Бүгінгі таңда жаһандық климаттың өзгеруі мен трансшекаралық су мәселесі Орталық Азия елдері үшін стратегиялық сын-қатерге айналып отыр. Әсіресе, Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан Қызылорда облысы үшін судың әр тамшысы алтынмен тең. Су тапшылығы күріш шаруашылығына қалай әсер етеді? Болашақта бізді не күтіп тұр? Осы және өзге де өзекті сауалдар төңірегінде Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, техника ғылымдарының докторы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Серікбай Өмірзақовпен сұхбаттасқан едік.
– Сыр өңіріндегі су тапшылығы күріш шаруашылығына қаншалықты әсер етіп жатыр? Биылғы егіс науқанына қатысты болжамдарыңыз қандай?
– Бүгінгі таңда су мәселесі ауыл шаруашылығының болашағын айқындайтын негізгі факторға айналып отыр. Себебі нақты қанша су бөлінетінін алдын ала дөп басып айту әрдайым мүмкін бола бермейді. Біз жоғарыдан келетін су көлеміне қарай жоспар құрамыз, болжам жасаймыз, соның негізінде күріш егісінің көлемін белгілейміз. Ал күріш – шығыны көп, суға тәуелді дақыл. Сондықтан бөлінген қаржы да, атқарылатын агротехникалық шаралар да, түптеп келгенде, алқаптың сумен қамтылуына тікелей байланысты. Соңғы жылдары су тапшылығы болып, тәуекел айтарлықтай артып отыр. Бұл жағдай суармалы егіншіліктің қазіргі ахуалын қайта саралап, нақты әрі батыл шешім қабылдауды қажет етуде. Соңғы жеті-сегіз айдың ішінде өңірге Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілдері бірнеше рет келді. Вице-министрлер де, Үкімет өкілдері де өңірге арнайы ат басын бұрып, шаруалармен, жергілікті әкімдікпен кездесіп, су жағдайын талқылады. Егісті аман алып қалу үшін мемлекет тарапынан қосымша қаражат бөлініп, насос қондырғылары сатып алынғанымен, су жетіспеушілігінің тауқыметін тартып отырған шаруашылықтар әлі де аз емес. Осы күрделі жағдайға байланысты бұрын орта есеппен 85 мың гектарды құраған күріш алқабы биылғы жоспар бойынша 70 мың гектарға дейін қысқартылып отыр. Шамамен 15 мың гектарға жуық жердің кемуі шаруалар үшін оңай шешім болмаса да, қазіргі ахуал осындай қадамға баруға итермелеуде. Қазіргі деректерге сүйенсек, Шардара су қоймасында 5 миллиард текше метрден астам, ал Көксарайда шамамен 1,5 миллиард текше метр су жиналған. Төменгі ағысқа қарай секундына 600 текше метр шамасында су жіберілуде. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда біршама жоғары көрінгенімен, біз мұны шексіз молшылық емес, су тапшылығына жасалған дайындықтың бір бөлігі ретінде қабылдауымыз қажет. Қазіргі уақытта шаруалар егіс алқаптарын нақтылап жатқанда, біздің институт тек егіс көлеміне ғана емес, ауыспалы егістің сақталуына, топырақ құнарын арттыруға және шаруаларға ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетуге басымдық береді. Күріш институтының басты міндеті де осы ғылыми тетікті тиімді пайдалану.
– Алдағы уақытта суды аз қажет ететін, аймақ табиғатына бейімделген қандай дақылдарды егуге болады?
– Су үнемдейтін және суды аз тұтынатын дақылдардың балама нұсқалары бар екені даусыз, алайда бұл мәселені «күріштен бас тартып, орнына басқа дақыл еге салу» деген қарапайым түсінікпен шешу мүмкін емес. Ең алдымен, қолда бар суару жүйесінің нақты қай дақылға бейімделгенін ескеру қажет. Мәселен, Сыр өңіріндегі өзенмен пара-пар ірі нысан – Шіркейлі каналы секундына 250 текше метрге дейін су өткізуге қауқарлы және ол негізінен күріш алқаптарын сумен қамтамасыз ету үшін арнайы салынған. Демек, аймақтың бүкіл ирригациялық инфрақұрылымы бастан-аяқ күріш шаруашылығына негізделген. Басқа дақылдарды көбейткен күннің өзінде, оларға да су қажет, тек оның мөлшері күрішпен салыстырғанда азырақ болады. Қазіргі таңда жүгері алқабын кеңейту бағытында нақты жоспар қарастырылуда. Инвестиция тарту арқылы 24 мың гектарға жуық жаңа жер ашу жобалары талқыланып, онда жаңбырлатып суару технологиясын қолдану көзделіп отыр. Дегенмен, заманауи технология қолданылғанымен, су бәрібір табиғи су көздерінен алынатындықтан, ресурсқа деген қажеттілік сақтала береді. Бұдан бөлек, егісті әртараптандыру мақсатында техникалық дақылдар мен мал азықтық бағыттағы арпа, бидай, жоңышқа сияқты өнімдердің үлесін арттыруға болады. Бұл ретте тек дақыл түрін өзгерту ғана емес, шаруалардың жинақтаған тәжірибесі, өнімнің нарыққа бейімделуі, жер бедерінің ерекшелігі мен қолданыстағы инфрақұрылымның дайындығы сынды факторлар кешенді түрде ескерілуі тиіс.
– Күрішпен салыстырғанда жүгері қаншалықты суды аз қажет етеді?
– Жүгері – белгілі бір деңгейде су тапшылығына төзімділігімен ерекшеленетін, алайда ылғал жеткілікті жерде өнімділігі айтарлықтай артатын дақыл. Бүгінде бұл өнім еліміздің Алматы, Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарында кеңінен өсіріліп келеді, сондай-ақ біздің өңірде де бұл бағытта жинақталған тәжірибе бар. Жалпы алғанда, ауа райына, топырақ құрамына және қолданылатын технологияға байланысты жүгері гектарына шамамен 4-7 мың текше метр су тұтынады. Күрішпен салыстырғанда бұл дақылдың суға деген қажеттілігі шамамен 4-5 есе аз деп айтуға негіз бар. Алайда бұл жерде бір маңызды техникалық жайтты ескеру қажет. Күріш пен жүгерінің суару жүйелері бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Күріш алқаптары атыздап суаруға лайықталса, жүгері үшін жаңбырлатып немесе өзге де жүйелі суару әдістері тиімдірек саналады. Сондықтан «жүгері суды аз қажет етеді екен» деген желеумен күріш танабына бірден жүгері сеуіп жіберу қате қадам. Ол үшін жердің сапасын, суару инфрақұрылымын, қажетті техника мен технологиялық процестерді түгелдей қайта бейімдеу қажет, бұл бір күнде шешіле салатын шаруа емес. Әлемдік деңгейде жүгері бидай мен күріштен кейінгі маңызы жоғары дақылдардың қатарына жатады. Оның қолданыс аясы да кең, дәндік мақсатта, мал азығы ретінде, тіпті биоэтанол өндірісі сияқты биотехнологиялық салаларда да сұранысқа ие. Дегенмен, біздің жағдайда ең өзекті мәселе – дайын өнімді өткізу. Шаруалар өндірілген өнімді қайда сатарын нақты білуі тиіс. Мәселен, Қытай сынды ірі ел нарығының талабы өте қатаң. Олар тек сапаны ғана емес, мыңдаған тонналық тұрақты көлемді талап етеді, сондықтан 200-300 тонналық шағын көлем жеткіліксіз болуы мүмкін.
Жүгері – жоғары өнімді дақыл, қолайлы жағдай жасалса, гектарынан 150 центнерге дейін өнім алу мүмкіндігі бар, тіпті 60-75 центнердің өзі жақсы көрсеткіш болып есептеледі. Дегенмен, бұл бағытта өнімді сақтау, кептіру, логистика және сатып алушының талаптарына сәйкестендіру сияқты бірқатар тәуекелдер кездеседі. Осы себепті жүгері шаруашылығы болашағы зор бағыт болғанымен, елімізде толық жолға қойылған индустриялық жүйе әлі де тиісті деңгейде қалыптаса қойған жоқ.
– Біздің климатқа бейімделген жүгері сорттары туралы не айтуға болады?
– Біздің климаттық ерекшеліктерімізге бейімделген жүгері сорттарын енгізу бағытында соңғы жылдары нақты қадам жасалып жатыр. Мәселен, Қытай мамандарымен бірлескен жоба аясында Шиелі ауданының аумағында жүгеріні ірі көлемде егіп көру тәжірибесі қолға алынды. Былтыр басталған бұл жұмыс биыл екінші жыл қатарынан жалғасын тауып отыр. Бұл жобада шетелдік әріптестер негізінен өздерінің гибридті сорттарына сүйенетінін аңғаруға болады. Жалпы алғанда, біздің өңірдің табиғатына бейімдеуге болатын гибридті сорттар жетерлік, алайда олардың бағасы айтарлықтай қымбат келеді. Осыған байланысты кейбір шаруашылықтар әлі де болса бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі сорттарды пайдалануды жөн көреді. Дәл қазіргі уақытта қай аймақта қандай сорттың нақты қанша көлемде себіліп жатқаны туралы жүйеленген мәліметтер әлі де жеткіліксіз болып отыр. Сондықтан бұл саланың дамуы үшін ғылыми сүйемелдеу мен тұрақты мониторинг жүргізу аса қажет.
– Күріш жерді тұзданудан қалай сақтайды?
– Күріш егу мен жердің тұздануы арасындағы байланыс – өте маңызды әрі терең зерттеуді қажет ететін мәселе. Күріш суармалы дақыл болғандықтан, оның танаптарына жіберілетін мол су тұзданған жерлердегі топырақты шайып, зиянды тұздарды төменгі қабаттарға ығыстыруға септігін тигізеді. Артық су коллектор-дренаждік жүйелері арқылы сыртқа шығарылған кезде, топырақтың тұздылығы белгілі бір деңгейде төмендеп, әсіресе жеңіл еритін тұздар тезірек шайылады. Алайда өңіріміздің аптап ыстығы мен булану деңгейінің жоғары болуы «күріш ексек болды, тұздану мәселесі біржола шешілді» деген жаңсақ пікірге жол бермейді. Әдетте үш-төрт жылдық ауыспалы егіс кезеңінде күріш негізгі орын алып, топырақ жағдайы біршама жақсарған соң ғана басқа дақылдарды егуге қолайлы орта қалыптасады. Дегенмен уақыт өте келе жердің үстіңгі қабаты булану әсерінен тұз жоғары көтерілетіндіктен, бұл құбылыс тұрақты бақылауды қажет етеді.
Жүгері дақылы да белгілі бір деңгейде тұзға төзімді болғанымен, оның да шегі бар. Егер тұздану деңгейі шамадан тыс артып, су режимі дұрыс ұйымдастырылмаса, жүгері де зардап шегетіні анық. Сонымен қатар бұл мәселенің өзге қырына да үңілу керек. Күріш саласында бізде ондаған жылдар бойы қалыптасқан тұтас жүйе бар. Арнайы техника мен технологиядан бастап, тұқым шаруашылығы, ақтау зауыттары, дайын өнімді сатып алушылар мен білікті мамандар желісі құрылған. Су реттеушіден бастап бригадирге дейінгі кадрлық мектеп – үлкен қажеттілік. Ал өзге дақылға жаппай көшу үшін қосымша уақыт, қомақты қаржы және жүйелі ғылыми-техникалық қолдауды талап етіледі.
Су режимі өзгерген жағдайда топырақтың физикалық күйі де өзгеріске ұшырайды. Кейде топырақ қатып қалатындықтан, оны қопсыту және агротехникалық шараларды күшейту қажет болады. Қазіргі таңда лазерлік тегістеу мен GPS-пен жұмыс істейтін заманауи техникалар қолданысқа енгенімен, олардың барлығы үлкен қаражатты қажет етеді. Егер жер жырту, тегістеу және атыз-арық жүйесін реттеу сияқты бастапқы дайындық жұмыстары сапасыз жүргізілсе, тіпті ең сапалы тұқымның өзі күткендегідей өнім бермейді. Сондықтан бүгінгі басты түйткіл тек дақылды ауыстыруда емес, тұтас агроландшафт пен өндірістік жүйені түбегейлі қайта ойластыруда жатыр.
– Су тапшылығы жағдайында өңірге бейім ұзақ мерзімді балама ретінде мия өсіру жайы да айтылып жүр. Бұл қаншалықты тиімді?
– Мия өсіру мәселесі – су тапшылығы жағдайында өңір экономикасы үшін өте маңызды әрі болашағы зор бағыттардың бірі. Қазіргі таңда Қызылорда облысында мия өңдеумен айналысатын, арнайы инвестиция салынған зауыт жұмыс істеп тұрғаны белгілі. Алайда бұл саладағы негізгі түйткіл – дайын өнім шығаруға қажетті шикізаттың тапшылығы. Мия өсімдігі Сырдария өзенінің бойында табиғи түрде өскенімен, оның тамыры фармацевтикалық және өндірістік талаптарға сай толық жетілуі үшін 4-5 жыл уақыт қажет. Осыған байланысты мияны тек табиғи ортадан жинай бермей, оны арнайы жоспарлы егістік айналымына енгізу туралы байыпты ойланған абзал.
Бұл бағытты дамыту үшін зауыттарға жыл сайын қанша көлемде шикізат қажет екенін нақты есептеп, соған сәйкес бірнеше жылға негізделген жоспар түзуге болады. Мия өсіру – бір жылда тез нәтиже бере қоятын жоба емес, бұл ұзақ мерзімді инвестициялық және агротехнологиялық қадамдарды талап етеді. Дегенмен, мұндай жобаның берері мол. Біріншіден, қайта өңдеу кәсіпорындары үшін тұрақты шикізат базасы қалыптасады. Екіншіден, мия топырақтың жағдайын жақсартып, оның құнарын арттыруға оң ықпал етеді. Үшіншіден, өсімдіктің жер үсті массасын мал азығына пайдалануға болады, тіпті оның тозаңдандырғыш жәндіктер үшін де пайдасы бар екені айтылады. Ең басты артықшылығы мияның тамыры тереңге кететіндіктен, ол көп суды қажет етпейді. Сондықтан су ресурстары шектеулі біздің өңір үшін бұл сала айрықша назар аударуды қажет ететін баламалы бағыт саналады.
– Сор және құм басқан жерлерге қатысты қандай ғылыми шешім ұсынар едіңіз?
– Қазіргі таңда біз тек құнарлы егістік жерлермен ғана шектеліп қалмай, сор, тұз, тіпті құм басып бара жатқан қиын аумақтардың мәселесімен де бетпе-бет келіп отырмыз. Мұндай күрделі жағдайдағы жерлер ауыл ішінде де, қала маңында да кездесетіндіктен, табиғи төзімді өсімдіктерді айналымға енгізу мәселесі өте өзекті. Осы ретте ғылыми тұрғыдан «галофитті өсімдіктер» деп аталатын, яғни тұзды ортаға барынша бейімделген өсімдіктерге басымдық берген жөн. Олар топырақтың тұзды құрамы мен құрылымына оң әсер етіп, жергілікті экожүйені тұрақтандыруға зор септігін тигізеді. Мәселен, сексеуіл мен жыңғыл мұндай қатаң жағдайларға әбден бейімделген. Сонымен қатар егістік айналымына өңірімізде жақсы өсетін жантақ сияқты төзімді өсімдіктерді де батыл енгізуге болады. Жантақтың басты артықшылығы – ол суды көп талап етпейді, тамыры тым тереңге бойлайды және мал азығы ретінде де жоғары бағаланады. Тіпті оның белгілі бір дәрілік қасиеті бар екені де айтылады. Егер осындай шөп түрлерін дұрыс жүйемен пайдалана білсек, құм көшу қаупін айтарлықтай азайтып, жерді табиғи жолмен тұрақтандыруға мүмкіндік туады. Бұл бағыттағы жұмыстардың сәтті болуы осы дақылдардың тікелей «генофонд» жұмысының сапасына байланысты. Яғни, тұзға төзімді өсімдіктердің түрлерін жинақтап, іріктеуден өткізу, оларды жергілікті жерге бейімдеп, содан кейін ғана өндірістік ауқымда қолданысқа енгізу қажет. Бұл ғылыми-зерттеу институттары жүйелі түрде айналысуы тиіс маңызды сала. Өйткені алдағы уақытта ауыл шаруашылығының болашағы дәл осындай стресс жағдайларына төзімді дақылдарды игерумен тығыз байланысты болуы әбден мүмкін.
– Жалпы, су мәселесін шешуде ғылымның рөлі қандай?
– Су тек табиғи ресурс қана емес, оны дұрыс есептеу, бөлу, сақтау және тиімді пайдалану үшін терең білім мен заманауи технологиялар ауадай қажет. Қазіргі таңда мемлекет деңгейінде бұл салаға ерекше назар аударылып, арнайы бағдарламалар қабылдануда, ғылыми жобаларға гранттар бөлініп, ведомстволық және өңірлік деңгейде ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл үрдіс көңілге қуаныш ұялатқанымен, ғылымды алға сүйрейтін негізгі күш – кадр мәселесі әлі де болса өзектілігін жойған жоқ. Жастардың ғылым саласына келуінің жеткіліксіздігі үлкен кедергі болып отыр, себебі жас буынсыз ғылым дамымайды, ал ғылым тоқыраса, елдің ұзақ мерзімді дамуы да тежеледі. Сондықтан бүгінгі аға буынның басты міндеті – тәжірибесін кейінгі толқынға аманат етіп қалдыру. Әсіресе су шаруашылығы саласында терең білімді мамандардың тапшылығы қатты сезіледі. Біз «суды үнемдеу керек» деп жиі айтқанымызбен, оны нақты жобалап, есептеп, күрделі инженерлік шешімдер мен техника арқылы іске асыратын білікті мамандарға зәруміз. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде су шаруашылығы мен жерге орналастыру бойынша мамандар даярланғанымен, бұл мамандықтар жастар арасында аса «сәнді» көрінбеуі мүмкін. Соған қарамастан, бұл шын мәнінде өмірлік маңызы бар сала, өйткені сусыз тіршіліктің болуы мүмкін емес. Кез келген мемлекет үшін азық-түлік қауіпсіздігі – басты басымдық, ал бұл қауіпсіздік тікелей судан басталады. Қар, жаңбыр суын және көктемгі ағын суды дер кезінде жинау, оны ысырапсыз шаруашылық қажеттілігіне дұрыс бағыттау, барлығы тек кәсіби мамандардың қолынан келетін жауапты іс.
– Сіз ауыл өмірі, шағын шаруашылық, отбасы еңбегі туралы да маңызды ой айттыңыз. Бұл тақырып су мәселесімен қалай сабақтасады?
– Су саясаты мен ауқымды аграрлық стратегияның түпкі мәні ауылдағы күнделікті тіршілік тынысымен тікелей сабақтасып жатыр. Қазіргі таңда көптеген ауылда бос жатқан жер көбейіп, жастардың қалаға үдере көшуі салдарынан еңбек күші азайып, тек қарттар ғана қалып бара жатқан жағдайлар кездеседі. Алайда сол иесіз жатқан жерді игеру үшін тек ынта ғана емес, заманауи құрал мен еңбек мәдениеті қажет. Бұл ретте Жапония сияқты дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп, шағын шаруашылықтарға арналған қолжетімді техниканы мотоблоктар мен шағын қондырғыларды кеңінен қолданудың маңызы зор. Мұндай тиімді құралдар жер жырту, қопсыту, түптеу және егін егу жұмыстарын айтарлықтай жеңілдетіп, әр отбасының өз ауласынан өнім алып, тұрмысын түзеуіне жол ашар еді.
Біздің өңірдің табиғаты картоп, сәбіз, пияз, қияр, сарымсақ өсіруге әбден қолайлы, ал жылыжай жағдайында қызанақ, бұрыш секілді дақылдарды да еркін игеруге болады. Мұндай істің берері тек материалдық табыс қана емес, өскелең ұрпақты еңбекке баулу, отбасылық құндылықтарды нығайту, аула көркін келтіріп, экологиялық таза өнім тұтыну мәдениетін қалыптастыру деген сөз. Сонымен қатар артық өнімді сату арқылы отбасы бюджетін толықтыру мүмкіндігі де туады. Бұрынғы кезде әр үйдің ауласында картоп, пияз, сәбіз бен қауын-қарбыз сақтайтын қойма болатын еді. Біз осындай қарапайым, бірақ өте тиімді дәстүрлі тәжірибелерді жаңғыртуымыз керек. Тіпті тұрмыстық қалдықтардың өзін ысырап қылмай, мал мен құсқа азық ретінде беру немесе топырақты органикалық жолмен байытуға пайдалану – үлкен мәдениеттің белгісі. Осындай ұсақ болып көрінетін, бірақ маңызы зор қадамдар ауыл тіршілігін жаңа белеске шығаратыны анық.
– Сыр өңірінің болашағы үшін ең маңызды тұжырым қандай?
– Су мәселесі енді кейінге ысырылатын тақырып емес. Бұл баршамызға ортақ, аса маңызды стратегиялық түйткіл. Біз тек судың көлеміне ғана емес, оның сапасына, тиімді жұмсалуына және ғылыми негізде басқарылуына баса назар аударуымыз қажет. Қазіргідей су тапшылығы жағдайын әрбір гектар жердің, қолданылған әрбір технология мен қабылданған әрбір шешімнің құны еселеп арта түседі. Сондықтан біз ертеңгі күнге бүгіннен бастап дайындалуымыз шарт. Ғылыми әлеуетті күшейтіп, білікті мамандар даярлауды қолға алу, қоғамда су үнемдеу мәдениетін қалыптастырып, жерге жанашырлықпен қарау керек. Күріш шаруашылығын, балама дақылдарды, топырақ құнарын, ауыл тіршілігі мен жастардың болашағын бір-бірінен бөлек қарастыруға болмайды. Бұлардың барлығы тығыз байланысты біртұтас үлкен жүйе. Егер біз осы сабақтастықты терең түсініп, бүгіннен бастап нақты әрі батыл әрекетке көшсек, Сыр өңірінің де, жалпы еліміздің де ертеңіне нық сеніммен қарауға толық негіз бар.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!