Сенбі, 22 қараша, 00:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№89 (2201)
22.11.2025
PDF мұрағаты

Медет Маханбет Елтайұлы, «Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығы» ауруханасының жоғары санатты дәрігер-оториноларингологы: Құлаққа да қамқорлық керек

22.11.2025

30 0

Құлақ, тамақ, мұрын ауруларыбұрыннан белгілі дерт болғанымен, қазір өзектілігі арта түсті. Ірі қалалардың қарбаласы, экологиялық жағдай, шулы орта, құлаққап пен гаджеттерді шамадан тыс қолдану есту мүшесіне, тыныс алу жолдарына түсетін салмақты еселей түсуде. Осындай кезде аурудың алдын алу, дер кезінде дұрыс диагноз қойып, тиімді ем жүргізе алатын білікті ЛОРдәрігердің рөлі ерекше. Осы ретте қазіргі құлақ ауруларының ерекшеліктері, жастардың құлаққапты жиі пайдалануы және құлақ оталары туралы «Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығы» ауруханасының жоғары санатты дәрігероториноларингологы, құлаққа эндоскопиялық оталар жасайтын тәжірибелі ЛОРхирург Медет Маханбетпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Қазіргі кезде ең жиі кездесетін құлақ аурулары қандай? Негізгі себептері ретінде нені атар едіңіз?

– Мен ЛОР-хирург ретінде көбіне жоспарлы отаға келетін науқастарды қабылдаймын. Күнделікті тәжірибеде екі үлкен бағыт жиі кездеседі. Бірі – мұрынмен дұрыс демалудың бұзылыстары, екіншісі – құлақтың созылмалы аурулары мен естудің төмендеуі. Мұрын ауруларына келсек, адамдардың көбі мұрынмен еркін демала алмауға, түнде аузын ашып ұйықтауға, басы ауырғанын айтып шағымданып келеді. Тексергенде мұрын пердесінің қисаюын жиі көреміз. Кейде бұл ауру емес, сүйек-шеміршек бөлігінің өсу ерекшелігі ғана. Бірақ перде қатты қисайса, мұрынның шырышты қабаты ісініп, ауа өтуі қиындайды, бұл құлаққа да әсер етуі мүмкін.

Құлақ ауруынан жедел іріңді ортаңғы отит, дабыл жарғағының перфорациясы, соның әсерінен есту қабілетінің төмендеуі жиі кездеседі. Бізге «құлағым естімей қалды», «құлағымнан су не ірің ағады», «құлағым шуылдайды» деп келеді. Дабыл жарғағындағы тесіктің салдарынан құлақтан бөлінді ағады, есту төмендейді, кейде жағымсыз иіс пайда болады. Жедел ортаңғы отит, жедел синуситтер және қабынудың түрлі асқынған түрлері жедел жәрдем арқылы немесе тікелей қабылдауыма түседі.

Медет Маханбет Елтайұлы, «Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығы» ауруханасының жоғары санатты дәрігер-оториноларингологы: Құлаққа да қамқорлық керек

– Есту қабілетінің төмендеуі мен кереңдік неден болады? Қандай қауіп факторлары ерек­ше рөл атқарады?

– Жалпы, есту қабілетінің тө­мендеуі мен саңыраулықтың не­гізгі үш тобы бар деп айтар едім. Біріншісі – өткізгіштік есту кемістігі. Бұл көбіне ортаңғы құлақ деңгейіндегі өзгерістермен байланысты. Мысалы, бала кезінде жедел отитпен қайта-қайта ауы­рып, дабыл жарғағы тесіліп, ортаң­ғы құлақ қуысында созылмалы қабыну қалыптасса, құлақтағы үш майда сүйекше – балғашық, төсше, үзеңгінің қозғалысы бұзылады, кейде мүжіліп, зақымданады. Сон­да дыбыс толқыны дұрыс өт­кізілмей, біртіндеп нашар ести бастайды. Құлақ ауруының мұндай түрін көп жағдайда хирургиялық жолмен – дабыл жарғағын жауып, сүйекшелерді қалпына келтіру ар­қылы емдеуге болады. Екінші­сі – нейросенсорлық саңыраулық немесе кереңдіктің пайда болуы. Бұл құлақтағы ұсақ түкті жасу­шалардың, есту жүйкесінің, ми­дағы есту орталықтарының за­қым­дануынан болады. Мұнда шулы ортада ұзақ жыл жұмыс іс­теу, құлаққапты қатты дыбыста тыңдау, кейбір ототоксикалық дәрі-дәрмектер, қан-тамырлық және зат алмасу аурулары, бас-ми жарақаты әсер етеді. Егер нейросенсорлық процесс енді бас­талғанда «құлағым шулап кетті, кенеттен нашар ести бастадым» деген алғашқы белгілер байқалғанда дер кезінде дәрігерге келсе, дәрі-дәрмекпен, инфузиялық терапиямен естуді белгілі бір деңгейде жақсартуға мүмкіндік бар. Ал айлап-жылдап жүре берсе, өзгерістер тұрақты болып, есту қабілеті қалпына келмейтін деңгейге кетуі ықтимал. Үшінші нұсқа – туа біткен кереңдік. Кей балалар ана құрсағында жатқан кезде-ақ әртүрлі инфек­циялар, токсикалық әсерлер не­месе тұқымқуалаушылық фак­тор­лардың салдарынан құлақ құ­рылымдары мен есту нерві толық дамымай қалады. Мұндайда Қазақстанда кохлеарлық имплан­тация жасалады. Арнайы құрылғы орнатылып, балаға есту дағдысы үйретіледі. Яғни, туа біткен ке­реңдікті қазіргі заманда түзету мүмкіндігі бар.

– Есту қабілетінің нашарлауы­ның алғашқы белгілері қандай?

– Есту қабілетінің төмендеуін көбіне адамның өзі де, жанындағы туыстары да байқайды. Алғашқы белгілердің бірі – әңгімелескен кезде «қайталап айтыңызшы», «не дейсің?» деуі. Бірнеше адам сөйлесіп отырған ортада айтылған әңгіменің бір бөлігін ғана естіп, дұрыс түсінбеуі. Теледидардың, ра­дионың, телефонның дауысын бұрынғыдан да қаттырақ қоюы. Кейде адамның дауысы «алыстан күмбірлеп» естілгендей болады, сөз анық жетпейді. Құлақта шу, сыбдыр, шыңыл, ысқырық пайда болуы да – маңызды белгі. Нау­қастар көбіне «отырғанда тыныш, жан-жағымда дыбыс жоқ кезде құлағымның ішінде әртүрлі дыбыс шығады» дейді. Бұл – субъективті шу деп аталады, көбіне нейро­сенсорлық өзгерістерге тән.

Мұндай шағымдар болғанда біз алдымен құлақ жолын, дабыл жарғағын, мұрын қуысын, мұрын пердесін, жұтқыншақты, естахи түтігі аумағын микроскоп, эн­доскоп арқылы тексереміз. Одан кейін тональды және сөйлеу аудио­метриясы, тимпанометрия сияқты арнайы зерттеулер жүргіземіз. Сол арқылы естудің қай деңгейде, қай түрі зақымданғанын анықтап, соған сәйкес ем тағайындаймыз.

Медет Маханбет Елтайұлы, «Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығы» ауруханасының жоғары санатты дәрігер-оториноларингологы: Құлаққа да қамқорлық керек

– Қай жағдайда ата-ана баласын немесе ересек адам өзін міндетті түрде ЛОР-дәрігерге көрсетуі керек?

– Балаларға да, ересектерге де ортақ қағида – ұзақ созылған, қайталана беретін шағымдарды «өзі өтіп кетер» деп күтпеу. Балаларға қатысты айтар болсам, егер бала аузын ашып ұйықтаса, түнде қатты қорылдаса, жиі суық тиіп, құлағы ауырып, қабыну қайталана берсе, құлағынан су, ірің сияқты бөлінді ағатын бол­са, теледидардың дауысын қат­ты қойып тыңдаса, ата-анасы шақырғанда бірден естімей, қайта-қайта айтқызатын әдеті болса, міндетті түрде ЛОР-дәрігерге апару керек. Сөйлеуінің дамуы кешеуілдеп, жаңа сөздерді нашар меңгеруі де – назар аударатын белгі. Көп жағдайда мұндай балаларда мұрын-жұтқыншақта аденоид деп аталатын тін үлкейіп кетеді. Ол мұрынмен демалуды қиындатады, естахи түтігін жауып, құлақтың вентиляциясын бұзады, нәтижесінде есту төмендеп, отит қайталана береді. Мұндайда аденоид бар-жоғын, оның дәре­жесін эндоскопиялық тексеру ар­­қылы нақты көруге болады. Ере­­сектерде дәрігерге шұғыл қара­луға себеп болатын белгілер – бір немесе екі құлақта кенеттен естудің төмендеуі, құлақтың бі­телуі, қатты құлақ ауыруы, дене қызуының көтерілуі, құлақтан ірің не қан аралас бөлінді ағуы, ұзақ уақыт басылмайтын құлақтағы шу, сондай-ақ мұрынның көп жылдан бері тұрақты бітелуі, мұрын там­шыларын күніне бірнеше рет, айлап-жылдап қолдану сияқ­ты жағдайлар. Қазіргі ЛОР-каби­неттері эндоскоп, микроскоп се­кілді заманауи құралдармен жаб­дықталғандықтан, біз тек қарап қана қоймай, науқастың өзіне де өзгерістерді көрсетіп, емдеу тактикасын түсінікті түрде тал­қылай аламыз.

– Құлаққапты ұзақ және қатты дыбыспен қолдану есту мүшесіне қалай зиян келтіреді?

– Құлаққап арқы­лы қатты дыбыс ұзақ уақыт берілсе, құлақ ішіндегі ұсақ түкті жасушалар мен есту нерві демалмай, дамылсыз жұмыс істеуге мәжбүр болады. Адамның өзі де үнемі тоқтаусыз, демалыссыз жұмыс істей берсе, бір күні шаршап, жүйке жүйесі тозады ғой, құлақ жасушалары да дәл солай. Ұзақ уақыт жоғары жүктемеде жүрсе, бірте-бірте қажа­лып, зақымданады.

Алғашқы кезеңде бұл өзгеріс­­тер қайтымды болуы мүмкін – дыбысты азайтқанда, құлаққап­ты уақытша шешкенде шағым­дар бәсеңдейді. Бірақ жылдар бойы құлаққапты қатты дыбыста, үзіліссіз қолдану құлақ жасушаларының бір бөлігін жойып жіберуі мүмкін. Олар қайта өсіп шықпайды, сондықтан есту қабілеті біртіндеп төмендеп, нейросенсорлық есту кемістігіне, тіпті кереңдікке дейін апарады. Қарапайым тілмен айтсақ «құлақ­қапты қаттырақ қойсам, жақсырақ естимін» деу – құлаққа үнемі микро жарақат беру деген сөз. Оның нәтижесі бірден емес, он жыл, он бес жылда білінеді.

– Құлаққапты қолдану ере­желері туралы не айтасыз? Құ­лаққапты тәулігіне қанша уа­қыт­тан артық тақпау керек, ды­быс деңгейі қандай болғаны жөн?

– Ең маңыздысы, дыбыс деңгейі мен уақыт. Науқастарға қара­пайым мысалмен түсіндіремін: телефондағы дыбыс шкаласын алсақ, шамамен 30-40 пайыздан жоғары көтермеуге тырысу керек. Егер құлаққаппен музыка тыңдап отырған кезде жаныңда тұрған адаммен дауысыңызды көтермей, қалыпты сөйлесе алсаңыз, дыбыс деңгейі шамамен қауіпсіз деген сөз. Уақытқа келсек, кез келген тыңдалым уақытын академиялық сағат сияқты деп қарауға болады. Бір сағаттың 40 минутын тыңдап, 20 минут құлаққа демалыс берген дұрыс. Яғни бірнеше сағат бойы тоқтаусыз тыңдаудан сақтану қажет. Құлаққаппен жүретін уа­қытты да барынша шектеу керек, әсіресе үйде тыныш жерде қажет болмаса, пайдаланбау керек. Ұзақ жолда, ұшақта тыңдасаңыз да, міндетті түрде үзіліс жасап, құлақты тынықтырып отыру маңызды.

Құлаққаптың түріне келсек, құлақ ішіне енгізетін құлаққаптар дыбысты тікелей құлақ жолына бағыттайды, сыртқы шуды жақсы оқшаулайды. Дыбысты қатты қойсаңыз, ішкі құлаққа түсетін салмақ та соғұрлым жоғары болады. Сыртын жауып тұратын құлаққаптарда да дәл солай, дыбысты шектен тыс күшейтсеңіз, зияны көп. Сондықтан «қайсысы қауіпті?» дегеннен гөрі, қай түрін қолдансаңыз да дыбысты қатты қоймау және құлаққа демалыс беру – басты қағида.

– Сіздің тәжірибеңізде құлақ­қапты дұрыс қолданбау сал­дарынан есту қабілеті нашарлап келген жастар болды ма?

– Иә, есімде қалған ерекше бір жағдай бар. Жиырма бір жастағы жігіт келді. Студент, күні бойы, көшеде, үйде, көлікте, қайда жүрсе де құлағында құлаққап. Уақыт өте келе бір құлағының естуі айтарлықтай төмендеп, құлағында ауырсыну, шу, ыңғайсыздық пайда болғаннан кейін ғана дәрігерге жүгінген. Тексергенде дабыл жарғағында тесігі бар, ортаңғы құлағында созылмалы қабыну процесі, сүйекшелерге де зақым келгенін анықтадық.

Оған ота жасап, зақымданған құрылымдарды қалпына келтірдік. Отадан кейін аудиометрия көр­сеткіштері жақсарды, жігіт күн­делікті өмірде еркін еститін дең­гейге жетті. Өзі де «енді құлаққап кимеймін» деп сабақ алғанын айтты.

– Құлақ ауруларына эндос­копиялық ота жасайтын ма­мансыз. Осындай жоғары тех­нологиялы құлақ оталарына көбіне қандай диагнозбен келеді?

– Эндоскопиялық трансканал­ды ота – қазіргі заманғы, аз инвазивті құлақ операциялары­ның түрі. Бұрын классикалық әдіс­пен құлаққа операция жасаған­да көбіне құлақтың артына ұзын тілік жасап, сүйекті ашып, микроскоп арқылы ортаңғы құлақты көре­тінбіз. Эндос­копиялық тран­ска­налды тәсілде құлақтың артынан үлкен тілік жасалмайды, жіңішке эндос­коп­ты сыртқы есту жолы арқылы енгіземіз де, арнайы микро құралдармен зақымданған аймаққа тікелей жетеміз. Бұл әдістің артықшылығы – жұмсақ тіндерге және сүйекке түсетін жарақат азаяды, қан жоғалту мөлшері төмен болады, тыртық қалмайды, косметикалық тұрғы­дан да жақсы, науқас ауру­ханада аз уақыт жатып, тезірек қалыпты өмірге оралады. Көбіне созылмалы іріңді ортаңғы отит, дабыл жарғағының перфорация­сы, ортаңғы құлақта­ғы процестер, сүйекшелердің зақымдануы сияқ­ты диагноз бойынша ота жасаймыз. Сонымен қатар отосклероз кезінде де ота жасалады. Бұл кезде үзеңгі сүйегі­нің айналасындағы сүйек тіні қатайып, оның қозғалысы шек­теледі. Себептері көп: тұқым­­қуалаушылық, зат алмасу бұзы­лыс­тары, гормондық өзгерістер. Мұн­дайда біз зақымданған сүйек­шені алып, орнына арнайы протез қоямыз.

– Көптеген ЛОР-дәрігерді оқытып жүрсіз. Құлақ хирур­гиясы бойынша қазақстандық мамандардың деңгейін қалай бағалар едіңіз?

– Менің ойымша, Қазақстанда, әсіресе Астана мен Алматыда құлақ хирургиясы бойынша ма­мандардың деңгейі өте жоғары. Бізге түрлі елдерден профессорлар келіп, шеберлік сабақтарын өткі­зіп жүр. Олар өз тәжірибесін, әдістерін көрсетеді. Қазір шетелде жасалатын құлақ оталарының ба­сым бөлігі – созылмалы отит, отосклероз, перфорация бойын­­ша күрделі оталар да біз­дің елде жасалуда. Балаларға да, ересектерге де оталарды Қазақстан­­да жасауға мүмкіндік бар. Әрине, өңірлерде белгілі бір қиын­дықтар жоқ емес. Құлақ – анато­­миялық тұрғыдан өте күрделі аймақ, операция техникасы да нәзік. Оған қоса операциялық мик­рос­коп, эндоскопиялық жүйе сияқты қымбат құралдар қажет. Олар­дың бағасы ондаған мил­лион теңгеге жетеді. Барлық аймақтық ауруханалар бірден мұндай жабдықты алып, команда қалыптастыра алмайды, сондықтан күрделі құлақ оталары көбіне ірі орталықтарда жасалады. Дегенмен қазақ­стандық ЛОР-дәрігерлердің кәсіби деңгейі жыл сайын өсіп келеді. Жас мамандар құлақ хирургиясына қызығып, үйренуде.

– Жас мамандарға айтар кеңесіңіз…

– Жас мамандарға, болашақ дәрігерлерге де айтарым бар. Өз ісіне деген шынайы сүйіспеншілік пен еңбекқорлық адамды жетіс­тікке жетелейді. Мамандықта жоға­ры нәтижеге жету үшін жұмысына деген шынайы сүйіспеншілік пен жүйелі еңбектен артық ешнәрсе жоқ. Білікті маман болу ұзақ әрі табанды еңбекті талап етеді. Егер адам таңдаған саласында ауыртпалығына да, жеңілдігіне де мойымай, кем дегенде алғашқы бес жылын үздіксіз ізденіс пен тәжірибеге жұмсаса, ол кейін кез келген бағыттың дамуына елеулі үлес қоса алатын білікті кадрға айналады. Жалпы жүйе тұрғысынан алғанда, дәрі­герлердің құқықтарын заң жүзінде қорғау, еңбекақысын лайықты деңгейге жеткізу маңызды. Дәрігер өзінің болашағына се­німді, әлеуметтік жағдайы тұ­рақты бол­ғанда, ол бар күш-жігерін нау­қасты емдеуге, ғылым мен білімін дамытуға жұмсай алады.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Бетті дайындаған

София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: