Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 09:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Нұрбол АППАЗОВ, академик: «Альцгеймер және паркинсон ауруларының алдын алуға арналған препарат дайындаудамыз»

28.12.2021

2312 0

Бүгінде «Альцгеймер» және «Паркинсон» ауруларының емі табылмай келеді. Дегенмен бүгінде бірнеше елдің ғалымдары бірлесіп, бұл аурудың алдын алатын дәрі жасауға кірісіп кетті. Олардың қатарында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің зерттеуші-профессоры, жас академик Нұрбол Аппазов та бар. Жақында академик ғалыммен бүгінге дейінгі ғылымда жеткен жетістігі, шыққан белесі, ашқан жаңалықтары жайында сұхбаттастық…

– Нұрбол Орынбасарұлы, әңгімемізді химия саласына келуіңізден бастасақ…

– Менің бұл салаға келуім қызық болды. Өзім Қармақшы ауданының тумасымын. Оқушы күнімде жүргенде дәрігер болуды армандадым. Мектеп бітірген 1998 жылдары бәрі қиындау уақыт еді. Ата-анам «Өзге қалаға жібермейміз. Қызылордадағы оқу орнына барып, медицина саласына жақын биологияны оқы. Бітірген соң армандаған дәрігерлікті де көрерсің», – деді. Келістім. Бірақ сол жылы оқуға келерде биология пәні мамандығына құжат қабылдамай жатқанын естідім. Бұл жайтты естіген ата-анам ақылдаса келе, химияны таңдауға кеңес берді. Сөйтіп, ойламған жерден химияны таңдадым. Айым оңымнан туып, оқуға түстім. Мектепте жүргенде биология мен химияны төрт пен беске оқығанмын. Университетте химия саласына қызығушылығым арта түсті. Үнемі белсенді болдым. 2002 жылы «Жаратылыстану» факультетін де үздік дипломмен бітіріп, кейін «Химиялық технология» мамандығы бойынша магистратураға түстім. Оны да үздік аяқтадым. Диплом алған соң университетте қалуға ұсыныс түсті. Келістім.

– «Инемен құдық қазғандай» ғылым жолындағы жеткен жетістікті айтсақ…

– Жаңа антибактериалды және зең саңырауқұлақтарына қарсы заттарды синтездеу арқылы препарат ойлап таптым. Сондай-ақ өңірдегі өсімдіктерге зерттеу жүргізіп, жантақтың құрамы мен қасиетіне қызығушылық пайда болды. Зерттеу барысында жантақтан биологиялық белсенді заттар алдым. Оны биолог әріптестеріммен бірге «атересклероз» деген аурудың бастапқы кезеңінде емделуге болатынын анықтадық. Бұл туралы әлемдік деңгейдегі ғылыми басылымдарға мақала жазып, одан оң қорытынды шығып, патенттедік. Жантақтың пайдасы алда әлі талай зерттеледі. Ғылыми жаңалық ашуда әлем ғалымдарына арналған еуропалық орталық бағдарламасы бар. Соған португалиялық, нидерландық, даниялық, британиялық, ресейлік, украиналық, беларуссиялық ғалымдармен бірігіп жоба өткіздік. Мақсатымыз – «паркинсон», «альцгеймер» ауруын емдеу мен алдын алуда қолданылатын дәрі жасау. Сол жоба Еуропалық одақ комиссиясынан қолдау тауып, тіпті қаржыландыратын болды. Мен осы жобаның Қазақстандағы жетекшісімін. Бұл жобаны қолға алуымның да себебі бар.

Әкем «паркинсон» ауруынан қайтыс болды. Әкем ауырғанда дертіне шипа болмағаны жаныма батты. Қазақстанда бұл аурумен ауыратын қаншама науқас бар. Сол себепті осы аурудың алдын алып, емдеу бойынша өз үлесімді қосқым келді. Түркиялық әріптестермен бірлесіп ҚР Ғылым комитетінің конкурсына жобалар ұсындық. Егер өтіп жатса, онда жантақ шөбінің құрамынан алынған флавоноидтарды одан әрі модификациялап, антибактериалды және өзекті болған коронавирус инфекциясына қарсы емдеуге арналған препараттар алу да ойда бар.

– Осы «Альцгеймер» мен «Паркинсон» ауруларын емдеуге арналған дәріге әлдеде толығырақ тоқталып өтіңізші… Бұл ауруды толық жоюдың амалы бар ма?

– Әзірге жоқ. Біз мұндай дәріні әлі ойлап тапқан жоқпыз, тек еуропалық дәрігер ғалымдармен бірге «Альцгеймер» және «Паркинсонның» алдын алуға әсер ететін негізгі затты әзірлеудеміз. Оның дәрі ретінде өндіріске енуі уақыт еншісінде. «Альцгеймер» және «Паркинсон» миды зақымдайтын аурулардың қатарында. Мәселен, «альцгеймерде» ми семіп қалады да, адамда ұмытшақтық пайда болады, моторикалық мүмкіндіктері төмендейді. Ал «Паркинсон» ауруында діріл пайда болады, адамның өмір сүру қабілеті бұзылады. Мысалы, тамақ жей алмай, тіпті жүре алмай қалуы мүмкін. Бұл екі ауру да асқынса, адамды мүгедектікке дейін апарады.

Флавоноидтар деген қосылыстар көптеген өсімдікте кездеседі. Біздің жерімізде ол жантақтың құрамында бар. Жантақ халық емінде әртүрлі ауруларды емдеуде қолданылады. Оны іш кетуді емдеу, дене қызуын түсіру, жөтелді кетіру, кіші дәрет шығару, терлеу үшін пайдаланады. Одан бөлек, жантақтың антиоксиданттық қасиеттері бары анықталған. Яғни, адам ағзасында бос радикалдар түзіліп, салдарынан қосымша жаңа аурулар туады. Антиоксиданттар сол үдерісті тежейді. Алайда флавоноидтардың бір кемшілігі – олар суда нашар ериді. Сондықтан қолдану аясы тар. Біз оны бұрын «атеросклероз» ауруының алдын алуда зерттеген едік. Бұл ауруда тамырда холестерин қалдықтарының түйіні түзіліп, бітеліп қалады. Соның алдын алу үшін флавоноидтарды спиртте ерітіп, пайдаланып көрдік. Нәтижесінде холестеринді түйіндер түзілуінің алдын алатынын, бастапқы кезеңінде жоятынын анықтадық. Бұл туралы әлемдік журналдарда жарияланған ғылыми мақаламыз бар.

Сонымен қатар ағзада амилоид фибрилдері шамадан тыс түзілгенде «Альцгеймер» және «Паркинсон» ауруларын тудырады. Біз айтып отырған флавоноидтар осы фибрилдердің түзілуін тежей алады.

– Осы жобамен Еуропалық Одақтың грантын ұтып алдыңыз ба?

– 2017 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» деген грант ұтып алдым. Сол кезде Португалияға барып, тәжірибе алмастық. Бұл елдегі ғалымдармен бірге флавоноидтарды суда еритін күйге көшіруді шештік. Мысалы, фуллерендер мен флавоноидтарды әрекеттестірсек, өте жақсы еритіні және амилоид фибрилдерінің түзілуін төмендететін қасиеті пайда болатыны анықталды. Тағы қандай ауруларды тежейтін қасиеті бар екенін анықтау үшін еуропалық әріптестерімізбен экспресс-тест жүргізіп көрдік. Нәтижесінде «Альцгеймер» және «Паркинсон» ауруларына әкелетін амилоид фибрилдерінің түзілуін төмендететін қасиеті анықталды. Соны Еуропалық Одақтың «Horizon» бағдарламасына жоба ретінде ұсынып көрдік. 2018 жылы бірінші рет ұсынғанымызда кемшіліктерімізді көрсетіп, жобаны кері қайтарды. 2019 жылы да солай болды. Үшінші рет былтыр қайта ұсынып едік, жобамыз сынақтан өтті. Алайда пандемияға байланысты зерттеу уақытша шегерілген еді.

– Қазір бұл жобамен нақты қанша адам айналысуда?

– Жаңа айтқанымдай, бұл жобамен біздің елден бөлек Португалия, Нидерландия, Дания, Ресей, Украина және Беларусь елдерінің ғалымдары айналысып жатыр. Қазақстандық топта бес адам бар. Бәрі де жас ғалымдар. Жалпы ғылыми топта 25-45 жастағы профессорлар, PhD докторлар, ғылым кандитаттары бар. Әр топтың өз міндеті қарастырылған. Біз негізгі әсер етуші затты табуымыз керек.

– Бұл зат туралы нақтырақ айтыңызшы…

– Флавоноидтар өте көп. Соларды фуллерендермен әрекеттестіріп, көптеген қосылыс аламыз және соларға тест жүргіземіз. Оның ішіндегі ең белсендісін анықтап, улылығын тексереміз. Улылығы төмен қосылыстарға лабораторияда зерттеу жүргіземіз. Осылайша, төрт жыл ішінде негізгі әсер етуші затты анықтауымыз керек. Сонымен біздің жұмысымыз аяқталады. Ары қарай олардың физикалық, химиялық қасиеттерін, құрылысын, лабораториялық жағдайда тестілеуді, клиникаға дейінгі, клиникалық деңгейдегі зерттеулерді басқа елдердегі ғалымдар жүргізеді.

Ал оны өндіріске енгізіп, дәрі ретінде шығару – бөлек жоба. Бізде көбіне сол дайын өнім туралы айтып кетеді де, қалай жасалғаны туралы айтылмай қалады. Ал шынында ғылыми жағы әлдеқайда ауыр жұмыс.

– Қазір жоба қай деңгейге келді?

– Қазір жобаның бастапқы сатысында тұрмыз. Синтез жүргізудеміз.

– Басқа тағы қандай ғылыми жобалармен шұғылданасыздар?

– Бірталай жоба бар. Алайда қолдау мен қаржының жетіспеушілігінен тоқтап қалған жұмыс көп. Әлі піспеген, уақыт еншісіне қалдырған жобалар да жетерлік. Оның қайсысын қолға алатынымыз қаржыландыруға байланысты. Зертханада әртүрлі жаңа биологиялық белсенді заттарды синтездейміз. Сөйтіп, әлемде жоқ жаңа қосылыстар аламыз. Олардың қасиеттерін зерттейміз. Мысалы, антиоксиданттық қасиеті бар, ағзадағы бос радикалдардың мөлшерін азайта алатын, қартаю процесін тежейтін, зиянды бактерияларға қарсы тұра алатын, ауру тудырғыш зең саңырауқұлақтарына қарсылық көрсететін қасиеттері бар заттар, парфюмерия, косметикада қолданылатын хош иістендіргіштер, сонымен қатар зиянды бунақденелілерді қуатын заттар алу бағытында зерттеулер жүргіземіз. Одан бөлек ауыл шаруашылығы саласында өсімдіктердің өсуін реттейтін заттар, су тазалауға арналған сорбенттер алу туралы жобалар да бар. Мұның барлығы уақыт еншісінде.

– Түсінікті. Енді ғылым жолындағы марапаттарыңызға ойыссақ…

– Осы жасыма дейін төккен тер, еткен еңбек ақталмады демеймін. Ғылымдағы, оқудағы жетістіктер үшін марапатталдық. Қазақстандағы талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми орталықтың және облыс әкімінің стипендиаты атандым. Одан бөлек 2014 жылы Ресей Жаратылыстану академиясының өнертапқыштықты дамытқаны үшін А.Нобель атындағы медалімен, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2016» аталымымен марапатталдым. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін де алдық. Сондай-ақ ҚР Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент мүшесімін.

– Оқырмандарға ғалымның ғылыми еңбектері туралы ақпарат бергіміз келеді. Сіз қанша ғылыми еңбектің авторысыз?

– Мен «Web of Science» және «Scopus» базаларына кіретін жоғары импакт-факторлы басылымдарда 12 мақала және ҚР Білім және ғылыми минстрлігі Білім және ғылым саласында сапамен қамтамасыз ету комитеті және Ресей федерациясының Жоғары аттестациялық комитеті тізбесіне енген ғылыми басылымдарында 89 мақала, халықаралық және республикалық конференцияларында 87 материал мен тезистің авторымын. Сонымен қатар 40 ҚР инновациялық, өнертабыс және пайдалы модельдерге патенттер, ЖОО студенттеріне арналған 5 оқу құралы, 5 монография түріндегі 238 ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбектің авторымын. Бұдан бөлек ғылым жолындағы біліктілігімді Еуропаның озық елдерінде жетілдірдім. Оның ішінде Германия, Жапония, Португалия, Ресей, Малайзия сияқты елдер бар.

– Қазір қоғамда кеңестік дәуірдегі ғылым, қазіргі Қазақстанның ғылымынан әлдеқайда жоғары деген пікірлер айтылып жүр. Бұған сіздің көзқарасыңыз қалай?

– Мен бұл оймен келіспеймін. Әркім өз заманын мақтайды. Бұл пікір иелері сол өткен ғасырдың тумалары шығар. Мысалы, бұрын арба екі ауылдың арасына зат тасу үшін тиімді еді, жаңа заман мұны мықты әрі жаңа автокөліктермен алмастырды. Бұрын үйде кнопкалы телефон болатын, қазір оның орнына жетілген, дамыған «Айфон» өнімі келді. Қазір сіз «жоқ маған «Айфон» қажет емес, кнопкалы телефоным жақсы» деп айтпайсыз ғой. Екеуінің арасы жер мен көктей. Жаңа дүниенің артықшылығы қанша ма?! Сондай-ақ ғылымда да тың өзгерістер, жаңашылдықтар, жаңалықтар жетерлік. Бізден кейінгі дәуірдің де өз ерекшелігі болады. Заман бір орында тұрған жоқ, дамып жатыр. Ғылымда солай. Біз атап айтқан осы жетістіктерге жетсек, бізден бөлек елімізде қаншама ғалым зерттеулер жүргізіп, жаңалықтар ашуда. Оның бәрін жоққа шығаруға болмайды ғой.

– Осы салада жүріп талай мықтыдан дәріс алдыңыз. Жалпы ғылымда болсын, өмірде болсын үлгі тұтатын тұлғаларыңыз бар ма?

– Әрине бар. Өмірде әрбір бала ата-анасын үлгі тұтады деп ойлаймын. Менде де дәл солай. Енді білім саласына келсек, Әнипа Тапалова, Күлбарам Сәдуақасқызы, Гүлмира Абызбекова, Роза Нарманова секілді ұстаздарыма айтар алғысым шексіз. Олар мені үнемі қолдап, ғылымға келуіме себепкер болды. Олардың берген бағыты мені осы күнге жеткізді. Ал ғалым болып қалыптасуда үлес қосқан Хаким Суербаев пен Болат Жиембаев – менің үлгі тұтар тұлғаларым. Сондай-ақ ғылым жолында білім-білігімізді арттыруға қолдау білдірген ғалым Қылышбай Бисеновке алғысым шексіз.

– Сұхбатыңызға рахмет!

А.БЕРДІБАЙҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: