Бейсенбі, 26 желтоқсан, 19:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Арслан Стамқұлов, полиция капитаны: «Басты міндет – халыққа қызмет ету»

05.10.2021

1992 0

5 қазан – Қазақстандағы криминалдық полиция күні. Кеңес үкіметі кезіндегі НКВД-ның қаулысымен 1918 жылдың 5 қазанында ашылған бұл полициялық бөлімге биыл 103 жыл. Бойындағы батылдық және адалдық қасиеттері арқылы ең қиын жағдайдың өзінде өз міндеттерін толық атқаруға, қылмысты ашуға барын салатын бұл бөлім қызметкерлері нағыз батыр деген атқа лайықты. Мереке қарсаңында осы салада абыройлы қызмет етіп жүрген азамат, Қызылорда қалалық Полиция басқармасының криминалды полиция бөлімі жеке тұлғаға қарсы қылмыстарды ашу тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі жедел уәкілі, полиция капитаны Арслан Стамқұловпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Арслан Берікұлы, сұхбатқа кіріспес бұрын кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын…

– Рахмет. Мен де осы салада бірге абыроймен қызмет атқарып жүрген әріптестерімді, қала тыныштығын сақтау мақсатында өз міндетін жауапкершілікпен атқарып жүрген қызметкерлерді құттықтаймын. Қызметте абырой, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін. Бастысы халық тыныштығы үшін тынбай қызмет етейік!

– Бұл салаға қалай келдіңіз?

– Бала кезімнен полиция болуды армандайтынмын. Мектепті бітірген соң осы арман жетегімен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетіне түстім. Жоғары оқу орнын 2014 жылып тәмамдап, кейін 2016 жылы Сырдария аудандық ішкі істер бөлімінде тергеу бөлімінің тергеушісі қызметін тағылымдамадан өтуші ретінде атқардым. Осыдан бастап менің құқық қорғау органдарында қызметім басталды. Қазіргі кезде Қызылорда қалалық Полиция басқармасы криминалды полиция бөлімінде бір кісідей қызмет атқарып жүрген жайым бар.

– Сіз үшін «полиция» деген кім?

– Полиция, әрине, ең алдымен азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігіне жауап беретін қызметкер. Олар жұмыс барысында қылмысты болдырмау, орын алған қылмысты ашу және қылмыскерді құрықтау секілді жауапты істерді атқарады. Одан бөлек, құқық қорғау қызметі – ең жауапты жұмыстың бірі. Себебі мұнда халық сіздің жүрістұрысыңызға қатты қарайды. Сондайақ қызмет барысында да өзіңді таныту үшін шынайы шеберлік қажет. Біздің басты міндет – халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығы.

– Қазіргі таңда Қызылордадағы қылмыстық ахуал қандай?

– Қалада қылмыс түгелдей жойылып кетті деуге келмейді, әрине. Бірақ ахуал бірқалыпты. Түрлі қылмыс тіркеледі. Соның ішінде ұрлық жасаған жағдайлар көп кездеседі. Дегенмен оларды уақытылы ашып, қылмыскерлерді жауапқа тарту үшін қызмет етіп жүрміз. ХХІ ғасыр дегенімен біздің базарларда әлі кезге дейін қалта ұрылары бар. Көпшілік мұндай қылмыстар баяғы заманда қалып кетті, қазір бейнекамералар бар, ешкім ондайға дауаламайды деп ойлайды. Десе де біз күнделікті қызметімізде қалта ұрыларын құрықтап жүрміз. Көбіне олар басқа қаладан келген, өз ісінің нағыз шебері болған адамдар. Алайда осы қызмет барысында жинаған барлық тәжірибеміз ондай қылмыскерлерді анықтауға көмектеседі.

– Қызмет барысындағы бір қызықты оқиғаны айтып берсеңіз?

– Жақында қалада Камри автокөлігі ұрланды. Кәдімгі үйдің ауласында тұрған көлікті ұрлап кеткен. Иесі бізге хабарлаған тұста-ақ іздестіру жұмыстарын бастадық. Қаладағы барлық бейнебақылау камераларын қарап, көліктің Белкөл кентіне қарай шығып кеткенін байқадық. Бірақ бір қызығы, қаладан шығар жердегі камералардан ол көлік байқалмады. Осы кезде көліктің әлі де болса Қызылордада екенін және бірнеше уақыттан кейін қаладан шығатынын түсініп, қала шетінде күттік. Түнгі уақытта бір газель көлігі қаладан шығып бара жатты. Бортының артқы есіктері ашық және ішінде ұрланған Камриға ұқсайтын көлік бар. Газельді тоқтатып, жүргізушіден мән-жайды сұрадық. Жүк көлігінің жүргізушісі қарапайым жүк тасымалдайтын жүргізуші болып шықты. Ал көлікті ұрлаған адам Шымкент қаласына апарып сатпақшы болған екен. Ол жүк көлігін жалдап, өзі таксимен кетіп қалған. Міне, қызмет барысында осындай қулыққа баратын қылмыскерлер де кездеседі. Бастысы қылмыскер жауапқа тартылды, көлік иесіне қайтарылды.

– Сіздің қызмет темірдей тәртіпті талап етеді және уақыт талғамайды. Кейде еркіндікті қаламайсыз ба?

– Иә, халық үшін қызмет ететін болғандықтан біздің жұмыстың талабы қатал. Қай кезде де жұмысқа сақадай сай болуымыз керек. Бірақ өзімнің арманымдағы қызмет болған соң қызметімнен шаршамаймын. Керісінше күн сайын өткеннен екі есе жоғары деңгейде міндетімді атқаруға, тапсырманы орындауға асығамын. Сырт көзге біздің жұмыс оңай көрінеді. Алайда бұл қызметте болмағандар мұндағы жауапкершілікті сезіне алмайды. Біздің басты мақсат – қалтқысыз қызмет ету. Бізде де физикалық және моральдық тұрғыдан шаршау деген болады. Ондай кезде отбасымның, балаларымның қасынан жаныма жай табамын. Осылайша келесі күні жаңа күшпен, серпінмен жұмысқа кірісемін

– Болашаққа деген жоспарыңыз қандай?

– Мен болашақ туралы ойласам өзімді осы саладан көремін. Сол себепті міндетімді жоғары дәрежеде атқарып, қызметте абыройлы болуды өзімнің міндетім санаймын. Одан бөлек, қызметтік сатыда жоғары көтеріліп, жоғары дәрежелі шен тағу да бар. Бірақ ең бастысы халыққа қызмет ету, тәртіп пен тыныштықты сақтау.

 – Ашық-жарқын сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: