Сенбі, 06 қыркүйек, 04:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№67,2180
06.09.2025
PDF мұрағаты

Мартана Дәулетбаева, облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры: Тілге жанашырлық – тек білім беру арқылы ғана емес, рухани тәрбие арқылы да қалыптасатын қасиет

06.09.2025

44 0

Кез келген ұлттың, халықтың ең басты байлығы – сол халықтың ана тілі. Сондықтан да мемлекеттік тілді барлық салада қолданып, аясын кеңейту жолында қызмет ету әрбір қазақстандықтың алдында тұрған парызы десе де болады. Себебі мемлекеттік тіліміздің абыройы – тұтас еліміздің, ұлымыздың абыройы. Туған тілдің тұғырын биіктету үшін мемлекет тарапанынан жасалып жатқан жұмыстар көп. Осы орайда Қызылорда облыстық тілдерді оқыту орталығы мемлекеттік тіліміздің дамуына зор үлес қосу үстінде. Тілдерді оқыту орталығының жұмыстары жөнінде толығырақ орталықтың директоры Мартана Дәулетбаевамен сұхбаттастық.

– Мартана Қонысбекқызы, Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының қазіргі әлеуетіне, орталықтың негізгі мақсатына тоқталып өтсеңіз…

 – Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ-сі 15 жылдан астам уақыт ішінде аймақ тұрғындарының тілдік ахуалын дамытуда сүбелі үлес қосып келе жатқан мекеме ретінде танылды. Республика бойынша 100-ден аса тіл оқыту орталықтары болса, біздің орталығымыз жылдар бойы кәсіби білікті мамандарымен республика деңгейінде көш басын түзеп келеді. Мекемені әлеуеті жоғары, заманауи талаптар үдесінен шыға білетін орталық ретінде қалыптастыру басты мақсатымызға айналды. Орталық өз қызметі аясында Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрсетілген басым бағыттарды жүзеге асырады. Атап айтатын болсам: Тіл үйрету әдістемесін жетілдіру (ересектерге оқыту курстарын ұйымдастыру, қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту; қазақ тіліндегі контент үлесін арттыру, «Қазтест» жүйесі негізінде нысаналы индикаторларға қол жеткізу, тілдік жоспарлауды іске асыру (латынграфикалы әліпбиі). Осы міндеттерді кезең-кезең бойынша іске асыра отырып, нысаналы индикаторларға қол жеткізу бағытында қарқынды жұмыстар атқарылып келеді.

– Орталықтың жұмысы қоғамда көп кездесетін қандай тілдік мәселелерді шешуге бағытталады?

– Тіл бар жерде мәселе де бар. Аймақтағы тіл үйрететін мемлекеттік орталық ретінде қоғамдық жұмыстарға араласып, тіл мәселесіне байланысты сұрақтарға толық әрі нақты жауап беруге тырысамыз. Әсіресе, ас мәзірін қазақ­шалау бойынша қаладағы қоғамдық тамақтану орындарынан келіп түсетін өтініштерге орталық мамандары (оқытушылар мен аудармашы) дер кезінде сапалы жауап беруге дайын. Тағы бір мәселе «Қазтест», «Қазресми тест» жүйесі негізінде дайындық жұмыстары мен ақпараттық сағаттар жүргізеді. Қазіргі таңда жастарымыз трендті үлгілеп, сленгпен сөйлеуге көшіп кетті. Мұны жаһандану жаңалығы деп қабылдайтындар да бар, дегенмен қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр жұртшылығы үшін үлкен сын болар еді. Осы ретте, жастар арасында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, көп тіл білетін жастарды қолдау мақсатында «Полиглоттар», «Жүзден жүйрік», «Этно quiz» интеллектуалды байқаулары мен «Тіл – қы­лыштан да өткір» жайдарманшылар ойыны дәс­түрлі түрде өткізілуде. Осылайша қоғамдағы мемлекеттің тілдің әлеуетін көтеруге жұмыс жасалып жатыр.

– Бүгінгі заман талабы – тіл үйренудің маңызына тоқтала кетсек…

– Ақын Қадыр Мырзаәлінің:

«Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте!» деген тағылымға толы туындысы барлық қазақстандық азаматтың ұраны­на айналды. Жыл сайын мемлекеттік тіл бойынша тапсырылатын емтихандардың маз­мұны тереңдеп, салмағы арта түскендей. Магистратура, докторантурадан бастап қызметке орналасу емтихандарында тесттік тапсырмалар мен ауызша-жазбаша қарым-қатынастарын бай­қау сынақтарының болуы – осының дәлелі. Бұдан шығатын қорытынды мектеп қабырғасында үйренген тілдік білімін одан әрі жетілдіріп, жаңартып, дамытып отыруы қажет деген сөз. «Тілді сүю – тал бесіктен» дейді халқымыз. Ананың сүтімен даритын ана тілінің әр адамның санасында салтанат құруы – табиғи құбылыс. Қазақстанда өмір сүріп, қазақ тілін үйренемін деуге ұялатындар да жетерлік. Жоғарыда айтып өткенімдей, тіл – жанды құбылыс. Ол да тірі ағза сияқты қалыптасады, дамиды. Уақыт өткен сайын тіліміздегі нормаларға өзгерістер еніп, сөздердің бірігуі немесе бөлек қолданылуы, синоним сөздер қатарының көбеюі, резерв сөз­дердің салалық тізбесінің қалыптасуы сияқты жаңалықтарды уақытылы біліп отыру үшін тілдік курстардан жиі өтуді ұсынамын.

– Халықтың орталық қызметіне қатысу мүмкіндіктері қалай? 

– Орталықтың ұйымдастыратын оқыту курс­­тары жыл бойы жоспарланады. Алдымен келіп түс­кен өтініштер сарапталып, сұраныс білдірген мекеме немесе жеке тұлғалармен келіссөз жүргі­зіледі. Мемлекеттік тіл бойынша «Қазтест» жүйесіне дайындайтын  және шешендік өнерге баулитын «Сөз және сөйлеу мәдениеті» курстары үздіксіз жүр­гізіледі. Даталы күндер қарсаңында облыс тұр­ғындарымен блиц-сауалнамалар, ашық диктант жұ­мыстары ұйымдастырылады. «Білгім, үйренгім келеді» деген өтінішпен келген әрбір тұрғынға есігіміз ашық. Мамандарымыз қашан да өз ісіне жауапкершілікпен қарап, мемлекеттік тілдің мерейін үстем ету жолында аянбай еңбек етіп келеді.

– Цифрлық дәуірде тілді дамыту үшін қандай әдіс-тәсіл қолданылады? Көпшілік үшін сұранысқа ие жобалар бар ма?

– Бүгінгі таңда тіл үйрету үдерісін заманауи ақпараттық технологиясыз елестету мүмкін емес. Бізде дәстүрлі оқыту әдістерімен қатар онлайн-платформалар, мультимедиялық мате­риалдар, бейнесабақтар мен мобильді қосым­шаларды кеңінен қолдану тәжірибеге енді. Тыңдаушылардың сұранысына қарай қашықтан оқыту курстары, интерактивті тапсырмалар мен онлайн тесттер жүйелі түрде жүргізіледі. Бұл бағыттағы жұмыстар халықтың жас ерекшелігіне қарай бейімделіп, ыңғайлы әрі қызықты үлгіде ұсынылуда.

Мартана Дәулетбаева, облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры: Тілге жанашырлық – тек білім беру арқылы ғана емес, рухани тәрбие арқылы да қалыптасатын қасиет

– Тілдерді оқыту орталығын басқару қандай жауапкершілік жүктейді?

– Тілдерді оқыту орталығын басқару – үлкен жауапкершілік. Өйткені, біз тек мемлекеттік қыз­метшілерді немесе ересек­терді оқытып қана қоймай, мемлекеттік тіл саясатының оң бағытта жүзеге асуына, жалпы қоғамда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстарды да жүзеге асырамыз. Ал оқыту бойынша әр тыңдаушының тіл үйренуге деген ынтасын арттыру, нәтижелі білім алуына жағдай жасау – басты міндетіміз. Сонымен қатар жыл сайын оқу-әдістемелік құралдар әзірлеу, жаңа оқу бағдарламаларын енгізу, тіл мәде­ниетін насихаттау бағытында да жүйелі жұмыстар жүр­гізілуде. Осы тұрғыдан алғанда Орталықты басқару – тек әкімшілік-лауазымдық қызмет пен міндет емес, ол – ел дамуына, мемлекеттік тіл саясатының іске асуына үлес қосу деген сөз.

– Алдағы уақытта қандай жаңа бастамалар қолға алынбақ?

– Атқарылған жұмыстарды саралай келе алдағы уақытқа жүйелі жоспар құру – нәтижеге бағытталған әрекеттің көрінісі. Олай болса, орталықтың да алдағы уақыттағы жоспарлары бар.

Біріншіден, ҚР Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасындағы (одан әрі – тұжырымдама) негізгі бағыттарды жүзеге асыру;

Екіншіден, тұжырымдамада көрсетілген ны­саналы индика­торларға қол жеткізу мақса­тында оқыту курстарын тұрақты әрі сапалы ұйымдастыру;

Үшіншіден, ересектерді оқытуға арналған отандық әдістемелік өнімдерді әзірлеу;

Төртіншіден, мемлекеттік тіл үйрету курс­тарында ұлттық құндылық пен салт-дәстүрді біріктіре отырып оқыту қарастырылған.

Бесіншіден, өркениет көшіне ілесу бағы­тында жасанды интеллектке негізделген тіл үйрету, оқыту құралдарын енгізу арқылы тың­даушылардың жеке қабілетіне бейімделген бағдар­ламаларды қолдануды көздеп отырмыз.

Қазіргі уақытта мемлекеттік, ресми және халық­аралық тілдерді үйрету бағытында орталықтың әлеуметтік желілердегі парақшаларында «Сөз­түзер», «Білгенім – бір тоғыз…», «Дұрыс аударып жүрсіз бе?», «Тіл қазынасы», «Көнеден жеткен сөз-мұра», «Сөз орамдары», «Трендтегі сленгтер», «Атақты адам­дардың алтын сөзі», «Practical English», «Sing. Learn English» секілді ақпараттық-таным­дық сипат­тағы айдарлар тұрақты жүргізіліп келеді.

– Тілге деген жанашырлық әрбір аза­маттың бойында болуы шарт. Мұндай құн­дылықты жастардың бойына ұялату үшін қандай қадам жасау керек деп ойлайсыз?

– Тілге жанашырлық – тек білім беру арқылы ғана емес, рухани тәрбие арқылы да қалыптасатын қасиет. Биыл 180 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтіп жатқан ұлы ақын, хакім Абай Құнанбайұлы «Тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» десе, ғұлама ғалым Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» дейді. Демек, ғылыми-шығармашылық ізде­ніс­тегі қажыр-қайратпен келген еселі еңбектерімен халқы­ның рухани кемелденуінің күретамырына қан жүгіртуде әр азаматтың бойына өршіл рух, өр мінез қажет. Ұлттық мұрат­ты ұстанған тұлға бойындағы, ар-ождан биігіндегі елдік мінез адам болмысының өзіндік табиғатынан тамыр тартып жатқанымен, туған жер, өсіп-өнген ортасы мен отбасындағы тәрбиесі азаматтық ұстанымды қалыптастыруда зор маңызға ие.

Сондықтан жастардың бойына бұл құнды­лықты сіңіру үшін ең алдымен отбасы, білім алған ордасы мен қоғам үштағаны бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Біз жастарды тек ережемен, грамматикамен қызықтыра алмаймыз, оларға тілді заманауи, өмірлік қажеттілік, болашаққа жол бастар даңғыл жол, әлемдік қақпаны ашатын негізгі тетік ретінде түсіндіріп, көрсетуіміз керек. Сондықтан түрлі жастар форумы, тіл фестивальдері, дебат, шығармашылық бай­қауларын жиі өткізу – тиімді тәсілдердің бірі. Жас ұрпақтың тіл біліміне ынтасын арттыру үшін оларға табысты тұлғалардың қазақ тілін еркін қолданған бейнесін үлгі ету де маңызды. Ең бастысы, әр азамат тіл тағдырына бей-жай қарамай, оны өзінің рухани байлығы ретінде қабылдаса, жастарға да сондай өнеге болары хақ.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Әңгімелескен Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: