Сенбі, 08 қараша, 13:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№85 (2197)
08.11.2025
PDF мұрағаты

Сымбат Әбдірахман, Назарбаев университетінің психологы: Әлем жылы сөзге мұқтаж

08.11.2025

56 0

Зерттеулерге сүйенсек, ғалымдар жаңа технология адам­дардың тұрмысын жеңілдетіп, өмір сапасын арттыруға мүмкіндік жасағанмен оның зиян тұсы да бар екенін айтады. Алысты жақындатқан байланыс құралының мүмкіндігі жетіле түскен сайын адамдар жалғыздықтан жапа шегуі мүмкін немесе әлеуметтік желідегі жасандылық пен шынайылықты ажырата алмау қоғамды күйзеліске түсіреді. Бүгінде адам неге күйзеліске бейім?» деген сұрақтың жауабын іздеп көрдік. Есімі елге белгілі психолог Сымбат Әбдірахманмен сұхбатта қоғамның жан дүниесіне үңілуге тырыстық.

– Қазіргі қоғамның көңіл-күйін хал-қадерімізше зерделеп көрсек. Тех­нология сәт сайын дамыған заманда адам­дар күйзеліске түсуге бейім келеді. Адамдардың жиі депрессияға түсуінің себебі неде?

– Қазіргі қоғамда стресс күнделікті өмір­дің қалыпты бөлігіне айналды. Жұмыс пен оқу қысымы, технологиялардың үнемі назарды бөлетіні, әлеуметтік желілердегі «идеал бейнелерге» үнемі қарау адам пси­хикасын шаршатады. Психологиялық зерт­теулер көрсеткендей, адамның өзін-өзі үнемі басқалармен салыстыруы депрессиялық симптомдарды күшейтеді. Сонымен қатар эмоциялық сауатты дамытуға уақыт аз бөлінуі, жеке шекараларды қорғаудың болмауы да депрессияға бейім етеді. Яғни қазіргі заманда депрессияның себебі көбінесе сыртқы фак­торлардың көптігі ғана емес, адамның ішкі ресурстары мен эмоционалды икемділігінің жеткіліксіздігі де.

– Бүгінде елдің бәрі психолог, ақылды сияқты көрінеді, дегенмен қоғамда психо­логқа жүгінетіндер де аз емес. Әйтеуір елдің бәрі бірнәрсе іздеп жанталасып жүр. Бүгінгі қоғамның көңіл-күйін қалай сипаттар едіңіз?

– Қазіргі қоғамда көңіл-күйдің тұрақ­сыздығы байқалады. Адамдар бір мезетте бақытты көрінуі мүмкін, бірақ көбінесе ішкі алаң, шаршау, қанағатсыздық бар. Бұл «барлығы бар, бірақ бәрі жеткіліксіз» күйі деп сипатталады. Қоғамның бұл көңіл-күйін психологиялық тұрғыдан былай түсіндіруге болады: адамның өмірлік мақсаттары мен ішкі қанағаттануы арасында сәйкессіздік бар, ал сыртқы жетістіктерге ғана сүйену тұрақты эмоционалды қанағатқа жеткізбейді.

– Әлеуметтік желі тәрбиелеген қоғамда жасандылық басым түсіп жатады. Бұл адам­дарды жасандылық пен шынайы өмірді ажырата алмауға әкелмей ме?

– Әлеуметтік желілер адамдарға өздерін көрсетуге, кейде жасанды образ жасауға мәжбүр етеді. Психологиялық тұрғыдан бұл «қоғамдық бейне» мен «шын бейне» ара­сындағы қақтығысқа әкеледі. Жасандылық адамның психикалық саулығына әсер етеді: өзін-өзі бағалауда шатасады, басқа адамдармен шынайы қарым-қатынас қиын болады, бұл стресс пен мазасыздықты күшейтеді.

– Қазір құндылықтардың құлдырауы­ның себебі не? Яғни отбасы құндылығы, ата-ана жауапкершілігі, бала тәрбиесі жат­танды сұрақ болып көрінгенмен қай кезде де өзекті. Ашығын айтқанда, қазір жауапкершілік жүгін арқалағысы келмей­тіндер қатары басым. Ата-ана баласының тәрбиесін мұғалімнен сұрағысы келеді, мұғалім ата-ананы іздейді, әке анаға итермелейді дегендей. Бір сөзбен айтқанда, жауапкершіліктен қашамыз. Себебі неде?

– Қоғамда жеке қызығушылық пен ыңғай­лылық көбейген сайын жауапкершіліктен қашу тенденциясы қалыптасады. Отбасында ата-ананың жұмысбасты болуы салдарынан бала тәрбиесіне толық уақыт бөлуге мүм­кіндіктің болмауы – басты факторлардың бірі. Сонымен қатар мектеп пен әлеуметтік ортаға жауапкершілікті бөліп беру көбейген. Психологиялық тұрғыдан, бұл – қорқыныш, сенімсіздік және ресурстардың жетіспеушілігі салдарынан туындайтын бейімделген страте­гия. Ата-ана мен мұғалім бір-біріне үміт артқан сайын, бала жауапкершіліктен қашып, тәуелсіз шешім қабылдауға мүмкіндігі болмай қалады.

– Былай қарасаңыз бізде бәрі бар. Бірақ адамдар жанталасып бірнәрсе іздеп жүр. Жүрек тыныштығын, әлде жақсы көңіл-күй, болмаса өзіне назар аударту және тағы басқа. Қазір адамдарға не жетіспейді?

– Қазіргі адамдарға көбінесе ішкі тыныштық, өзіне деген сенім, өмірлік мән мен мақсат сезімі жетіспейді. Материалдық тұрғыдан бәрі бар сияқты көрінгенімен, эмоционалды қанағаттану үшін адамға тұрақты қолдау, шынайы қарым-қатынас және өмірлік мақсат керек. Психологиялық зерттеулер көрсеткендей, сыртқы фактор­лармен қанағаттану ұзаққа бармайды, ішкі эмоционалды теңдік қажет.

– Шамадан тыс қамқорлықтың сал­дары?

– Шамадан тыс қамқорлық немесе «қақ­пақша тәрбие» балада тәуелсіздік пен шешім қабылдау қабілетінің төмендеуіне әкеледі. Мұндай балалар қиындықты өз бетін­ше жеңе алмайды, үнемі сырттан қолдау күтеді, психологиялық тұрақтылығы әлсірейді. Пси­хологтар мұны «тәрбиенің гиперпро­тек­тивтілігі» деп атайды, ол ұзақ мерзімде балада сенімсіздік пен қорқыныш тудырады.

– Адамды танып-білу мүмкін емес. Дегенмен   адам бойындағы  кейбір мінез-құлықтарды психологиялық талдау арқы­лы оқырманға пайдалы ақпарат берсеңіз. Мәселен, адамның өзін тым жоғары немесе өзін төмен санау комплексін талдап берсеңіз.

– Адам өзін басқалардан жоғары қоюға тырысқан кезде үнемі жетістігін көрсетуге талпынады. Психологиялық талдау көрсет­кендей, бұл көбінесе ішкі сенімсіздіктің бетпердесі. Өз құндылығын төмен бағалау, жетістіктерін елемеу, сынға төзімсіздік. Мұн­дай адамдарда өзіне сенімсіздік пен қор­қыныш бар. Бұл комплекстер көбінесе балалық шақтан, ата-ана көзқарасынан немесе әлеуметтік ортадан туындайды. Психотерапия мен өзіндік рефлексия арқылы оларды жеңуге болады.

– Қоғамда әлеуметтік желі арқылы психологиялық шабуыл жасау белең алып бара жатқанын байқаймыз. Біреуді тұқырту, біреудің жанын жаралау, есіріп мақтану дегендей. Бұл ненің белгісі?

– Бұл – қазіргі қоғамдағы психологиялық қауіптердің бірі. Адам басқаға зиян келтіру арқылы өз құндылығын сезінуге тырысады немесе эмоциясын басқара алмайды. Бұл  әлеуметтік стресс, өзін-өзі бағалаудың төмен­дігі және эмоционалды басқарудың жетіс­пеушілігінің белгісі.

– Суицидтің алдын алу тақырыбында көп зерттеу жасадыңыз. Зерттеуден не түйдіңіз.

– Өкінішке қарай, Қазақстанда суицидтік мінез-құлықты зерттеу мен алдын алу бойын­ша жүйелі ғылыми зерттеулер өте аз жүргі­зіледі. Ғылым әрдайым айтарлықтай қаржылық ресурстарды талап етеді, ал бізде бұл мүмкіндік шектеулі. Соңғы кең көлемді деректер 2018 жылы ЮНИСЕФ тарапынан жинақталды, одан кейін ұлттық деңгейде осындай кешенді зерттеулер жүргізілген жоқ.

Алайда сол зерттеулердің нәтижелері маңызды тұжырым жасауға мүмкіндік береді: егер қауіп топтарын уақытылы анықтап, оларға бағытталған психологиялық қолдау көрсетілсе суицидтің алдын алуға болады. Бұл әлемдік тәжірибеде де расталған. Яғни ерте анықтау мен уақытылы психологиялық көмек көрсетудің арқасында қауіпті жағдайларды едәуір азайтуға болады.

Әсіресе, менталдық саулық туралы әңгіме ауылдық жерлерде маңызды, өйткені психикалық мәселелер мен суицид туралы стигма әлі де жоғары. Көп адамдар көмек сұрауға қорқады, ал ата-аналар мен мұғалім­дер дұрыс әрекет етуді білмеуі мүмкін. Психологиялық сауаттылықты насихаттау, менталдық саулықты ашық талқылау және ауылдық жерлерде мамандарды даярлау  алдын алудың негізгі шаралары болуы тиіс.

Қорытындылай келе, суицид­тің алдын алуға болады, бірақ ол жүйелі тәсілді, қоғам­ның хабардарлығын және зерттеулерді қол­дауды қажет етеді. Бұл бағыттағы жұмыс дәл қазіргі қоғам үшін аса өзекті.

– Бүгінде адамдар психологқа қандай мәселемен келеді?

– Адамдар психологқа әртүрлі мәселе­лермен келеді. Ең жиі кездесетіндерінің қатарына эмоционалдық қиындықтар жата­ды: мазасыздық, үрей, күйзеліс, өмірге қызы­ғу­шылықтың төмендеуі, апатия. Сондай-ақ отбасылық және адамдар арасын­дағы жанжалдар, қарым-қатынастағы түсінбеу­ші­лік­тер жиі себеп болады.

Көп адам өзін-өзі бағалау мәселелерімен, кәсіби күйзеліс пен шаршау, өмірлік мағына іздеумен психологқа жүгінеді. Бала­лар мен жасөспірімдер арасында оқу үлге­рімі­нің төмендеуі, мінез-құлықтағы қиын­дықтар,  өмірге, ортаға бейімделе алмау да маңызды себептердің бірі. Сонымен қатар психосоматикалық шағымдар, атап айтқанда, ұйқының бұзылуы, созылмалы шаршау, бас аурулары сияқты белгілер де психологқа жүгінуге итермелейді.

–  Өткен жылы Оксфорд сөздігіндегі ең танымал сөз «мидың шіруі» деп аталғанын барлық БАҚ жазды. Білім алудан гөрі ақша табу түсінігі бірінші кезекке шыққан уақытта білім алуға деген ұмтылыс, ынта азайған секілді. Қалай ойлайсыз?

– Қоғамда ақша табу бірінші орынға шыққанда, білімге мотивация төмендейді. Бұл психологиялық тұрғыдан «қысқа мерзімді қажеттіліктер» мен «ұзақ мерзімді мақсаттар» арасындағы қарама-қайшылық. Мұндай жағ­дайда адам білім алу тезірек табыс табуға ұмтылады.

– Эмоциялық интеллект қалай қалып­тасады?

– Эмоциялық интеллект өз эмоциясын түсіну, басқару және басқалардың эмоциясын түсіну қабілеті. Ол балалық шақтан ата-ананың үлгісі, мектептегі қарым-қатынас ар­қылы дамиды. Өмір бойы тәжірибе, өзіндік рефлексия және арнайы жаттығулар арқылы жетілдірілуі мүмкін. Эмоциялық интеллекті жоғары адамдар өмірде стрессті жеңіл басқа­рады, өзіне және басқаларға түсінікті болады.

– Қазақ қоғамы психологқа мұқтаж ба?

– Иә, қазақ қоғамы психологқа мұқтаж. Біздің халқымыз тарихта көптеген ауыр кезеңдерден өтті: ашаршылық, соғыс, реп­рессия, күштеп қоныс аудару сияқты оқиғалар ұрпақтан-ұрпаққа берілетін пси­хологиялық жарақат қалдырды. Мұн­дай тарихи оқиғалар адамдардың пси­хикалық денсаулығына әсер етіп, кейбір мәселелерді генетикалық деңгейде жал­ғастырып келеді.

Бұған қоса, қазіргі заманғы әлеуметтік және экономикалық өзгерістер, урбанизация, жаһандану және өмір қарқынының жеделдеуі де психологиялық қысымды күшейтуде. Жастар арасында күйзеліс, жалғыздық, бола­шаққа сенімсіздік, ал ересектерде кәсіби күйзеліс пен өмірлік мағына іздеу мәселелері жиілеп отыр.

Отбасылық қарым-қатынастардағы қиын­дықтар, ажырасудың көбеюі, ата-ана мен бала арасындағы түсінбеушіліктер де пси­холог көмегін қажет етеді. Балалар мен жасөспірімдерде оқу үлгерімінің төмендеуі, бейімделу мен өзін-өзі бағалау мәселелері жиі байқалады.

Алайда мұндай қажеттілік тек қазақ қоғамына ғана тән емес. Қазіргі таңда бүкіл әлемде адамдар психолог көмегіне мұқтаж. Себебі жаңа технологиялар қарқыны, ақпа­раттық жүктеме, әлеуметтік желілердің ықпалы және жаһандық дағдарыстар әрбір адамның психологиялық тұрақтылығына әсер етуде.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: