Биыл Қызылорда қаласының еліміздің алғашқы Астанасы атанып, тарихи кезеңге куә болып, салтанат құрғанына 100 жыл. Араға ғасыр салғанмен парағы ескірсе де, санада ескірмеген құнды деректер облыстық архив қорында сақтаулы екен. Қаланың Астана атанған тұсындағы архивте сақталған құжаттар жөнінде, қазақ зиялыларының сол кезеңде атқарған жұмысы туралы мазмұнды әңгіме өрбіту үшін Қызылорда облысының мемлекеттік архивінің басшысы Жанат Әбзәлиеваға бірнеше сауал жолдаған едік.
– Жанат Амангелдіқызы, архивтің қазіргі қоры туралы, тарихи маңыздылығы жағынан құнды құжаттар жөнінде не айтар едіңіз?
– Облыс архивінде сақталған барлық құжаттар құнды болып саналады. Тарихи маңыздылығы жағынан құнды құжаттардан 1925-1928 жылдардағы қаламыздың астана болуы, облыстың құрылуы, саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты, соғыс жылдарындағы және соғыстан кейінгі облыстың дамуы және Сыр өңірінің тарихына қатысты Өзбекстан, Орынбор мемлекеттік архивтерінен әкелінген құжаттар көшірмесін айтуға болады. Бұл құжаттармен жергілікті ғалымдар және өзге облыстардан келген зерттеушілер зерттеу жұмысын жүргізіп, өздерінің ғылыми еңбектеріне пайдалануда.
– Архив құжаттарын сөйлетіп, Қызылорда қаласы қалай астана атанғанына тоқталсаңыз..
– 1925 жылдың ақпанында Қазақ орталық атқару комитеті (КазЦИК) Президиумы республика астанасын Орынбор қаласынан Ақмешіт қаласына көшіру жайлы қаулы қабылдайды. Астананы Ақмешіт қаласына көшіру мүмкіндіктерін жан-жақты зерттеу, лайықты жабдықтау жөнінде комиссия құрылып, Ақмешіт уездік қаржы бөлімінің финкассасында арнайы №13747 есепшоты ашылғаны жайлы архив құжатында баяндалған.
Перовск станциясы темір жол жұмысшыларының бастамасы бойынша Қазақстан өкіметін Ақмешітке көшіру үшін үш күн ішінде «Қызыл паровозды» жөндеуден өткізіп, Орынборға жіберді. Қазақ АКСР-і Кеңестерінің V съезі делегаттары және өкімет мүшелері бар пойыз Орынбордан республиканың жаңа астанасы Ақмешітке 1925 жылдың наурыз айының аяғында аттанды.
Үкімет пойызын жолда Сексеуіл, Арал, Қазалы, Жосалы стансаларының тұрғындары салтанатты түрде қарсы алды. Ақмешіт стансасында өткізілген митингіде қазақ өлкелік партия комитетінің төрағасы Жалау Мыңбаев, қала жастары атынан Әбділда Тәжібаев сөз сөйлеп, жаңа Астана болуымен жиналған жұртшылықты құттықтады.
1925 жылы 13 сәуір күні Үкімет басшылары, съезд делегаттары мінген пойыз Орынбордан Ақмешітке бет алды. Олардың қатарында С.Меңдешов, Ж.Мыңбаев, С.Қожанов, С.Есқараев, С.Асфандияров, Б.Аралбаев, Н.Нұрмақов, А.Оразбаевалардай ұлт зиялылары болды.
– Қазақ халқының ұлттық атауын қайтарған съезд жайлы да айта кетсеңіз..
– 1925 жылдың сәуірінде Қазақ АКСР кеңестерінің V съезіне сайланған делегаттар мен үкімет мүшелері Ақмешітке келген. Осы қалада сол кезде бес күнге созылған съезд өткен. 1925 жылы 15 сәуірде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қазақ АССР Кеңестерінің 5-съезі ашылды. Съездің күн тәртібіне екі мәселе енгізілді. Ұлтымыздың «қазақ» деген атауын қайтару, Ақмешітті «Қызылорда» қаласы деп атауға қаулы қабылданды. Осы қаулыны жүзеге асыру мақсатында Қызылорда уездік қалалық атқару комитеті 1925 жылы 30 мамырда барлық мемлекеттік мекемелер, кооперативтік және басқа да ұйымдарға мөр, мөртабан, мекеме маңдайшаларындағы атауын 1 ай көлемде «Қызылорда» деп өзгертуді міндеттеді.
Көп ұзамай Қазақстанның жаңа астанасы Қызылорданы абаттандыру жоспарын Астанаға сай кең көлемді, жүйелі түрде жүргізуді суретші-сәулетші И. Рянгин қолға алды. Қала тұрғындарының даму көрсеткішін ескере отырып, жоспарды алдағы 40 жылға жасауды ұсынды.
1925 жылы 13 мамырда техникалық кеңес отырысында комиссия мүшесі, қазақтың тұңғыш инженері М.Тынышбаев, И.Рянгин жасаған қаланың эскиздік жобасын баяндап, жоба қойылған талапқа сәйкес келетіндігін атап көрсетті.
Съезд қабылдаған қарарда республиканың өнеркәсібін күрделі дамыту, алдағы онжылдықта теміржол және жергілікті жол қатынасын жетілдіру, байланыс құралын, көшпелі және селолық аудандарда жылжымалы поштаны, радио-телеграф жүйесін кеңейту жобалары қуатталды. Бұл мақсатта өнеркәсіпте Қазақстанның маман жұмысшыларын қалыптастыру шарасы белгіленді.
– Қызылорда қаласы Астана болған кезде білім, мәдениет саласы өркендеген болар?
– Қызылорда қаласының Астана болуы қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен білім беру жүйесінің жаңғыруына серпін берді. Бұл кезеңде бірнеше маңызды өзгеріс пен бастамалар жүзеге асты. Мұғалімдерді даярлайтын арнайы курстар, педагогикалық оқу орындары, Қазақ ағарту институты ашылды.
1925-1927 жылдары Халық ағарту комиссариаты халыққа білім беру ісін дамытып, қазақ қоғамында сауатсыздықты жою, мектептер мен интернаттар жүйесін ұлғайту науқанын бастап кетті. Осы кезде қазақ мектептерінің көбеюіне, жоғары оқу орындарының ашылуына үлкен мән берілді. Алғашқы қызметі Орынбор қаласынан бастау алған Қазақ халық ағарту институты жалпы орта мектептерге мұғалімдер дайындап шығару мақсатын көздеді. Бұл институттың оқу жоспарына сәйкес дәріс қазақ тілінде жүргізілді.
1925 жылы институт Қызылорда қаласына көшірілді. Оның жұмысына тәжірибелі педагогтар мен ұйымдастырушы қайраткерлер тартылды. Институт оқытушылары мен студенттері елде сауатсыздықты жою ісіне белсене араласты.
Қазақ Кеңес ағарту басқармасы (Главполитпросвет) алқасының қаулысына сәйкес, 1925 жылғы қарашадан бастап Қызылорда қаласында мемлекеттік театр ашу жұмысы жүргізіліп, республиканың түпкір-түпкіріндегі таланттылар Астанаға шоғырландырылды. Осылайша алғашқы қазақ театрының алғашқы негізі қаланды.
Қазақ өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы драма театрының шымылдығы 1926 жылдың 13 қаңтарында Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясымен ашылды.
– Қазақ зиялыларынан Сәкен Сейфуллин, Ахмет Байтұрсынов, Сәбит Мұқанов сияқты қайраткерлердің Қызылордадағы қызметі қандай болды?
– Архив қорындағы құжаттардан келтірілген деректерді сөйлетер болсақ, 1927-1928 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы Қазақ халық ағарту институтында А.Байтұрсынов бірқатар пәндерден қазақ тілінде дәріс оқыған. С.Сейфуллин 1927-1928 жылдары Қазақ ағарту институтында басшылық қызметте болған. Осы институтта С.Мұқанов, Т.Жүргенов, Т.Шонанов, Қ.Жұбанов сияқты қоғам қайраткерлері әр пәндер бойынша дәріс оқыған.
1927 жылы 10 қыркүйекте Халыққа білім беру қазақ ағарту институты кеңесінің мәжілісі өткізіліп, күн тәртібінде сабақтарды оқу жоспары бойынша кіші және жоғарғы топтардағы қазақ тілі пәні бойынша 6 сағат А.Байтұрсыновқа, орыс тілі пәні бойынша 6 сағат С.Мұқановқа, өлкетану бойынша 2 сағат Т.Шонановқа, педагогика пәні бойынша 2 сағат Қ.Жұбановқа, 1,2,3 топтардағы қазақ әдебиеті пәні бойынша Т.Жүргеновке, материализм тарихы бойынша 2 сағат М.Жолдыбаевқа берілгендігін айғақтайтын құжаттар сақтаулы.
– Астананы Қызылордадан Алматыға көшірудің негізгі себептері қандай?
– Қызылорда Астана болған жылдары Қазақстан өмірінде үлкен әлеуметтік-мәдени, рухани өзгерістер болып жатты. Артта қалған республиканың мәдениеті өркендеп, өндірісі ұлғайып, сауатсыздық жойыла бастады. Қазақ қыздарына арналған өлкелік акушерлік техникум, милиция мектебі, әкімшілік-бухгалтерлік, киномеханик даярлайтын курстар жұмыс істеді.
1927 жылдың наурызында Қазақстан Орталық атқару комитеті мен Халық Комиссарлар кеңесі Қазақстан астанасын Алматы қаласына көшіру туралы қаулы қабылдады. Осы құжаттың негізінде Қазақ АКСР Кеңесінің VІ съезі 1927 жылғы 3 сәуірде болған мәжілісте оны бекітті. Алматыны Қазақстанның астанасы етіп шешім қабылдауға Түрксіб теміржолы құрылысының ықпалы тигенін де айта кету керек.
1927 жылы республика үкіметі Қазақстан астанасын Алматыға көшіру жөнінде шешім қабылдағанмен, ол өзінің жұмысын Қызылордада жүргізе берді. 1928 жылы Қазақстанда жаңа әкімшілік-территориялық аудандастыру ісі жүзеге асырылды. 1929 жылы әкімшілік-территориялық құрылыс аяқталуға байланысты, сондай-ақ Түркістан-Сібір темір жолы құрылысының алғашқы кезеңі іске қосылғаннан кейін Қазақ АССР өкіметі Қазақстанның жаңа астанасы – Алматыға көшті.
Қазіргі уақытта Қызылорда қаласы – Сыр өлкесіндегі мәдениет пен өнердің ғана емес, облыс экономикасының даму тарихында елеулі орын алатын тұғырлы мекен. Біз өткен тарихымызды қадірлеп, қастерлеп, одан тиісті сабақ алып, мән-маңызын жас ұрпақтың зердесіне құйып отыруымыз керек деп ойлаймын.
– Сүбелі сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!