Сенбі, 13 желтоқсан, 03:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№95 (2207)
13.12.2025
PDF мұрағаты

Балдырған Мәмен, «Қарызсыз қоғам» жобасының Қызылорда облысы бойынша сарапшысы: Қаржылық сауат қашанда керек

13.12.2025

38 0

Биыл «Қарызсыз қоғам» жобасының жүзеге асқанына үш жыл. Осы аптада жобаның жыл бойы атқарылған жұмысы Астанада қорытынды­ланып, Қызылорда облысы үздіктер қатарынан көрінді. Ең бастысы, елдің қаржылық сауатын арттыруда нәтижелі жұмыс бар. Орайы келгенде, «Қарызсыз қоғам» жобасының Қызылорда облысы бойынша сарапшысы Балдырған Мәменмен сұхбаттасудың сәті түсті.

Кеше ғана Астанада «Қарызсыз қоғам» жобасы қорытындыланып  Қызылорда облысы­ның командасы үздіктер қатарынан көрінді. Үздік болу нені білдіреді?

– «Қарызсыз қоғам» жобасы биыл үшінші жыл қатарынан жүзеге асып келеді. Алғашқы жылы пилоттық жоба ретінде республиканың 8 өңірінде жүзеге асты. Нәтижесінде Мемлекет басшысы бұл жобаны барлық облыста жүргізуге тапсырма берді. Былтыр Қызылорда облысы бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 5 эксперт жұмыс істедік, 11300 азаматты оқытып, қаржылық сауаттылығын арттырдық. Биыл бұл жобаның форматы өзгерді. Яғни жоба аясында несиесін төлей алмай жүрген, несие қарызын төлеу 90 күннен асып кеткен азаматтарды оқыту жөнінде шешім қабылданды. Биыл оқу 1 маусымға дейін оффлайн, кейін онлайн жүргізілді.  Яғни көп азамат бұл оқуға оффлайн қатысуға уақыты жоқ екенін айтып, өтініш білдірген соң оқу көпшіліктің ыңғайына қарай онлайн жүргізілді. Онлайн сабақтар qogamfin.kz арнайы сайтында бар, кез келген азамат сол сайтқа кіріп, қаржылық сауатын арттыра алады. Қазақ тілінде Дәулет Мұқаевтың қатысуымен жазылған 23 сабақ, орыс тілінде Олжас Ордабаевтың қатысуымен жазылған сабақтар бар. Сайтқа тіркеліп, тегін сабақ алып, сертификат алуға болады. Жоғарыда айтып өткенімдей, биыл несиесін төлей алмай жүрген азаматтарға құқықтық көмек, қолдау беруге басымдық берілді. Яғни шоты бұғатталған, жаңадан төлеу кестесін алғысы келетін, банкроттық жариялағанды қалайтын, сот арқылы төлем қабілетін қалпына келтіргісі келетін азаматтарға қолдау көрсету шаралары жүргізілді. Нақты айтқанда, мұндай жағдайда азаматтар қандай құжат толтыруды, қайда бару керек екенін білмейді. «Қарызсыз қоғам» жобасының заңгерлері осындай мәселе туындаған жағдайда не істеу керек деген сұраққа жауап беретін алгоритмдер және нұсқаулықтар әзірледі. Барлығы  халыққа түсінікті, неден бастау керек екені жазылған. Яғни жоба аясында азаматтардың қаржылық ғана емес, құқықтық сауатын арттыруға үлес қосудамыз.

Биыл бұл жобаны жүзеге асыру бойынша Қызылорда облысы үздіктер қатарынан көрінгені белгілі. Айта кетерлігі, жобаға жергілікті атқарушы органдар да тартылды. Атап айтқанда, елімізде азаматтардың цифрлық картасы жасалады. Бұл цифрлық карта бойынша азаматтардың әлеуметтік жағдайы санаттарға бөлінген. Цифрлық картада Д, Е санатындағы азаматтар бар, бұлар әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылар болып саналады. Сондай-ақ несиесін төлей алмай жүрген азаматтар да осы санатқа жатады. Осы ретте «Отбасын қолдау орталығынан» жауапты мамандар бөлініп, қолдау көрсетті. Біз «CRM» жүйесімен жұмыс істейміз, осы жүйеде Д, Е санатындағы азаматтардың қандай мәселесі бар, қандай қолдау көрсетілгені көрініп тұрады. Егер несиеге қатысты мәселесі болған жағдайда қаржылық жағдайын ретке келтіру үшін түсіндірме жұмысын жүргіземіз. Яғни жергілікті атқарушы орган да бұл мәселеге тікелей және нәтижелі көмек көрсетуде. Мұндай жүйемен жұмыс істеп жатқан санаулы өңірлердің қатарында Қызылорда облысы бар. «Қарызсыз қоғам» жобасының биылғы қорытынды іс-шарасында Сыр өңірі үздіктер қатарынан көрінді.

Биыл жоба аясында өңірде 22 800 азаматқа қызмет көрсету межесі бекітілген. Бүгінгі күні 34755 азаматқа қызмет көрсетіліп, жылдық жоспар 52,4 пайыз артық орындалды. Облыстық кірістер басқармасының бірінші желтоқсандағы мәліметі бойынша өңір тұрғындарынан соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы 20610 арыз түскен. Оның ішінде 4662 жеке тұлға банкрот деп танылса, 15196 арыз қанағаттандырусыз қалдырылған, 334 арыз қарастырылуда. Сонымен қатар сот шешімдерімен 47 жеке тұлғаға қатысты сот арқылы банкроттық рәсімін қолданылды (оның ішінде 20 борышкер бойынша сот арқылы банкроттық рәсімі аяқталды), 60 жеке тұлғаға қатысты сот шешімімен төлем қабілеттігін қалпына келтіру рәсімі қолданылды, оның ішінде 36 жеке тұлға бойынша төлем қабілеттігін қалпына келтіру жоспары бекітілді.

– «Қарызсыз қоғам» жобасының елімізде жүзеге асқанына үш жыл болды. Үш жыл бойы жобада сарапшы болып жұмыс істеп, тұрғындардың қаржылық білімін арттыруға үлес қостыңыз. Үш жылдағы өзіңіз байқаған өзгерісті айтыңызшы

–  Қаржылық сауат деген кезде бұрын бұл курсты уақыты бар, қолы бос адам оқиды немесе экономистер, қаржыгерлер, есепшілерге қатысты тақырып деген көзқарас болғаны жасырын емес. Осы кезге дейін байқағаным, қаржылық сауат әр адамға, әр отбасыға маңызды екенін қоғам түсінді. Ақпарат пен технологияның дамыған уақы­тында қаржылық сауат қажеттілікке ай­налды. Көп азамат бұл мәселеге мән беріп, қызығушылық таныта бастады. Бұл бір жағынан бізді қуантты.

Балдырған Мәмен, «Қарызсыз қоғам» жобасының Қызылорда облысы бойынша сарапшысы: Қаржылық сауат қашанда керек

Бұл жоба бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейтіні белгілі. Алаяққа алдан­ғандар, құмар ойын құрбандарына да жоба аясында психолог, заңгер кеңесі беріліп, көмек берілетіні белгілі. Сіздің тәжірибеңізде мұндай оқиғалар кездесті ме?

– Алаяқтарға алданғандардың мәселесі күрделі. Мұндай жағдайды көп кездестірдім. Әрине, мұндай кезде эмоцияға ерік беріп отыра беруге болмайды. Азаматтар алаяққа алданғанын түсінгенде бірден ішкі істер органына барып өтініш жазу керек. Ішкі істер органы жәбірленуші ретінде таныған жағдайда тиісті құжатты банктерге, қаржы ұйымдарына тез арада жеткізеді. Бұл жағдай сотқа жолданған кезеңде қаржы ұйымдары мен банктер алаяқтық жолмен алынған несиеге пайыздық үстемақы қоспай, істің ақырын күтеді. Мұнан соң сот шешіміне сәйкес реттеу шаралары қабылданады. Екіншіден, алаяқтардан қорғану үшін несиеге өтінім берген жағдайда 24 сағатқа дейін күту өзгерісі енгізілуде. Яғни бұл алаяққа алданғанын түсінген азаматтар бірден тиісті орындарға хабарлаймын дегенше сақтандыру үшін қажет. Сондықтан да алаяқтарға алданған азамат­тар дәрменсіздік танытпай, бірден реттеу шараларына кірісу керек. Мұнан соң қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне де тез арада ескерту керек. Әр өңірде бұл агенттіктің филиалдары бар. Сол филиалға барып көмек сұраса, мамандар әрі қарай не істеу керек екенін түсіндіріп береді. Қызылорда облысында бұл агенттіктің филиалы Ұлттық банк филиалының ғима­ратында орналасқан.

Балдырған Мәмен, «Қарызсыз қоғам» жобасының Қызылорда облысы бойынша сарапшысы: Қаржылық сауат қашанда керек

Жалпы, қаржылық білім қарапайым халыққа не үшін қажет? Жоба аясында не үйрете алдыңыздар?

– Қаржылық сауат дегенді қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, кірісіміз бен шығысымызды бақылау. Кірісі мен шығысын есептей алмаған адам өзін қаржылық тығырыққа тірейді десек артық айтқандық емес. Өмірде көріп жүргеніміздей, несиеге қалай кіріп кеткенін, несиені несиемен төлеу жағдайына қалай жеткенін өзі де түсінбей қалған жағдайлар аз емес. Сол себепті азаматтарға ең алдымен кіріс пен шығысты бақылау керегін үйретеміз. Кіріс пен шығыстың тең болуы да қаржылай қиындық келтіретіні сөзсіз. Себебі аяқастынан шығын арта түссе, қарыз алу керек болады. Сол себепті кірістен шығыс аз болуын, одан бөлек, қауіпсіздік жастығын құруды үйретеміз. Бір атап айтарлығы, несие аларда көп азамат «оңай төлеп тастаймын» деп ойлайды, алайда оны қанша пайызбен алып жатқанын, қалай төлейтініне мән бермейді. Сол себепті кез келген адам несие аларда қанша пайызбен алып жатқанын және қанша уақытқа алғанын есептеп, келісімшартты мұқият оқу керек. Несие алмас бұрын «бұл мәселенің шешімі ме?» деген сұрақты өзіне қойып, ойланған жөн. Сондай-ақ инфляцияға, базалық мөлшерлемеге мән беру керек. Бұл үкіметке ғана қатысты деп ойлайтындар бар. Бұл кез келген азаматтың әлеуметтік жағдайына әсер ететінін ұмытпау керек. Дәл қазіргі кезеңде несие алу емес, қор жинау маңызды.

Балдырған Мәмен, «Қарызсыз қоғам» жобасының Қызылорда облысы бойынша сарапшысы: Қаржылық сауат қашанда керек

– Табысы төмен адам ақша жинай ала ма?

–  Бұл адамның өзіне байланысты.  Кез кел­ген отбасы қанша теңгеге өмір сүріп жатырмын, өмір сүру үшін қанша теңге қажет дегенді есептеп алу керек. Есептеу үшін шығыстарды жазып отыру керек. Шығысты кемінде 6 ай бойы жазып отыруға кеңес беремін. Алты ай ішінде шығыстарыңызды бақылап, екшеп, қанша теңгеге өмір сүре алатыныңызды анықтай аласыз. Содан кейін ғана табысыңыз шығыныңызға сай келе ме, соны анықтайсыз. Егер табысыңыз одан төмен болса, табысты арттыру жағын қарастыру керек. Біз нарықтық заманда өмір сүріп жатырмыз, сондықтан бір ғана табысқа қарап отыратын уақыт емес. Нарықта кәсіби мамандарға сұраныс жоғары. Сандық технология дамыған уақытта онлайн жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Сондықтан табыс төмен болса, ең алдымен табысты арт­тыру жағын қарастыру керек.

–  Банкрот болу қорқынышты ма? Халық қаншалықты өзін-өзі банкрот деп жариялауға дайын?

– Банкроттық жариялауды құптамаймын. Егер жұмысы жоқ, қарызы жұмысына кедергі келтіріп, төлеуге мүмкіндігі жоқ жағдайда болса, әрине, банкроттық туралы шешім болуы мүмкін. Банкроттықтың салдарын ұмытпаған жөн. Банкроттық жариялаған азаматқа үш жылға дейін қаржылық жағдайына мониторинг жасалып тұрады, бес жылға дейін несие алуға шектеу қойылады. Өзін бір мәрте банкрот деп жариялаған азамат жеті жылға дейін қайтадан банкроттық жариялай алмайды деген талаптары бар. Сондай-ақ болашақта тұрғын үй жағдайын жақсартып, кәсіп ашқысы келсе, мемлекеттің жеңілдетілген несиесін алуға кедергісін келтіруі мүмкін. Сол себепті банкроттыққа құжат тапсыруға ойланып, шешім қабылдаған жөн.

– Жоба барысында ауыл-ауылды аралап, елмен кездестіңіздер. Түрлі тағдыр, түрлі мәселемен бетпе-бет келдіңіз. Сізді қынжылтқан, сондай-ақ сізді қуантқан жағдай?

– Иә, жоба аясында жұмыс істеу барысында түрлі тағдыр, түрлі мәселені көрдік. Мені қынжылтқаны – азаматтардың аңғалдығы. Жиі кездесетін мәселе – көп адамның несиені өзі үшін емес, өзгеге сеніп, алып бергені. Кезінде көмек сұраған адамның несиені төлей алмай, біреудің несие тарихын бүлдіріп, қаржылық жағдайын қиындатып, шоттары жабылып қалып, табысы жақсы жұмыстан айырылған азаматтарды да кездестірдім.  Сондықтан қандай жағдайда да біреуге несие алып бермеңіз деп кеңес берер едім. Қуантқаны – жоба аясында сабаққа қатысып, қаржылық сауатын арттырып, әлі күнге дейін кеңес сұрап, хабарласып, өзінің қаржылық жағдайы жақсарғанын айтып, қаржылық жоспар құрып, бір нәтижеге жеткендерді көру. «Қарызсыз қоғам» жобасының нәтижесіне осындай мы­сал­дар арқылы көз жеткізудемін.

 – Бұл жоба жалғасын табу керек деп ойлайсыз ба?

– Қаржылық сауат адамға қашанда керек. «Қарызсыз қоғам» жобасы қашанға дейін жалғасатынын білмеймін. Бірақ алғышарттары жасалды, қаржылық сауатын арттырғысы келгендерге тегін платформа дайын тұр. Соны қолдануға кеңес беремін. Бұл жоба әлі де жалғасын тауып, әлі де болса халықтың қаржылық сауатын арттыра түсіп, әр азаматтың қаржылық жағдайы өз жауапкершілігінде екенін түсінетіндей саналы деңгейде шешім қабылдайтын кезеңге жеткізе алатын уақытқа дейін жұмыс істегенін қалаймын.

– Қарызсыз қоғам құру мүмкін бе? Жалпы, несиесіз өмір сүру мүмкін деп ойлайсыз ба?

– Кейбіреулер несие туралы жақсы айтпайды. «Несие деген бәле болды, несие болмағанда жақсы өмір сүріп едік, несие бермесе, қарызсыз өмір сүруге үйренетін едік» деген пікірлерді естиміз. Мүмкін, бұл да дұрыс пікір шығар. Несиеге жақсы-жаман деп баға бере алмаймыз. Несие тек қана құрал. Мәселен, сіз қаламға жақсы-жаман деп баға бере алмайсыз ғой. Ол – құрал. Жазу керек кезде пайдаланасыз. Яғни әр құралдың өз қызметі бар. Несие де  дәл сондай. Қажет кезінде тиімді қолдана алсаңыз, сіз үшін пайдалы құрал болады. Ал оңды-солды қолдансаңыз, зиянын өзіңіз көресіз. Қарызсыз өмір сүру – әр азаматтың жеке шешімі. Нарық заманында азаматтардың өз қажеттілігі үшін қаржы құралдарын қолданатыны анық. Ең бастысы, тиімді жағына көбірек қолданса деп ойлаймын.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: