Тектанушы
Әлия Сағымбаева:
Адам баласының мінез-құлқы да, іс-әрекеті де, тағдыры да тегіне байланысты. Қазақтың «тегіңді біл» деуі бекер емес. Қазақтың текке аса мән беруінің құпиясы неде? Бүгінде мұны ғылымның бір саласы ретінде зерттеп жүрген тектанушы Әлия Сағымбаевамен сұхбаттасудың сәті түсті…
– Сізді ел тектанушы ретінде тани бастады. Дегенмен «Тектану» ғылымы қоғам үшін әлі де тосын әрі беймәлім екені шындық. Ең әуелі «Тектану» ғылымы туралы айтып беріңізші..
– Тектану – отбасы мен тектің даму заңдылығын зерттейтін және адамның мінез-құлқын түзетуге ықпал ететін ғылым. Бұл – психология, генеалогия, физика және антропологияның түйісуінде пайда болған жаңа бағыт. Совет үкіметі ыдырағаннан кейін 1992-1993 жылдары батыс психологтары үшін советтік ел тұрғындары қызық болды. Олар бізді жан-жақтан зерттей бастады. Соның ішінде біздің психологиямызды зерттеуге қызықты. Сол себепті МГУ-дің Психология факультетіне батыс Еуропадан, Америкадан психологтар келіп, семинарлар өткізе бастайды. Солардың бірі, Американың психогенетигі – Чампион Курт Тойч және оның әйелі Джоэль Мари. Чампионның негізгі мамандығы – физик. Осы кезде ресейлік ғалымдар, физика-математика ғылымдарының кандидаты Валерий Докучаев пен философия ғылымдарының кандидаты Лариса Докучаева өздерінің қызығушылығымен семинарға қатысады. Қос физик-ғалым тез тіл табысып, адам өміріндегі кез-келген құбылыстың және мінез-құлықтың тұқым қуалайтынына көздері жетіп, мұны бір ғылым ретінде зерттей бастайды. Бұл салада генограмма деген сызба бар. Тектану саласындағы ең маңызды құрал – осы. Бұның қазақ шежіресіне ұқсастығы да, айырмашылығы да бар. Ұқсастығы – ата-бабаны білу. Қазақтың шежіресінде тек әке жағы айтылады ғой. Ал генограммаға нағашылар да кіреді. Әйелдер де, аналарымыз, әжелеріміз, апа-сіңлілеріміз де кіреді. Себебі Жаратқан бізді солай жаратқан: 23 хромосома әкемізден, 23 хромосома анамыздан келеді. Сол 46 хромосомада компьютер секілді барлық ақпарат жазылып тұрады екен. Кейде өзіміз де балаларға қарап «мінезі атасынан аумайды, көзі әжесіне ұқсайды» дегенді айтамыз ғой. Әйтеуір бір ата-әжелерімізге ұқсаймыз. Мәселен, бір әжеміз мейірімді жұмсақ болса, екінші әжеміз қатал болуы мүмкін. Олардың бір немересі біреуіне, енді біреуі екіншісіне ұқсайды. Кейде біз бір үйдің балалары мінезі әртүрлі деп таңданамыз. Осының бәрін генетика деп атаймыз. Сондықтан тектану, генетика, генеология, физика, андропология, мәдениеттану қиылысында пайда болып отырған бағыт осы. Осы саланың екі бағыты бар. Бірі – тектілік мәдениетін білу. Екіншісі – мәселелерді тек арқылы зерттеу.
– Тектану саласына қалай келдіңіз?
– Өмірде көп сұрақтың жауабын іздедім. Бойымда үрей, қорқыныш болды. Өзіме-өзім қойған сауалдардың жауабын іздей бастағанда осы кісілерге жолықтым. Кейін осы тектану саласын оқып, өзгелерге кеңес беріп, семинарлар өткізе бастадым. Мен бұл салаға неге қызықтым, неден қорықтым дегенге жауап берейін. Мен балаларым үшін алаңдайтынмын. Оларға бірдеңе болып қала ма деген үрей жиі мазалайтын. Мен сол үрейден арыла алмадым. Ал адамның бойында үрей болған кезде бақылау функциясы іске қосылады. Бұл баланы еркіне жібермеу, көзіңнен таса қылмауға әкеледі. Осы семинарға қатысып, өзімнің генограммамды сызғанда бұл үрейдің маған қайдан келгені белгілі болды. Нағашы әжем 9 баласынан айырылған, өз әжем екі баласынан айырылған. Әжелеріміздің өміріндегі бұл жағдай әйел адамдарда үрей болып сақталады екен. Яғни немере-шөберелері ана болғанда олар балалары үшін бейсаналы түрде әрдайым уайымдап, бір қорқыныш маза бермейді. Осы тектану саласы арқылы үрейдің себебін анықтап, өз-өзіммен жұмыс істегеннен кейін бойымдағы маза бермейтін қорқыныштан құтылдым. Қазір ешқандай үрей жоқ.
Қазір әлеуметтік желідегі ақпараттың шексіздігінен адамдар өзін-өзі іздей бастады. Түрлі семинарларға қатысып, өз мәселесінің шешімін іздейді. Негізі кәсіби психологтарға жүгінген дұрыс. Әрбір мәселенің түбірін тектен табуға болады. Мәселен, бір азамат кәсіп бастайды, бірақ кәсібі жүрмейді. Себебі неде? Мұның түбірін тектен іздеу керек. 1917 жылға дейін 80-90 процент қазақ бай болған. Совет үкіметі құрылғаннан кейін олардың малын, жерін, бар байлығын тартып алды. Кәмпескеге ұшырады. Солардың ұрпақтары әлі күнге дейін бай болуға, кәсіп ашуға қорқады немесе ақшасынан айырылып қалады. Салықтан, биліктен қорқады. Бұл – ата-бабамыздан келген үрей. Қанша уақыт өтсе де ұрпағына әлі күнге дейін әсер береді. Біз соның шешу жолдарын көрсетеміз.
Осы саланы зерттеп жүріп бір түсінгенім, әрбір адамға психологиялық көмек бергенде ол ұлттың менталитеті өте маңызды. Мысалы, орыстарға ыңғайлы нәрсе, қазақ үшін қолайсыз. Қазақтың ұлттық психологиясы өте мықты болған. Қазақтың салт-дәстүрінде терең мағына жатыр.
– Ғылым адамзат игілігіне қызмет етуімен құнды. Бұл ретте тектану ғылымның бір саласы ретінде адамға қандай игілік әкелмек?
– Адам бойындағы кеселдерді емдеуге де тектану саласының игілігі бар деп айта аламын. Негізі адамның өмірінде болып жатқан күрделі жағдайдың бәрі, тіпті ауруының психологиялық себебі бар. Біз сол себепті тектен іздейміз. Әке-шешеміздің немесе ата-бабаларымыздың өмірінде болған жағдай біздің өмірімізде де қайталанады. Эмоциялар, мінезі, қалыптасқан әдет-ғұрпы қайталанады. Бірақ адам соны түсінгенде шешімін табуға болады екен. Мәселен, бедеуліктің себебін іздесек, қазақ әйелдерінің ең үлкен қасіреті – баласынан айырылуы. Енді текке қарасақ ХХ ғасырда қазақ аналары балаларынан айырылып, қайғы шеккен. Анда-мұнда қашып жүргенде, ашаршылық кезінде болған қасірет. Бұл қасіреттің зардабы гендік жады арқылы ұрпақтан-ұрпаққа сақталып келеді. Сол үрей әйелге бала көтеруге кедергі жасайды. Қазақ қоғамындағы ең үлкен проблема – ажырасу. Отбасы бұзылғанда балалар көбіне анасының жанында қалады да тегімен араласпайды. Бұл дұрыс емес. «Тегін білмеген тексіз» деп, қазақ бекер айтпаған.
Сондай-ақ сөз құдіреті деген бар. Мұны қазақ ертеден түсінген. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген емес пе? Жапондық ғалымдар зерттеу жүргізіп, сөздің ДНК-ға әсер ететініне көз жеткізген. Мен ресейлік ғалымдарға қазақтың «Сөз сүйектен өтеді» деген мақалын айттым. Олар қатты таңғалды. Сүйек деген ДНК ғой. Кейде ғалым әріптестерім қалжыңдап: «қазақтар тағы не деп айтқан?» – дейді. Қазақ – өте дана халық.
– Қазақтың «Жеті атасын білмеген жетесіз» деп, жеті атаны білуге тәрбиелеуде үлкен мән жатқанын бүгінгі ұрпақ ұғына бермейді. Тіпті жеті ата ұғымы ұмытылып бара жатыр десек, артық айтқандық емес. Бұл ұрпақ тәрбиесінде қандай мәселе туғызуы мүмкін?
– Өкінішке орай, бүгінде тек деген сөз қолданыстан шығып барады. Біз тектілігімізді сақтауымыз қажет. Әрине, ата-бабаларымызды білуіміз керек. Бұл – тектілік мәдениет. Мұның ішінде тәрбие де, философия, қарым-қатынас та бар. Тектілік мәдениетіміздің негізі – шежіре. Жеті атаға дейін қыз алыспайтын қазақтың тектілігі қандай керемет. Кейбір ұлттарда бөлелер бір-бірін ала береді. Тәжікстанда осы мәселені зерттегенде ауру балалардың көбеюі осы туыстардың басқосуынан екендігін анықтаған. Ал қазақ мұны ертеден біліп, жеті атаға дейін қыз алуға тыйым салған. Қазақ мықты генетик болған. Бірақ ХХ ғасырда қуғын-сүргін, ашаршылық, совет үкіметінің идеологиясынан шежірені ұмыта бастадық. Оның үстіне ата-әжелеріміз жетім қалды. Мұндай кезде жеті атаны есте сақтау қайдан болсын? Әйтеуір руын, әкесін ұмытпаған. Қазір менің статистикамда 20 процент қазақтар жеті атасын толық біледі. Рухани жаңғырудың мазмұны да осында. Біз тектің ұлт денсаулығы үшін маңызды екенін ұғынып, ата-бабамыздың шежіресін кейінгі ұрпағымызға айтып отыруымыз керек.
Тағы бір айта кетерлік мәселе – бұрын жиі айтылатын «тектінің ұрпағы» деген сөз қолданысымыздан шығып барады. Мұның жоғалу себебі – ХХ ғасырдағы қуғын-сүргіннің зардабы. Біз тілімізден, дінімізден, салт-дәстүрімізден алыстап қалдық. Тіпті қазақ тілінде сөйлеу, қазақ болу қауіпті болды ғой. Қазір әлі де орысша сөйлейтін қазақтар жиі кездеседі. Генетикалық мұра арқылы келген үрей олардың әлі де ана тілінде сөйлеуіне кедергі жасайды. Сол себепті біз оларды кінәламауымыз керек. Себебі семинар өткізу барысында мұндай жағдайлар жиі кездесті. Ана тілінде сөйлегісі келсе де сөйлей алмайтындардың түп негізін анықтағанда олардың ата-бабасы қуғын-сүргіннің зардабын тартқандар. Олардың ұрпақтарының бойындағы үрейді жеңуге көмектескенде жайлап қазақша сөйлей бастағанының куәсі болдық.
– Бүгінде қазақтың тегінде жоқ оғаш мінездер қайдан келді?
– Тағы да ХХ ғасырдағы қасіретті кезеңдерден келді деп айта аламыз. Қуғын-сүргін, ашаршылық. Әсіресе, ашаршылық өте қатты әсер берді. Мұрат Әуезов: «Ашаршылықтың әсері сондай, 7 ұрпаққа дейін мұның зардабын сезінетін болады» деген еді. Осындай әлеуметтік катаклизм болғанда адамдарда бір ғана мақсат болады. Ол – қандай жағдайда да тірі қалу. Бұл кезде тіл, мәдениет, әдет-ғұрып дегенді ойлау қайдан? Тек тірі қалуды ойлады. Қандай қиын кезең. Оның үстіне советтік идеология басқа мәдениетті, басқа салт-дәстүрді енгізді де халық соған бұрылып кетті. Мәселен, ішімдікті айтайық. Бұл – қазақ үшін жат қылық. Көрші халықпен араласа бастағаннан кейін, соны тез қабылдап алды. Көршінің жақсылығын да, жамандығын да қабылдадық. Ішімдік ішу, психологиялық күйзелістен арылу болды. 1917 жылға дейін қазақ қоғамында психолог қызметін билер, бақсылар, емшілер, сопылар атқарды. Ал енді кеңестік идеология мұның бәрін жоққа шығарды. Сол кезде қазақ психологиялық көмексіз қалды. Советтік идеологияны қолдағандар соның жетегімен кетті, ал бұл саясатпен күрескен алаш азаматтарының тағдыры онсыз да белгілі.
– Бір сұхбатыңызда «ХХ ғасырдың қасіреті 3-4 ұрпақ алмаспай қазақтың бойынан кетпейді» дейсіз. Тарқатып айтсаңыз…
– Кешегі әлемді жайлаған індетттен болған пандемия екінші дүниежүзілік соғысты қайталағандай болды. Соғыста фашизммен күресті, оның тағы бір «коричневая чума» деген атауы болды. Қазір көзге көрінбейтін вируспен күресудеміз. Пандемия кезінде адамдар бір-бірімен қатынаса алмады, тіпті қайтыс болған жақынын жерлеуге бара алмады. Ал ашаршылық кезде де осындай жағдай болды. Ашаршылық, қуғын-сүргін кезіндегі қазақтың басындағы қиын жағдай уақыт өте келе түрленіп қайталанып отыр.
– Кейбір психологтар тектануды тренинг тақырыбы етіп жүр…
– Тектану өте керек. Кейбір психологтар бұл саланың бірін біліп, бірін түсінбей өз семинарларына қосып алды. Мен бұған қарсымын. Тек туралы түсіну үшін оқу керек. Кәсіби тектанушы болу үшін үш жыл оқу керек. Кейбір психологтар ана жерден, мына жерден оқып алып, шала-шарпы айтып жүр.
Тағы бір атап айтарлығы, маған кеңес алуға келгендердің 80 процентінің ата-бабалары Ұлы Отан соғысына қатысқандар. Бірі соғыста қаза тапса, бірі хабар-ошарсыз кетті, енді бірі елге оралды. Олардың тағдыры ұрпақтарына қатты әсер береді. Осыны зерттедім. Мысалы, хабар-ошарсыз кеткендердің ұрпақтарында әрдайым жоғалту құбылыстары қайталанып отыратыны анықталды. Яғни ұрпақтары әлі күнге дейін үйлерінен, кәсібінен, денсаулығынан, табысынан айырылады. Осыны қалай тоқтату керек? Адам хабар-ошарсыз жоғалса, іздеу керек. Ресми дерек бойынша елден кеткен 271503 жауынгер хабар-ошарсыз қалған. Оның көбі қазақтар. Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді. Мен әріптестеріммен бірге осыдан 3 жыл бұрын «Атамның аманаты» атты қоғамдық бірлестік аштым. Біз хабар-ошарсыз кеткендерді іздейміз. Хабарсыз кеткен ата-бабалары туралы дерек тапқан ұрпақтарымен кейіннен сөйлессеңіз, олардың өмірі жақсы жағына түбегейлі өзгергеніне куә болып жүрміз.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!