Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан отыз жылдан астам уақыт ішінде елеулі экономикалық өзгерістерге қол жеткізді. Елдің экономикалық картасы жаңарып, жаңа бағыттар мен басымдықтар қалыптасты. Мұнай өнеркәсібіне негізделген алғашқы серпілістер, аймақтардың дамуы, инфрақұрылымдық тәуелсіздік пен адами капиталдың артуы – бұл жылдардың жемісті жетістіктерінің бір бөлігі ғана. Еліміздің экономикалық трансформациясы мен алдағы даму барысы жайлы экономист, тәуелсіз сарапшы Ерлан Кәрімовпен сұхбаттасқан едік.
– Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның экономикалық картасы қалай өзгерді?
– Бұл сұраққа жауап беру үшін алдымен соңғы 35 жылдағы экономикалық жағдайларды шолып өтейік. Егемендікке қол жеткізген тұста Қазақстан Кеңес үкіметінен бөлінген ең соңғы ел болды. Сәйкесінше, Кеңес үкіметінен қалған экономикалық мәселелер өте ауыр өтті. Әсіресе ең үлкен қиындықтардың бірі – рубль аймағынан шығып қалу. Біз ұлттық валютамыз – теңгені тек 1993 жылдың соңында енгіздік. Соның салдарынан гиперинфляция орын алып, баға күн сайын шарықтап кетті, халықтың ақшаға деген сенімі азайды. 90-жылдардағы осы қиындықтардан кейін, 2000-жылдардың басынан бастап елде мұнай өндіру қарқынды дамыды. Мұнайдан түскен табыс есебінен жылжымайтын мүлік бағасы көтеріліп, халықтың әл-ауқаты 90-жылдармен салыстырғанда біршама жақсарды. Алайда меніңше, сол мұнайдан түскен қаражатты дұрыс пайдаланбадық. Ол қаржыны ең алдымен тозған инфрақұрылымды жаңартуға жұмсау қажет еді. Оның орнына біз электр энергиясы, су желілері сынды стратегиялық инфрақұрылым нысандарын жекеменшікке бердік. Жекеменшік иелері инфрақұрылымды жаңғыртады деп ойладық. Алайда тарифтер мемлекет тарапынан реттеліп отырғандықтан, олар бұл салаға өз қаржысын құюға ынталы болмады. Халықтан жиналған ақша да инфрақұрылымды жаңартуға жұмсалған жоқ. Нәтижесінде қазірдің өзінде тозған инфрақұрылым мәселесі бар. Дегенмен соңғы жылдары Қазақстан цифрландыру бағытында жақсы қарқынмен дамып келеді. Кеше ғана Мемлекет басшысының Жолдауында жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың маңыздылығы айтылды. Меніңше, әсіресе жасанды интеллекттің болашағы зор. Өйткені қазіргі мемлекеттік органдардың жұмыс істеу жүйесі тиімсіз, жалақы деңгейі төмен, кадр тапшылығы байқалады. Сондықтан жасанды интеллект осы жұмыстарды автоматтандыруға, тиімділігін арттыруға көп көмектеседі деп сенемін.
– Сіздің пікіріңізше, қай өңірлер экономикалық өсудің негізгі драйверіне айналды? Қай аймақтарда қол жеткізген табыстарға қарамастан, даму әлеуеті сақталып отыр?
– Экономикалық өсудің басты қозғаушы күші мұнай секторы болды деп айта аламыз. Өкінішке қарай, қазіргі кезде еліміздегі 20 өңірдің тек үшеуі ғана донор болып, республикалық бюджетке тәуелсіз саналады. Яғни бюджетке кіріс кіргізіп отырған үш өңір – Атырау облысы, Алматы, Астана қаласы. Біз әлеуметтік салалар мен басқа да көптеген шығынды дәл осы үш өңірдің есебінен жауып отырмыз. Дегенмен бұл қалған өңірлердің әлеуеті жоқ дегенді білдірмейді. Қазақстанның әр аймағының өзіндік экономикалық мүмкіндіктері бар, тек қазір олар толық пайдаланылмай отыр. Мысалы, Арқалық қаласын алайық. Бір кездері Арқалықта боксит өндіру мен алюминий шығару саласы қарқынды дамыды. Алюминий қоры таусылған соң қала тек ауыл шаруашылығымен айналысатын өңірге айналып кетті. Алайда Арқалықта кірпіш және басқа да құрылыс материалдарын өндіру әлеуеті өте жоғары. Егер біз Арқалыққа теміржол мен автожол тартып, оны Ақтөбе, Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалалармен байланыстыратын жаңа көлік дәлізін жасасақ, осы өңірдің экономикалық әлеуеті ашылар еді. Яғни кейбір өңірлерде бүгінгі жетістіктерге қарамастан, әлі де даму мүмкіндіктері мол деп санаймын.
– Инфрақұрылымның даму деңгейі мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұрақтылығына қаншалықты әсер етеді деп ойлайсыз?
– Инфрақұрылымның даму деңгейі мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Мысал ретінде энергетика саласын алайық. Қазақстанның батыс өңірі қазір электр энергиясын Ресейден алады, яғни сыртқа тәуелді. Сол себепті бүгінде «Бірыңғай энергетикалық сақина» жобасы қолға алынды, бұл Солтүстік Қазақстанның электр желісін Батыс өңірмен жалғайтын инфрақұрылымдық жоба. Егер жоба жүзеге асса, Батыс Қазақстан Ресейден электр қуатын сатып алуды тоқтатып, энергиямен өзін-өзі қамти алады. Екінші үлкен мәселе – мұнай тасымалына қатысты тәуелділік. Қазақстан мұнайының 80%-ы Ресейдің құбырлары арқылы Еуропа нарығына экспортталады. Кейде Қазақстанның бір ұстанымы Ресейге ұнамай қалса, олар сол құбыр жолын жауып тастауы мүмкін. Мұның соңы еліміз үшін үлкен шығынға, бюджет тапшылығына әкеледі. Сондықтан қазір балама мұнай экспорттау бағыттары қарастырылуда. Бірінші кезекте мұнайды Әзербайжан арқылы тасымалдау жоспары талқылануда. Жалпы алғанда, инфрақұрылымдық тәуелсіздік қамтамасыз етілсе ғана елдің экономикалық тәуелсіздігіне қол жеткізе аламыз деп ойлаймын.
– Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы басты экономикалық жетістігі қандай?
– Тәуелсіздік жылдарындағы ең басты экономикалық жетістік – адами капиталдың қалыптасуы және өсуі. Уақыт өте келе қазақстандықтардың білімі мен біліктілігі артып келеді. Өзім білім беру саласында жұмыс істегендіктен, жыл сайын еліміздің адами капиталының нығайып келе жатқанын байқаймын. Әрине, осы бағытты әрі қарай дамыту өте маңызды. Университеттердегі білім сапасын көтеріп, оқу орындары арасында бәсекелестікті күшейту керек. Әр отбасы өз баласының сапалы білім алуына жағдай жасауы тиіс. Елдің басты байлығы – халық, ал халықтың білімді, қабілетті болуы экономиканың да ең үлкен жетістігі деп білемін.
– Алдағы онжылдықта ел үшін қандай негізгі экономикалық басымдық болуы тиіс деп ойлайсыз?
– Алдағы он жылдықта Қазақстан үшін бірнеше негізгі экономикалық басымдықты атап өтуге болады. Цифрландыру – ең басты бағыттардың бірі. Жақында Қазақстан қуаты екі экзафлоп болатын суперкомпьютер сатып алды. Егер біз оны отандық жасанды интеллект жүйелерімен үйлестіріп, заңнама және статистика сияқты үлкен деректерді талдауға қолдансақ, келешек дамуды болжауда орасан зор құралға айналмақ. Жалпы алғанда, цифрлық технологиялар бойынша Қазақстанның қазіргі деңгейі жаман емес. Көршілес елдермен салыстырғанда алдамыз деп айтар едім. Алдағы жылдарда да бұл сала қарқынды дами береді. Еліміздің ауыл шаруашылығы әлеуеті өте жоғары. Біздің еліміз қара топырақты жердің көлемі бойынша әлемде екінші орында тұр. Агросекторды жаңа технологиялар арқылы дамыту, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін көбейту – үлкен экономикалық серпіліс әкелуі мүмкін.Географиялық тұрғыдан Қазақстанның орналасуы өте қолайлы. Азия мен Еуропаны байланыстыратын алтын көпір іспеттіміз. Осы транзиттік мүмкіндікті толық пайдалану үшін заманауи көлік инфрақұрылымын дамыту керек. Мысалы, Қытаймен арадағы теміржол байланысын жетілдіру үшін Қорғастан бастап Ақтау мен Құрық порттарына дейін тікелей тар табанды теміржол салуға болады.Бұл Қытайдан келетін жүктерді Еуропаға шығаруға жол ашар еді. Сондай-ақ ірі жүк әуе хабтарын жасап, авиациялық логистиканы дамытуды да ұмытпау қажет. Энергетика – ел экономикасының қозғаушы күші. Қазақстан уран қоры бойынша әлемде алдыңғы орында, бұл арзан энергия көзі. Меніңше, елімізде атом электр станцияларын көптеп салу қажет. Бірақ олар кеңестік дәуірдегідей алып жобалар емес, әр қала мен кенттің маңында шағын модульді станциялар түрінде болғаны жөн. Сол кезде ішкі сұранысты да, сыртқы нарықты да энергиямен қамтамасыз етіп, экономикаға үлкен пайда әкелеміз.
– Сіздің пікіріңізше, Қазақстанның экономикалық трансформациясында жастар қандай рөл атқарады?
– Жастар экономикалық трансформацияда шешуші рөл атқара алады. Мен өзім «Enactus» атты халықаралық ұйымның жобаларына қолдау көрсетіп жүрмін. Бұл ұйым университет студенттері арасынан болашақ кәсіпкерлерді тәрбиелейді. Жастарға үлкен сенім артамын. Жыл сайын түрлі форумдарда, өңірлерге сапар барысында университет және мектеп оқушыларымен кездесу өткіземін. Болашақ жастардың қолында, сондықтан аға буын өкілдері оларды барынша қолдауы тиіс. Жастарға қолдау көрсету тек қаржылай көмектесу деген сөз емес. Оларға бағыт-бағдар беру, кеңес айтып, білімімізді бөлісу арқылы да экономиканың жаңа буынын қалыптастыруға үлес қоса аламыз.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан С.Хайруллақызы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!