Сенбі, 21 желтоқсан, 19:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Елена Әбдіхалықова, ақын, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Ауылға неге асығам?

02.10.2021

2258 0

– Елена апай, жағдайыңыз қалай? Өзіңіздің тыңдаушыңызға, жерлестеріңізге айтар жаңалығыңыз бар ма? Шынымды айтсам, сізді «Абай» арнасынан көріп қатты қуандым…

– Жағдай жұрт қатарлы… Осы індет жаңалық ашпақ түгілі «менмін» дегендерді есеңгіретіп тастады ғой. Жаңалығым – тірімін! Қазір осыдан артық жаңалық болмай қалды. «Абай» арнасы ашылған күннен бастап, «Сарасөз» хабарын жүргізуге ұлттық арна басшысы Ләззат Танысбайдың өзінен ұсыныс түсті. Шынымды айтайын, біріншіде сәл тосырқап, менің жасымда қалай болар екен деп ойланып қалдым. «Абай» арнасы ашылатынынан да бейхабар едім. Ол кісі «Сіздің қолыңыздан келеді, сырттай бақылап жүрмін» дегесін, келісім бердім. Келіскенде де, бұрын теле арналарға жай қонақ болып барып жүріп, енді ашылатын арна болса, біраз ішінде жүріп, танысып, көремін, білмегенімді үйренемін деп ойладым. Арна басшысы Азамат Кеңесұлы «арғы күні түсірілімдер басталады, дайындалыңыз» дегенде, уақыттың аса тығыз және жедел кәсіби барлық мүмкіндігімді пайдалану керек екенін түсініп, теле әлеміне «сүңгіп» кеттім. «Абай» арнасы ұлы ақынның өзінің тағдыры сияқты қиын кезде ашылды. Карантин, кісі өлімі көп, індеттен үркіп жүрген жұрт, бастапқыда екі апта бойы өзіміз ауырып жүріп, хабар жасадық. Абырой болғанда, «Абай» арнасы көрермені қалыптасқан, бағыты айқын, талғамы жоғары арналардың бірі болып шықты. Осы жазда 1 жылдығы аталып өтті. Бұл да менің шығармашылығыма үлкен жол болды.

– Кей ақындарды тану үшін оның шығармашылығымен жақсы таныс болу керек (әуелі өзі кейде өлеңін не болмаса ел арасында кеңінен таралған бір әннің сөзін мен жазғанмын дегендей… таныстырып жатады) бір сөзбен айтқанда, кей ақындар өлеңінің артында тұрады. Сіздің өлеңіңізден бұрын ел өзіңізді таниды. Бұл сіздің тұлғалық ерекшелігіңізден, туабітті адами болмысыңыздан болу керек. Әлде ең әуелі айтыс арқылы танылғаныңыздың әсері ме?

– Айтысқа да бір кісідей қатыстым, әрине. Талай рет жүлдегер атандым. Сыр бойының намысын талай додада шамам келгенше қорғадым. Ел мені де өнерім арқылы таниды. Менің мен болғаным, өнерімнің, осы уақытқа дейін өнер мен әдебиетке барынша адал еңбек етіп келе жатқандығымның жемісі. Әйтпесе, ғайыптан тайып, хайптан байып жүргенім жоқ.

– «Еленаның волгасы» деген бренд бар бізде. Ол тіпті сіздің есіңізде де жоқ шығар. Қазақтың бір қарапайым азаматы әлі күнге дейін көлігін «Еленаның волгасы» деп бренд қылып мініп жүргені жайлы былтыр бізде бір редакцияда сөз болған. Қазақтың ақын қызына көрсетілген зор құрмет деп қабылдадық. Қайсыбір жылдары БАҚ беттерінде Айнұрдың көлігін санағанындай, сіздің айтыстан жеңіп алған көліктеріңізді санайын деген ойым жоқ. Әйтсе де көліктеріңіздің бәрін саттыңыз ба? Жалпы, өзіңіз көлік жүргізесіз бе?

– «Зор құрмет» пе, әлде, келеке еткені ме? «Еленада «Волгадан» басқа көлік жоқ» дегені ме? … Десе, дегендей ғой. 2 «Волгам» болған. Оның бірін Фариза апам сыйлаған, екіншісін Оңтүстік Қазақстан облысында өткен халықаралық айтыстан мінгенмін. Екеуін де бауырларыма бергем. Берген заттың соңынан тексеру жүргізбеймін. Қажеттеріне жаратқан шығар. Өзім көлік жүргізсем деп армандаймын, бірақ қорқам. Әсіресе, біздің елордада көлік көп, кептеліс. Мен сияқты үнемі ой үстінде жүретін адамға қиындау шығар деп ойлаймын. Шиелілік Ақәділ деген інім өзі ертіп жүріп, жүргізуші куәлігін алып берген. Бірақ көлігім жоқ. Осы астанаға келгелі бір көлік несиеге алғанмын, оны үйдегі балам мініп жүр, мен – «Жаяу Мұсаның қарындасымын!» деймін жұртқа.

– Елена десе елдің аузында сіздің мінезділігіңіз айтылады, әрине, жақсы мағынасында. Өзіңіз айтқандай, мінез дегенде ешкімнің басын жарып, көзін шығарған жоқсыз ғой. Сіздің харизмаңыз, қазақша айтқанда, мысыңыз басады. Бұл жақсы ма, жаман ба?

– Адамның мысы болмаса кісі болудан қалады ғой. Ал, өзіме өте момын, аңқау адам сияқтымын.

– Мінез адамға атаның қанымен, ананың сүтімен сіңеді. Ата-анаңыз дегенде көз алдыңызға балалық шақтың қандай суреттері елестейді?

– Мына жарық дүниедегі ең көркем, ең мөлдір, ең бақытты, жап-жарық күндер елестейді. Әкем мен шешем ешқашан ешкімнің ала жібін аттаған емес. Өтірік айтқан емес, өсек сапырған емес! Мені барынша еркелетті. Не ішем, не кием десем, бәрін беретін. Олар маған «өйт-бүйт» деген емес. Мен олардың істеген істерінен үйрендім. Көргенімді үйрендім!

– Туған жерге соңғы рет қашан келдіңіз?

– Осы жазда туған ағам дүние салып, жерлеуге бардым.

– Архивте зерттеу жұмыстарына байланысты бұрынғы «Жаңадария», қазіргі «Жалағаш жаршысының» 1988 жылдардағы тігіндісін қарап отырып, сіздің сол уақыттарда беташардың мәтінін сынап жазған мақалалыңызды көзім шалды. «…Қаптың аузы ашық деп, құрт ұрлама келіншек» деген жолдар қазіргі заманға лайық па? Осы беташардың сөзінде қандай мән бар?…» деп жазыпсыз. Сол 18 жасыңызда сөздің мәніне алаңдасаңыз, бүгінгі сөз қадірі туралы тіпті көзге жас алып айтуға тура келетін шығар. Қоғамның қандай мәселесіне алаңдайсыз?

– Ол мақалам «Беташардың беделі түспесін» деп аталатын мақала еді, сол уақытта «Лениншіл жас» газетіне де қатар шықты. Дұрыс айтасыз, сөз қадірі қашты, қашырды ғой қазір. Өйткені қоғам да, билік те сөз парқын білетін адамдарды құрметтемейді. Шын ақын мен нағыз жазушыны дәріптемейді. Оны айтсам, сорақылықтың түбі жоқ… Қоғамда, осынау кең байтақ мемлекетте сөздің парқы, адамдық нарқының «плинтустан төмен» түскеніне алаңдаймын. Ұрпақтың болашағы, мемлекеттің ертеңі бір секунд та миымнан шыққан емес. Ұлттың рухы мен жаны, мәдениеті мен өнеріне алаңдаймын.

– Сіз футбол көреді екенсіз ғой. Тіпті 2016 жылғы Еуропа чемпионатында Криштиану Роналдуға арнаған өлеңіңізді ақындардың өзі шабыттанып, өлең шығарып жатыр деп жариялады сайттар. Бірақ сол өлеңді оқып отырып, менің жүрегімді мұң тербеді. Сіз футболды ойын үшін емес, ойланып көретін сияқтысыз, тіпті басқа бір нәрсе ойлап отыратын сияқтысыз. Мәселен, футболдың философиясы…

– Иә. Спорттың барлық түріне делебем қозады. Жанкүйермін. Әсіресе, біздің спортшыларға. Футболдың шығуы, бүкіл адамзатты ұйыта алғаны, қазіргі тұлғалары қызықтырады. «Доп тепкен де өнер ме?» деп ойлаймын кейде… «Адамзат санасының өсуіне қандай ықпалы бар?» деп ойлаймын. …Негізі, сол өлеңімдегідей қатыгездіктен туған ойын сияқты көрінеді маған… Сонда, адамзат қатыгездіктің өзінен ойын жасап, бизнеске айналдырып және жұмыр жерді қол соққызып, еліттіріп қойғандай елестейді.

– Сіз, жалпы ойдың адамысыз. Өлең де – ой. Ән де ойдан туады. Осы бір әдейілеп көңіл көтерейікші бір дейтін құрбыларыңыз бар ма? Сіз үшін жақсы демалыс деген не?

– Бар, әрине, бірақ көп емес. Мен үшін жақсы демалыс – жан-дүниең рахаттанған сәт. Жан-дүниең өресі биік, өнегесі мол бір жақсымен бірге отырып, шай ішсең рахаттануы мүмкін немесе ойға алған жұмысың оңғарылып, шешімін тапса, болмаса, қарапайым бір қаймананың бақытты сәтіне қуанып, сезіне алғанда. Өкінішке орай, ондай адамдар да, сәттер де жоқтың қасы ғой…

– Жас балаша қуантатын нәрселеріңіз бар ма?

– Ұшқан құстарды көрсем де, аппақ қардың жапалақтап жауғанына да қуанып қалам… Жаңбыр жауса да… Табиғат қуантады, мені.

– «Фариза апа» деген мақалаңызды оқыған кезде «..Қызылордаға «сыймай», анығы «сыйдырмай» Астанаға келген кезімнен бастап…» деген жолдарды оқып отырып, сіздің туған жерге өкпеңіз бар сияқты деген сұрағымды ірке алмай отырмын…

– Біздің Сыр бойының қарапайым еңбекқор, ақпейіл халқына мәңгілік қарыздармын! Туған жерге ешқандай өкпем жоқ! Өнерімді көре алмай, жолымды кескен, қиянат жасаған, өсектеп, өтірік жала жапқан, өкпелеткен адамдар бар, бірақ… Әлі тірі жүр олар… Таласбек Әсемқұловтың бір мақаласында «Сталин өлгенмен, сталинизм өлген жоқ» дегені бар еді.

– «Сыр елі» деген әніңізде сіздің осы бір туған өлкеге деген шексіз махаббатыңыз сезіледі. Көкшетаулықтардың «Апыр-ай, Қызылордаға да арнап сондай ән шығарады екен-ау» дегенге ұқсас бір сөзін оқып, ішек-сілем қатып күлгенім есімде. Сонда сіздің қызылордалық болғаныңыз үшін керемет мақтаныш сезімі болды, менде. Әйтпесе сіз болмасаңыз, ондай ғажап әнді бізге кім арнап шығарар еді?! Сізді, басқа әндеріңізді айтпағанда, осы әніңіз үшін, сосын «Маңғыстау» деген керемет әніңіз үшін нағыз патриот деп бағалар едім. Сіздің бұған алып-қосарыңыз бар ма? Сіздіңше патриот деген кім?

– Патриот болу үшін ән жазу міндет емес. Айқайлап, көшеге шығып, кеуде соғып, ұрандаудың да, «анау өйтіп жатыр, мынау бүйтіп жатыр» деп жұртты айтақтаудың да қажеті жоқ. Өзіңнің шамаңа қарай, ісіңнің толыққанды маманы болсаң, сол ісіңді адал атқарып, халықтың ісінде ақиқатқа ғана жүгініп, адамдардың тағдырымен ойнамасаң, сол жетіп жатыр… Бірақ, бізде айқайшыл, ұраншыл біреулер пиар жасап патриот болып жүр ғой. Олар осы әрекеттеріне әбден машықтанғаны сондай, беттеріне «маска» болып жабыса қалды. Ол «маскаларды» шешіп, арғы жағын қарауға құзырлы адамдардың өзі «маска» киіп алған, бірі шешсе, бәрі шешу керек, сосын кім шешсін?.. Бір күні сол «маскалар» шешілер болса… неше түрлі дию, жын, құбыжық, мыстан, аждаһа, жалмауыз, сұм-сұрқия, ұры-залым… сұмдықтар шұбырып шыға келетінін елестете беріңіз… Қорқынышты…

«Сыр елі» – Сыр елінің қарапайым халқына, елге арналған ән. Жарыққа шыққанына 30 жылға жуықтады. Сол 23 жасымдағы менің жүрегімнің лүпілі. Өзім де қарапайым ауылдан, көпбалалы отбасынан шыққанмын.

– Биыл ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап жатырмыз. Осы 30 жылдықта ауыз толтырып айтатын мақтанышымызды айтып бере аласыз ба? Сондай-ақ әттеген-айымыз, жұрт болып жұмылып, жете алмай жатқан асыл мұраттарымыз…

– «Жеңілген палуанға да бәйге берген» пейілмен қарасақ, «анау жақсы, мынау жаман» дей алмаймын. 30 жыл оңай болған жоқ. Сонау 1991 жылдары ақшасы, күнкөрісі жоқ, экономикалық қиыншылықты да халық еңсерді. Әйелдер ала қап арқалап, базар жағалап, ұлттың сақталуына себеп болды десем артық емес. Оқуды енді бітіріп, еңбекке араласқан менің замандастарыма да оңай болған жоқ, жылдап айлық алмай, отбасын асырадық. Сонда да түңіліп, тозып кеткеніміз жоқ. Қазір Құдайға шүкір ғой. Бүгін билікке сол 1990 жылдарда туған, Гарвардты, Кембриджді бітірген балалар келіп жатыр, олар алдыңғы буынның қиындықтарын біле ме екен? Әбіш ағаның «Ел болу – қызыңның арымен, ұлыңның қанымен болатын дүние» дегені бар еді. 30 жылда арымыз да, қанымыз да аз төгілген жоқ. Енді, қайтсек те мәңгілік ел болып, мемлекет болып қалудың қамымен айналысу керек! Басқа сөздің бәрі – бекер!

– Туған жерге оралғыңыз келмей ме?

– Осы Өлеңнен түсінерсіз.

… Ауылға неге асығам, інім,

Асыл ән күтем кімдерден?

Аңсау да бүгін – жасыған ұғым,

Қаусатып жанды үлгерген.

Ауылды жырлап, жұт, мейлі, өттің

заһарын қанша – далбаса!

Елімде мені күтпейді ешкім,

әнебір мола болмаса.

Айтылмай атым, өшірсін елі,

Жарылсын кеудем ағынан:

тірілерді емес, кешірсін мені,

өлілерді көп сағынам.

Қамыты күннің мойынымда әлі ,

Кім білген кімнің бағасын?

Қайырымсыздың тойып ұлдары –

көруге жоқпын ағасын!

Асығам бар деп сағынған бауыр –

Туған жер десе таңдау жоқ.

Айшықтан арай тағынған ауыл –

Молалар күтіп қалды-ау деп.

Ақтарам сосын соларға барып,

Күйдіріп жанды жанғанда от!

Сөзімді тыңдар, болам ба ғаріп –

Тіріде ешкім қалған жоқ!

Доңыз да хансып, қоңыз да жаншып,

тағдырым көпке мәлім дүр…

Қарыз да таңсық, парыз да мансұқ,

Арыз жоқ жалғыз ауыл бұл!

Жүрегім жүктен қалады арылып,

Сұратпай айтсам халімді,

Күрсініп тұрар молалар ұғып,

Тірілер ұқпас жанымды.

Ар, Мейір, Шуақ жоқтап әр таңы

Арылды менен мұң қашан?!

Тектілік болып тоқтам айтады

Құлпытастарды тыңдасам.

Тірілерді сан түсініп көрдім,

Түршігіп келдім, азар хал!

Биіктік пенен кісіліктердің

Мекені сынды Мазарлар!

Не десем екен, жыны меңдеген

Сөз ұқпас қора – қауымға?

Тіл – Ділім өлген!

Тірімін бе мен?!

Көшсем ғой мола – ауылға!

Қоштасқан сайын мұңыма у сап,

кетердей екінші келмей,

Оралмай кетсем, сырыма сусап,

молалар жетімсірердей.

…татсам да тірлік таңының нәрін,

ат басын елге бұрмай көп.

Тілеймін, шыным, ауылым – мәнім–

Молалар аман тұрғай деп…

Сұхбаттасқан: Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

арнайы «Ақмешіт апталығы» үшін

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: