жоқ. Сөйтіп жүргенде әскерге алып кетті. Әскери борышымды өтеп болғаннан кейін 1970 жылы Шиелі аудандық мәдениет бөлімінде түрлі қызметте болдым. Екі-үш жыл жұмыс істегеннен кейін Қызылордада облыстық филармония ашылды. Мен сол жерге жұмысқа кірдім. Филармонияда менімен құрдас Иният Жарылқап деген жігіт болды. Ол белгілі әнші Әскербек Еңкебаевтың інісі еді. «Көкшетау» поэмасын айтады. Ән құлағыма құйылып қалды. Сол әнге салып «Ақсақ киікті» айта бастадым. Ол 1970 жыл болатын. Сөйтіп «Ақсақ киік» менің коренной әніме айналды. Әншінің сондай қабілетін ашатын, мерейін

көтеретін, жанына, болмысына сәйкес келетін әндер болады. Әннің бәрін айта бересің, бірақ ол сенікі болмайды. Жеке әнің өте қонымды жүрегіңнен шығады. Сол әнді әлі айтып келемін. Дәл мен секілді сүйіп айтқан адамды көрмедім. Бұл әнді талай адам айтып көрді. Бірақ оң жамбасына келмеді. Әнді айту үшін киіктің зары бойыңа өтіп, боздап отырып айтуың керек. Айту үшін образға кіріп, даланың, киіктің табиғатын білуің керек. Жырды бойыңа сіңіруің керек. Халыққа ұтымды жеткізе білдім деп ойлаймын. Әнге сұраныс көбейді. Осылай «Ақсақ киік» әні менің әнім болып қалды. Қызылордаға концерттерге шыға бастадым. Алматыға «Тамашаға» шақырту алдым. 1983 жылы «Тамашаның» жаңа жылдық қойылымында осы әнді айттым. «Ақсақ киік» мені көтерді, мен «Ақсақ киікті» елге таныттым.

– Өнерге қалай келдіңіз?

– Өнерге келуім де ұзақтау әңгіме. Мектепте 9-сынып оқитын кезім. Домбыра үйірмесі ашылды деген хабарландыруды көріп, дереу жазылдым. Бірінші кездері барған жоқпын. Сыныпта 1-2 бала барғаны есімде. Әлгілерден «домбыра үйрендің ба?» деп сұрадым. Сөйтсем домбыра тарту оңай емес екен. Мен де бағымды сынап көрейін деп бардым. Барсам жетекшім «домбыраң бар ма?» деп сұрады. Мен жоқ екенін айттым. «Домбыра тауып алыңдар» деді. Тақтаға домбыраның екі ішегінің суретін сызып әріптермен перненің асты-үстіне нөмірін жазады да қағысы жоғары, төмен деп сызықпен көрсетіп қояды. Осылай үйрендім. «Кісен ашқан» деген күйден бастадым. Демалысқа шыққанша 3-4 күй үйрендім. Жаздың күні ауылдың ансамбліне қосылып, сахнаға шыға бастадым. Шиеліге барып аудандық байқауға қатыстым. Нешінші орын алғанымыз есімде жоқ. Әйтеуір жүлдемен оралдық. Көп ұзамай ауданда оркестр құрылды. Сол оркестрмен Қызылордаға барып, дүйім елге өнер көрсетіп, 1-орын алдық. Бізді Алматыдағы республикалық жарысқа жіберетін болды. Алматыдан Нұрғиса Тілендиев келіп бізді жарысқа дайындады. Атағы дүйім елге белгілі Социалистік еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың атынан Алматыға өнер көрсетуге бардық. Дүбірлі жарыстан 2-орын алып, дипломат болып, жалауымыз желбіреп елге қайтқанбыз. Өнер жолына осылай келдім. Өнерге қадам басқаннан кейін түрлі жарыста бақ сынадым. 1998 жылы Ашхабатта өткен Кіндік Азия және ҚР-ның әнші-композиторларының фестивалінде бас жүлдені жеңіп алдым. 1990 жылы «Жас дәурен» ән-би ансамблінің құрамында Португалияда өнер көрсеттім. 1994 жылы Шиелі ауданының өнері мен мәдениеті, 1996 жылы Қызылорда облысының өнері мен мәдениеті күндері Алматы қаласында өтуіне орай Қазақконцерт залында ән айттым. Шығарған әндерімді өзім нотаға түсіремін. Еткен еңбегім еленбей қалмады. 2018 жылы «Құрмет орденінің кавалері», 2022 жылы Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атандым.

– Сіз әнші ғана емес, мықты композитор екенсіз. Бұл сізге берілген бақ деп білеміз. Қоржыныңызда қанша ән бар?

– Мен өзімді керемет сазгермін деп айта алмаймын. Мен әншілігіммен танылдым. Мектепте оқып жүргенде бір өлең ұнап, соған ән шығардым. Бірақ алғашында ән емес сияқты біртүрлі естілді. Өйткені ол кезде Шәмші Қалдаяқовтың, Әбілахат Еспаевтың, Нұрғиса Тілендиевтің әндері құлаққа жағымды болған соң көп айтатынбыз. Сабырхан Асанов деген ақынның өлеңін ауыл сахнасына шығып айттым. Бірақ өз әніме бойым үйренбеді. Кейін оқуға түсіп келгеннен кейін жәймен ән шығара бастадым. «Думан», «Бір үзім нан», «Ләйләжан», «Қарамең» әндері ел ішінде кең таралды. Осы ән шығаруға қатысты бір әңгімені айта кетейін. Үйленбеген бойдақ кезім. Інімнің келіншегінің құрбысы дүкенде сатушы еді. Келінім сол қызды менімен таныстырмақ ойы болды. Бір күні маған «Қайынаға дайындал. Қыздың туған күні келе жатыр. 1-май туған күні» деді. «Оған қалай дайындалам?» деген ой көлбеп тұрып алды. Ол дүкенде сатушы. Ол кезде қазіргідей базар жоқ. Дүкеннен сыйлықты сатып алсам ол кейін сатып жіберуі мүмкін деген ой мазалады. Сатылмайтын сыйлық жасауым керек деп түйдім. Сөйтіп өлең іздедім. «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері» деген журналдарды ақтарып «Дүкенші қыз» деген өлең тауып алдым. Соған отыра қалып ән шығардым. Бұл 1970 жыл болатын. Ол кезде ауылда дыбыс

жазатын студия жоқ. Айдап отырып Қызылордаға бардым. Сол жақтан мандарин тауып алдым. Қызылордада бір ақ жерде дыбыс жазатын құрылғы бар. Соған барып «Дүкенші қызды» жаздырдым. Сол ән қыздың жан дүниесіне қатты әсер еткен болуы керек, мені қомсынбай қабылдады. Сөйтіп екеуміз қыз бен жігіт болып жүрдік. Көп ұзамай отау құрдық. Мен қоржынымда қанша ән барын білмеймін. Кезінде Ғарифолла Құрманғалиевтің мектебін бітірдім. Онда шыққан біраз әндер бар. Қазір жасым ұлғайды. Сондықтан 4-5 ән орындауым мүмкін. Көп әндер сахнаға тұрақты шықпағаннан кейін ұмытылып қалды. Күнде концерт, гастрольге шығып жүрген сұраныстағы әнші емеспін. 70-тен асып 80-ге жақындағасын белгілі ғой анда-санда домбыра шертіп ұмытпайыншы деп айтқандарым болмаса. Шиеліде айтқан «Күләнда», «Ақтоғай» әндері әлі күнге сұраныста. Студияда оқып жүргенде батыс әндерін тізіп бір дәптерге жазып қойғанмын. Анда-санда қолыма алып жатқа білмесем де, қайталап отырамын. Әнді ұмытпайын деген ойдан болар. Мені концертке жылына 1-2 рет шақыруы мүмкін. Репертуарымда сондай кезде орындайтын бірнеше ән бар. Менің «Құдаша» деген әнімді көп адам орындады. «Ақсақ киікті» де біраз адам шырқады. Тіпті орындаған әйел дебар. Гүлмира Сарина деген әнші «Ақсақ киік» әнін репертуарына алды. Бірақ бұл ән әйелдердің айтуына келе бермейді. Ол менің әнім емес біздің елдің термелерінің сарыны. Астанада құрылтай болды. Соған мені шақырды. «Ақсақ киікті» орындадым. Көрермендердің ішінен үлкен кісілер жылады. Мені радиодан естіген, көрген

кезде еріксіз көздеріне жас алды. Сахнаның сыртына шыққаннан кейін бір жігіт келіп «Аға, рақмет!» деді. «Талай жігіттің айтқанын естідім. Оригиналдың аты оригинал ғой» деп риза болды.

– Өнердегі жолыңызды Ақмарал қызыңыз жалғастырып келеді. Өнерлі әке үшін ән мұраңызды жалғайтын перзентіңіз болғаны бұйырған бақ болар?

– Менің ізімді Ақмарал қызым жалғап келеді. Оны бастауышты бітірген соң музыка мектебінің аккардион бөліміне бердім. Шиелінің бренді – Нартай екені белгілі ғой. Нартайдың әнін кезкелген әнші орындай алмайды. Мәселен, оны орындауға менің дауысым жұмсақ, сондықтан ол ән маған көнбеді. Оған үнді дауыстар керек. Ол гармонмен айтылады. Менің Ақмаралды гармонға берген шешімім дұрыс болды. Қызым кейін домбыраны өзі үйреніп алды. Музыкалық мектепті бітіргесін нотаны білді. Аккардионмен Нартайдың әнін айтты. Қызылордадағы Қорқыт ата университетіне түсіп, музыка факультетін бітірді. Қазір елге танылып, дәстүрлі өнердің үлкен өкілі болды. Қызым бүкіл Қазақстанға танымал әнші десем қателеспеймін. Гармонмен талай конкурсқа қатысып, жеңімпаз атанып,

өнердің алтын тінін жалғап келеді. Құдай берген бес перзенттің ішінде өнердің киесі Ақмарал қызыма дарыды. Басқа балаларым әр саланың кәсіби мамандары.

– Әндеріңізді сүйіп тыңдайтын көрермендерге жылы лебізіңіз…

– Көрсеткен өнеріміздің сарапшысы да, тыңдаушысы да халық. Сондықтан халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын. Бұл жыл да қорытындылануға жақын. Ұлт өнері мен руханияты табыстан табысқа жете берсін.

– Емен-жарқын сұхбатыңыз үшін рақмет!

Сұхбатты жүргізген

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: