Өңірде «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету жоғары маңызға ие. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев құқық қорғау құрылымдары тек қолдағы ресурстармен шектелмей, қылмыстың алдын алу үшін жаңа әдістерді енгізу қажет екенін айтып келеді. Мәселен, экономикалық және киберқылмыстарды анықтауда жасанды интеллектті қолдану тиімді тетік деп саналады.
– Мүдделі құқық қорғау органдары қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қоятын жаңа тетіктерді дамытуы тиіс. Осы бағыттағы қылмыстарды анықтауда жасанды интеллектті пайдалану – орнықты шешімнің бірі. Бүгінгі форум – біздің алдағы жұмыстарымызды жаңа формацияда жүргізуге өз септігін тигізеді деп сенемін, – деді Н. Нәлібаев жуырда өткен өңірлік «Заң және тәртіп» форумында.
Осындай өзекті міндеттер аясында Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп–тексеру департаментінің басшысы Аслан Кеңесұлымен сұхбаттасып, жұмыс жоспары мен аймақтағы экономикалық қауіпсіздік туралы әңгімелескен едік.
– Биыл экономикалық тергеп–тексеру департаменті жұмысының үш негізгі басымдығы қандай болмақ?
– Ең алдымен жуырда өңірімізде V Ұлттық құрылтайдың отырысы өтіп, жерлестеріміз үшін тарихи маңызды оқиға екенін атап өткім келеді. Мемлекет басшысының өзі арнайы келіп, аймақтың дамуына оң бағасын берді. Әсіресе экономикалық даму бағытында тың серпін бар екенін атап өтті. Бұл баршамыздың бірлесе атқарған жұмысымыздың нәтижесі деп білеміз. Осындай маңызды кезеңде біз бірнеше стратегиялық бағыт бойынша жұмысты күшейтуді жоспарлап отырмыз. Ең бірінші кезектегі басымдық – су ресурстарын тиімді басқару мәселесі. Сыр өңіріндегі аяқсу тапшылығын жою бағытында жүйелі шаралар жүргізілетін болады. Екіншіден, медицина және білім саласында бөлінген мемлекет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге мән береміз. Сонымен қатар әлеуметтік төлемдер бағытындағы алаяқтықтың алдын алу және жалпы салаларды цифрландыру үдерісін жетілдіру де күн тәртібінде. Атап айтқанда, атаулы әлеуметтік көмек пен балаларға бөлінген қаржының мақсатсыз жұмсалуын анықтап, болдырмау шаралары күшейтіледі.
– Өңірде «көлеңкелі экономика» қай салаларда көбірек байқалады?
– Жалпы, Қызылорда облысында көлеңкелі экономикаға қатысты қылмыстық істер жиі тіркеледі деп айтпаймыз, сирек кездеседі. Дегенмен кейбір заңсыз әрекеттер белгілі бір салаларда анықталып жатады. Мысалы, акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымы – контрабандалық немесе құжатсыз сатылатын темекі өнімдері мен вейптер. Сондай-ақ мұнай және мұнай өнімдерін ілеспе құжаттарсыз тасымалдау деректері кездеседі. Мұндай құқықбұзушылықтарға жол бермеу мақсатында тиісті бақылау тұрақты жүргізілуде.
– Өткен жыл қорытындысы бойынша Қызылорда облысында экономикалық құқықбұзушылықтардың қай түрі жиілеп тұр?
– Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мемлекет қаржысын жымқыру (талан-таражға салу) және алаяқтық жолмен иемдену деректері жиі кездеседі. Былтыр департамент өндірісінде жалпы 61 қылмыстық іс тіркеліп, оның 37-сі сотқа жолданған. Бұл көрсеткіш өткен жылдарға қарағанда төмендегенімен, әлі де алаңдатып отырған басым құқықбұзушылық түрі – бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану және әртүрлі алаяқтық схемалар.
– Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне келіп түсетін өтініш-шағым саны көп пе, әлде азайды ма?
– Иә, азаматтардан түсетін өтініш саны артып келеді. Мәселен, 2022 жылы «E-Өтініш» электронды порталы арқылы департаментке 329 өтініш түссе, 2023 жылы бұл сан 478-ге жетті. Бұл азаматтардың өз құқықтарын қорғауға белсенді кірісіп, біздің органға сенім білдіргенінің көрінісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып, әрбір өтінішке жедел әрі сапалы жауап беруге ерекше мән береміз. Айта кету керек, тұрғындардың арыз-шағымы көбейгенімен, тіркелген қылмыстық іс саны белгілі бір деңгейде азайды. Бұл құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмыстарының нәтижесі деп айтуға болады. Себебі біз бұзушылықтардың алдын алуға, ескертуге басымдық беріп отырмыз. Департамент өз қызметінде ашықтық пен жариялылық қағидатын қатаң ұстанады. Облыс тұрғындары кез келген уақытта, заңда белгіленген тәртіпке сәйкес, менің немесе орынбасарларымның жеке қабылдауына келе алады. Сонымен бірге жылына екі рет өңір бойынша «Заң керуені» атты кең көлемді акцияға атсалысамыз. Облыс әкімі құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге Жаңақорғаннан Аралға дейінгі барлық аудандарды аралап, шалғай ауылдардағы халықты жеке қабылдап, өтініш-тілектерін тыңдаймыз. Бұл іс-шара жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
– Қызылордада қаржы пирамидалары өзін қалай көрсетеді: инвестиция, оқу курсы, маркетплейс, криптовалюта…?
– Соңғы жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, қаржы пирамидалары көбінесе инвестициялық жоба кейпінде жасырылып келеді. Ғаламдық цифрлық дәуір алаяқтарға жаңа әдістер ойлап табуға мүмкіндік берді, әсіресе әлеуметтік желілер олар үшін халықты алдаудың басты құралына айналды. Бұрын қаржы пирамидасын құрып, жұртты тарту үшін кеңсе ашып, адамдарды бетпе-бет сендіру қажет болса, қазір интернет және әлеуметтік желі арқылы мыңдаған адамды оңай иландыруға жол ашылды. Әрине, алдау тәсілдері заманға қарай өзгергенімен, қаржы пирамидасының негізгі схемасы бұрынғыдай қалып отыр. Сондықтан қандай жағдай болсын, ақша оңай жолмен келмейтінін әрдайым есте ұстаған абзал.
– Онлайн алаяқтықта ең жиі кездесетін сценарийлер қандай? Жалған несие, «банк қызметкері», фишинг, әлде маркетплейс алаяғы ма?
– Кең таралған қауіпті әдістің бірі – алаяқ өзін банк қызметкері не құзырлы мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырып, азаматтың сеніміне кіруі. Телефон арқылы немесе мессенджерде осындай байланыс орнатқан алаяқтар тұрғындардың жеке деректерін қолды етуге әрекеттенеді. Мұндай жағдайға тап болған азаматтар дереу күдіктеніп, сөйлескен адамның кім екеніне көз жеткізуі қажет. Ең қарапайым әдіс – банк немесе мекеменің ресми сайты арқылы сall-орталықтың нөмірін тауып, соған өзіңіз қоңырау шалып ақпаратты қайта тексеру. Жалпы, интернет-алаяқтық фактілері бойынша қылмыстық істерді тіркеу және тергеу полиция департаментінің құзыретіне жататынын ескеру керек. Сол себепті алаяқтың құрбаны болған тұрғындар уақыт оздырмай, тез арада полицияға жүгінгені дұрыс. Себебі экономикалық тергеп-тексеру департаментінің негізгі мақсаты – өңірде бюджет қаржысын жымқыру, алаяқтық, заңсыз қолма-қол ақша айналымы сияқты экономикалық қылмыстарды анықтап, тоқтатып, тергеу. Қарапайым тілмен айтқанда, департамент мемлекет пен халықтың ақшасын «көлеңкелі» схемалардан қорғап, заңсыз табысты анықтап, кінәлілерді жауапкершілікке тартумен айналысады.
– Қызылордада халықтың қаржылық сауаттылығын көтеру үшін қандай бірлескен жобалар жүзеге асуда? Салаға жасанды интеллект енгізу жоспарда бар ма?
– Азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру – қызметіміздегі маңызды бағыттың бірі. Агенттік төрағасының тікелей тапсырмасына сәйкес, бұл тұрғыда облыс әкімдігімен бірлесіп, соңғы жылдары бірқатар кешенді жобалар жүзеге асуда. Мәселен, өткен жылы әлеуметтік осал топтағы 30 мыңға жуық тұрғынды қамтыған кең көлемді кездесу өтті. Сол жиындарда алаяқтықтан сақтану жолдары жан-жақты түсіндірілді. Осы орайда бастамаларымызды үнемі қолдап келе жатқан аймақ басшысына алғысымызды білдіреміз. Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен былтыр өңірде «Fin IQ» және «Қаржы сақшысы» сияқты арнайы жобалар жүзеге асты. Сонымен қатар облыс әкімімен бірге «Заң мен тәртіп: XXI ғасырдың триггері» атты ауқымды форум өтті. Жалпы, біз заманауи технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін де тиімді пайдалану бағытында алғашқы қадамдарды бастап кеттік. Атап айтқанда, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткен жылдың 12-27 қарашасы аралығында студенттерге цифрлық қауіпсіздік бойынша интерактивті сабақ өткіздік. Бұл жобаның басты ерекшелігі – қаржылық мониторинг агенттігінің жасанды интеллект негізіндегі виртуалды офицері «Айдос» қатысып, студенттерге онлайн форматта ақыл-кеңес беруі болды. Жалпы, өңір тұрғындарының қаржылық сауатын арттыру жұмыстары Мемлекет басшысы мен агенттік төрағасы Ж. Элимановтың қолдауымен әр буынның талабы мен ерекшелігіне сай түрлі жаңашылдықтарды кезең-кезеңімен енгізу арқылы жүзеге асуда.
– Ақпараттандырудың ең тиімді форматы қандай деп ойлайсыз: мектеп, ЖОО дәрістері, түсіндірме роликтер немесе тікелей кездесулер ме?
– Бұл форматтың барлығы да өз тиімділігін көрсетеді. Дегенмен азаматтарға ақпарат жеткізудің ең жақсы тәсілі бетпе-бет жүздесу деп ойлаймын. Себебі көзбе-көз әңгімелескенде адам ақпаратты тез қабылдайды, өз сұрақтарына тікелей жауап алады, ең бастысы, еш қобалжусыз көкейіндегі сауалын қойып түсіне алады. Қазіргі жастар болса, қысқа да нақты әрі түсінікті ақпаратқа көбірек мән береді. Сондықтан түрлі коммуникация әдістерін қолданып, мәліметті қызықты формада және нақты дәлел-мысалдармен жеткізу ақпараттың тиімді қабылдануын арттырады. Осы себепті біз кездесулер барысында қаржы пирамидалары, лудомания, «дропперлік» сияқты өзекті мәселелерді талқылағанда міндетті түрде шынайы оқиғалардың мысалын келтіреміз. Мұндай мысалдар мәселенің салдарын тереңірек түсінуге және дұрыс бағалауға мүмкіндік береді.
– Алаяқтықтың құрбаны болған адам ең алдымен қайда хабарласу керек?
– Ең алдымен, бұл мәселе қандай құқықбұзушылыққа тап болғаныңызға байланысты шешіледі. Яғни қылмыстың түріне қарай тиісті құзыретті құқық қорғау органына жүгіну керек. Мысалы, егер мемлекет мүддесіне қатысты экономикалық сипаттағы қылмыс, соның ішінде қаржы пирамидасына алдану жағдайы орын алса, біздің департаментке келіп, кезекші тергеушіге арыз жазуға болады. Сіздің арызыңыз толық зерделеніп, 24 сағат ішінде процессуалдық шешім қабылданады. Яғни, егер құқықбұзушылық белгілері анықталса, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталады. Ал егер экономикалық емес, жалпы қылмыстық алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, онда жоғарыда атап айтқанымдай, полиция органдарына арызданған жөн. Құзыретке сай әр орган өз деңгейінде әрекет етеді.
– Тұрғындарға арналған «жедел байланыс» желісі қалай жұмыс істейді?
– Департамент жанында тәулік бойы істейтін сенім телефоны бар. Кез келген азамат қалаған уақытында 70-87-42 нөміріне хабарласып, құқықбұзушылық жөнінде ақпарат бере алады, анонимділік толығымен сақталады. Сенім телефонына келіп түскен барлық ақпарат арнайы есепке алу кітабына тіркеліп, заңға сәйкес іс-шаралар қабылданады.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!