Дүйсенбі, 25 қараша, 03:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Ибадулла ҚҰТТЫҚОЖАЕВ, қалалық мәслихат хатшысы: «Алаш қайраткерлерін үлгі тұтамын»

24.04.2021

8516 0

Биылғы жыл сайлаумен басталғаны белгілі. Халық 10 қаңтарда мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлады. Жұртшылық бұл жолы жекелеген адамға емес, саяси партияларға дауыс берді. Араға 5 күн салып, мәслихат депутаттары мандаттарын қолына алды. Жыл басындағы саяси додадан бері 100 күннен аса уақыт өтті. Осы аралықта халық қалаулыларының не бітіргенін білу мақсатында Қызылорда қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаевты сөзге тартқан едік…

Ибадулла ҚҰТТЫҚОЖАЕВ, қалалық мәслихат хатшысы: «Алаш қайраткерлерін үлгі тұтамын»

– Ибадулла Дүйсенбайұлы, сайлау бол­ған 10 қаңтардан бері 100 күннен аса уақыт өтті. Қалалық мәслихат депутаттарының мандат алғанына да үш айдың жүзі болды. Осы аралықта қалалық мәслихат не істеді?

– Қазіргі таңда VII шақырылым бойынша «Nur Otan» партиясы, «Қазақстан халық партиясы», «Aq jol» партиясынан  сайланған 22 депутат   жұмыс жасауда.   Әрбір депу­тат­қа аумақтық бөліністер бекітіліп, халық қалаулылары өздеріне бекітілген аудан­дардағы халықпен кездесіп, өзекті мәсе­лелермен толық танысты деп айтуға болады. Бүгінгі күнге дейін мәслихатта  70-ке жуық жеке қабылдау өткізіліп, тұрғындар тарапынан 100-ден аса мәселе көтерілді. Сонымен бірге қалалық мәслихаттың 6 сессиясы өткізіліп, онда қала және елді-мекендердің бюджеті, даму сызбалары, жолаушы тасымалының мәселелері қаралды.

Депутаттар жолаушы тасымалына қа­тысты мәселелерді зерделегенде «Автобус паркі» мекемесінің «Европа даму және қайта құру банкі» алдындағы несиелік қарызы, пандемия салдарынан жолаушы ағынының азаюына байланысты бірнеше бағыттардың /№3, 20, 19/ жабылуы немесе шығындарды ақтамауына байланысты көлік санының азаюы және 2007 жылы жасалған көліктердің жол сызбасының ескіруі секіл­ді бірнеше өзекті проблема анық­талды. Міне, осы мәселелерге қатысты өз ұсы­ныстарымызды бердік. Алдағы уақытта бақылауымызда болады.

  Соңғы уақытта елімізде өкінішті жағдай­лар, оттан судан, түрлі жол апатынан болған қайғылы оқиғалар көбейіп кетті. Осыған орай, ата дәстүр ізімен VII шақырылған Қызылорда қалалық мәслихатының депутаттары мал шалып, орталық мешітте тасаттық берді. Сондай-ақ көктем басталысымен депуттар, қаланы көгалдандыру мәселесін басты на­зарда ұстап келеді. Бұл ретте тұрақты комиссия отырысына көгалдандыру және аяқ сумен қамтамасыз ету мәселесі шыға­рылып, комиссия отырысы алдында сала мамандары талқылау өткізді. Депутаттар қаланы көгалдандыру үшін алдымен аяқ су мәселесін шешу, арықтар мен каналдарды тазалау, гүл егу шараларының тиімділігін арттыру қажет екенін алға тартты. Апта сайын сенбіліктер ұйымдастырып, ағаш егу жұмыстарын жалғастырып келеміз. Депутат Ерлан Мұсаевтың бастамасымен тұрғындарға 5 мыңнан аса көшет таратылды. Осы жерде қалалық мәслихат депутаттары тұрғындары мен мекеме, ұжым басшыларына және кәсіп­керлерге арнайы үндеу жариялап, табиғатты күтіп-баптауға шақырғанын айта кеткен жөн.

Сонымен бірге комиссия жұмысы аясында депуттар Талдырал елді мекені маңында орналасқан Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің тұқымбағымен танысты. Қазіргі таңда көлемі 1,5 га құрайтын тұқымбақта 51 мың ағаш көшеттері егіліп, толығымен тұқымдыққа беруге дайын. Алай­да сала мамандары көгалдандырумен  айна­лысатын мекемелер, кәсіпкерлер және қала тұрғындары тарапынан соңғы үш жыл көле­мінде көшеттерге сұраныстың жоқ екенін айтуда. Сұраныстың жоқтығынан көптеген қазылған  көшеттер қурап қалған. Бұл мәселе де   тұрақты комиссия қарауына шығарылып, тиісті шешімдер қабылданатын болады.

Қалалық мәслихат жанын­дағы құқық қор­ғау және әлеуметтік қолдау мәселелері жөнін­дегі тұрақты комиссиясының отырысын­да «Арнайы бағыттағы (санаторлық) бала­бақшалардың қазіргі атқарып отырған жұмыстары туралы» мәселе қаралды. Ко­миссия отырысында балабақшаға келетін балалар санының азайып кетуі, биылғы жыл­дан бастап балабақшаларға бөлінетін қара­жаттардың жан басына шаққандағы есептемемен төленуіне орай балабақша қыз­меткерлерінің еңбекақысына қаражаттың жетіспей, олардың басым көпшілігі 0,5 жүк­темеге ауыстырылғандығы және емханалар жанындағы комиссиялардың мерзімінде өткізілмейтіндігі жөнінде өзекті мәселелер көтерілді. Қалалық мәслихат депутаттарының ұсынысы ескеріліп, қалалық білім бөлімі тарапынан санаторлық балабақшалардың функционалдық жарғысына сәйкес, қызмет көрсету мәселесі зерделенді.  Нәтижесінде №3 «Қарлығаш», №4 «Қуаныш», №8 «Бүл­діршін» санаторлық балабақшаларын мем­лекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын ретінде қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылданды.

Биылғы жоспарға сәйкес, қалалық мәс­лихаттың сессияларында  Қызылорда қаласы бойынша шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен жақсарту, Қызылорда қаласы әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерді орындауы ту­ралы есебін  қарау жоспарланған. Дегенмен тек сессия отырыстарында ғана емес, ха­лықтың тұрмыс тіршілігі үшін ең бірінші қажеттіліктерді маңызды басымдық ретінде қарап, жұрттың талап тілегіне сай қоғамдық маңызды мәселелерді сессия, тұрақты комис­сиялар қарауына кезек күттірмей шығарып келеміз.

Ибадулла ҚҰТТЫҚОЖАЕВ, қалалық мәслихат хатшысы: «Алаш қайраткерлерін үлгі тұтамын»

Бүгінде  экологиялық ахуалды оңалту­дың жалғыз жолы – ағаш егу, қоршаған ортаны күтіп ұстау.  Ауадағы улы газды өзіне сіңіріп, оттегін бөлетін, даланы шөлге айналудан сақтайтын айналамызды жасыл желекке айналдырудың маңызы жоғары. Бұл ретте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі  Жолдауында «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе   ретінде атап өтіп,  бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекен­дерде 15 миллион ағаш отырғызу қажеттігін атап өтті. Туған елге қызмет етудің озық үлгісі – айналаны көркейтуге қамқорлық жасаумен өлшенеді. Сондықтан биылғы көк­темнің әр күнін тиімді пайдаланып, өз аулаңызды, көшеңізді, мекеме айналысын көгал­дандырып, көп шығынды қажет етпейтін тал егу,  табиғатты күтіп баптау  шарасына атсалысуға шақырамыз.

– Биылғы мәслихат құрамының осы­ған дейінгі шақырылымдардан айыр­машылығы бар ма?

– Айырмашығын айтатын болсақ, елімізде енгізілген әйелдер мен жастар үшін 30 пайыз­дық квота мәселесіне орай қалалық мәслихаттың VII шақырылымы бойынша депутаттардың  22,7% әйелдер және 22,7% 35 жасқа дейінгі жастар. Депутаттық корпус 68,2% жаңарып, 15 депутат алғаш сайланған депутаттар қатарында.  

Депутаттар құрылыс, кәсіпкерлік, білім, энергетика, коммуналдық, мұнай, банк, ме­ди­цина, әлеуметтік, су шаруашылығы саласы бойынша жұмыс жасайтын, өз ісінің білікті мамандары. Жетінші шақырылымдағы барлық депутаттардың белсенділігі жоғары, мәслихатқа келіп түскен, әрбір мәселеге сергек қарап, жүйелі жұмысты атқаруда.

– Әрбір сессия алдында тұрақты ко­мис­сиялардың бірлескен отырысы өтеді. Жалпы қалалық мәслихат құрамында қанша тұрақты комиссия бар? Олардың жұмысы қай бағытқа құрылған?

– Қызылорда қалалық мәслихатының І сес­сиясында  қалалық мәслихаттың тұрақты  ко­миссиялары құрылып, құрамы сайланып,  төрағалары  бекітілді.  Қалалық мәслихат құ­рамында 3 тұрақты комиссия бар.

«Бюджет және экономикалық даму мә­селелері  жөніндегі» тұрақты комиссия­сы­ның төрағасы – депутат Ерлан Нұртазаев. Комиссия өз отырыстарында қала бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, қаржыны бөлу, депутаттар тарапынан берілген ұсы­ныстарға қатысты қаржы қарау, бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуын, қаржының тиім­ді жұмсалуын бақылауға алып, сессияда қаралатын бюджет мәселесін жан-жақты тал­қылап, өз ұсыныстарын енгізіп отырады.

«Құқық қорғау және әлеуметтік қолдау, жастар ісі мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссиясының төрағасы – депутат Қайрат Ерназаров. Комиссияның құзіретіне әлеуметтік мәселелер, білім, мәдениет, жастар ісі, құқық қорғау салаларының жұмыстарын сараптап, мәслихат қарауына ұсыныс беру кіреді. Сонымен қатар қала көлеміндегі әлеуметтік ахуал, көмекке мұқтаж, тұрмысы төмен және мүгедек жандарға көмек көрсету, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, жастар  ісі мәселелерін назарға алатын болады. 

«Өндіріс, тұрғын үй, коммуналдық шаруа­­шылығы  және экология мәселелері жөнін­дегі» тұрақты комиссиясының  төрағасы – депутат Мұхиджан Кәрімбаев. Бұл комиссия қаладағы  коммуналдық саланың жай-күйі, қаланың жылу беру маусымына дайындығы, экология, ауыз су, аяқ су, өндіріс, кәсіпкерлік салаларының мәселелерін  үнемі назарда ұстап отыратын болады.

Бүгінгі күнге дейін аталған комиссия отырыстарында Қызылорда қаласын дамы­ту бағдарламаларының нысаналы индика­торларға қол жеткізу көрсеткіштері, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау көрсету, санаторлық балабақшалардың жағ­дайы,  көгалдандыру,  аяқ  сумен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Сонымен бірге алдағы уақытта «Кәмелет жасына толмаған­дар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және балаларды қадағалаусыз және панасыз қалдырудың алдын алу  жұмыстары», «Білім беру ұйымдарындағы тәрбие беру»,  «Қызылорда қаласында тұрғын үй салу мақ­сатында берілген жер учаскелерінің берілу барысы және олардың мақсатты игерілуі», «қалалық құрылыс бөлімінің атқарып жат­қан жұмыстары мен перспективалық  іс-шарала­ры» мәселелері комиссия отырыстарында қаралатын болады.

Ибадулла ҚҰТТЫҚОЖАЕВ, қалалық мәслихат хатшысы: «Алаш қайраткерлерін үлгі тұтамын»

– Мәжіліс пен мәслихаттың сайлауы бір күнде өтті. Мәжіліс депутаттарының атқаратын қызметі дүйім жұртқа белгілі. Олар Парламентте отырғаннан кейін қолы да ұзындау, сөзі де өтімді екені жасырын емес. Ал жергілікті мәслихат депутаттарының мәжілісмендер секілді «құрығы» ұзын ба? Жалпы мәслихаттың салмағы қандай?

– Мәслихат тарихына шегініс жасасақ, жергілікті өкілді органдарының алғашқы шақырылым депутаттары қызметке кіріскен уақыт ел тәуелсіздігі жарияланған уа­қытпен тұстас келді. Мәслихат депутат­тарының сол кездегі іс-қимыл әрекеттеріндегі басты мін­деті – бюджеттегі көлемі шек­теулі қаржының мейлінше тиімді және мақ­сатты пайдалануын қамтамасыз ету, ха­лықтың әлеуметтік жағдайының одан әрі төмендеуіне жол бермеу, жергілікті жерлерде орын алып отырған көптеген проблемаларды қолдан келгенше шешуге тырысу болды. Ал қазір жергілікті мәслихаттар қоғамды демок­ра­тияландыру процесінде халықтық биліктің негізгі формаларын қалыптастырған жергілікті өзін-өзі басқарудағы маңызды органға ай­налды. Депутаттардың ықпалымен шешімін тапқан көптеген мәселе бар.

Қазіргі депутаттар жұртшылықпен бай­ланысқа ашық, қоғамдық диалог орнатуға ынталы, адамдардың мұң-мұңтажына жедел назар аударып келеді деуімізге толық негіз бар. Бұл ретте қалалық мәслихат пен барлық депутаттардың әлеуметтік желілерде парақшалары ашылып, сайлаушылардың ұсы­ныс-пікірлеріне дер кезінде жауап берілуде және қалалық мәслихаттың барлық іс-шаралары тікелей эфир форматында өткізіліп келеді.

– Қазір заман басқа, қоғам өзгерген. Бүкіл әлем алақандай ұялы телефонға сыйып кеткен кез болып тұр. Тұрғындар айтатын мәселесін осы ұялы телефонның көмегімен әлеуметтік желіге жүктейтін болды. Ондай жазбалардың астына «Әкім қайда қарап отыр?» немесе «Депутаттар не істеп жүр?» деген сыңай­дағы пікірлер жазылып жатады. Жалпы елдің үнін, жұрттың мұң-мұқтажын жергілікті билікке жеткізу үшін қалалық мәслихат депутаттары не істеді?

– Жоғарыда атап өткеніміздей, депутат­тар аумақтық бөліністеріне сәйкес, 90-ға жуық өзекті мәселені анықтады. Бұл мәселелер қала әкіміне ұсынылатын болады. Қаланың жаңа басшысы Ғанибек Қазантаев елді мекендердің 7 де­путатын қабылдап, бірге елді мекендерді аралап, өзекті мәселе­лерді талқылады. Алдағы уақытта қала бас­шысының назарына қалалықтардың өзек­ті мәселелерін ұсынып, тұрғындармен кез­десулер ұйымдастыратын боламыз. Бұдан басқа сессия отырыстарында әрбір депутат өздерінің өзекті мәселелерін атқарушы ор­гандар жетекшілеріне ашық қойып, сессия отырыстары тартысты өткізіледі. Алдағы уақытта қала басшысы қаланың депутаттарын қабылдайтын болады.

Ибадулла ҚҰТТЫҚОЖАЕВ, қалалық мәслихат хатшысы: «Алаш қайраткерлерін үлгі тұтамын»

–  Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

– Шыншылдық, адалдық, адамдық қасиеттен айнымау.

– Кімді үлгі тұтасыз?

– Алаш қайраткерлерін үлгі тұтамын.

– Жастарға қандай кеңес бересіз?

– Өмірлік бағытын дұрыс таңдап, оқу мен ізденуді тоқтатпау керек.

– Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның ең басты жетістігі не деп ойлайсыз?

– Санамалап айтсақ, жеткен жетістік аз емес. Бірақ соның ең бастылары ретінде шекарамыз шегенделіп, мемлекеттік рәміздеріміз бекітіліп, Қазақстан тәуелсіз ел ретінде әлемдік саяси аренада өзін мойындатқанын айтар едім.

– Бүкпесіз әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: