Бүгінде жаһандық деңгейде экология мен адам денсаулығы ең басты құндылыққа айналды. Ауаның ластануы, қалалардағы түтін мен зиян қалдықтар мәселесі тек табиғатқа емес, әрбір адамның тыныс алу жүйесіне де тікелей әсер етуде. Осындай күрделі экологиялық жағдайда қоғамның зиян әдеттерден арылуы тек жеке адамның емес, мемлекеттік маңызы бар мәселе. Қазақстанда соңғы жылдары темекі өнімдері мен вейптерге қатысты заңнамалық шектеулер барынша қатайтылды. Көшедегі жарнамалар жойылып, сату нүктелері жабылып, тіпті кейбір өнім түрлеріне толықтай тыйым салынды. Алайда бұл шаралар іс жүзінде қаншалықты тиімді? Шынымен, «түтінсіз қоғамға» жақындадық па, әлде бұл шектеулер мәселені шешудің орнына оны бақылаусыз «көлеңкелі нарыққа» ысырып тастады ма? Осы және өзге де өзекті сауалдар төңірегінде «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» ҚҚ жобалар координаторы, әлеуметтанушы-аналитик Азат Мұхамедиевпен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Соңғы уақытта жастардың темекі мен вейпке құмарлығы азаймай тұрғанын көріп отырмыз. Тыйымдар күшейгенімен, қызығушылық азаймаған секілді…
– Жастардың темекіге және вейпке қызығушылығы азаймай тұр. Бұл бірнеше себептерге байланысты, тыйымдардан кейін вейп шеккендердің 10%-ы қайтадан темекіге оралуы, кальян тұтынуының артуы, сондай-ақ контрафактілік және бақылаусыз құрылғылардың көбейуі. Мысалы, ақпараттың жеткіліксіздігі салдарынан кальянның зиянсыз екендігі туралы мифтер кең тарауда. Бұл жағдай ересек тұтынушылардың өз бетінше қате «ғылыми» түсіндірмелер жасап, дұрыс ақпарат ала алмауымен байланысты. Ағартушылық коммуникацияның болмауы жастар арасында темекі мен вейпке деген қызығушылықтың артуына ықпал етеді.
– Жалпы, Қазақстандағы темекіге қарсы қолданылып жатқан шектеулердің тиімділігіне қандай баға берер едіңіз?
– Мұнда артықшылықтар да, кемшіліктер де бар. Жастарды қорғауға бағытталған «Tobacco 21» бастамасы, дүкенде өнімді ашық қоюға тыйым салу (display ban) және өнімнің қозғалысын бақылау жүйесін оң қадамдар деп айтуға болады. Бірақ кемшіліктер де айтарлықтай, тәуекел деңгейіне сай реттеудің болмауы, халықты ақпараттандырудың жеткіліксіздігі. Тыйымдар көлеңкелі нарықты ынталандырады.

– Кальян мен вейптерге салынған тыйымдар нәтиже берді ме? Зерттеулер не дейді?
– 2023 жылғы зерттеу нәтижесіне сәйкес, кальян индустриясының өкілдері енгізілген тыйымды тиімсіз деп бағалайды. Алматы, Шымкент қаласындағы мамандар Қазақстанда кальян мәдениетінің қалыптасқанын айтады. Бұл индустрияда бәсекелестік артып, «кальяншы» мамандығы қалыптасуда. Алайда тыйым индустрияның дамуын тежейді. Бұл жағдай мемлекет, бизнес және тұтынушыларға тиімді емес, себебі бюджетке түсім азаяды, мемлекеттік органдардың беделі түседі, сыбайлас жемқорлық және бизнес қауіптері артады. Тұтынушылардың 40%-ы қоғамдық орындарда кальян шегуді тоқтатпайды, 33%-ы үйде шегуге ауысқан. Электрондық темекіге келсек, тыйым нарықты жойған жоқ, ол тек заңсыз секторға мессенджерлер мен заңсыз онлайн базарларға өтті. Зерттеу қорытындысына сәйкес, кальян шегуге тыйым салынғаннан кейін заңсыз айналым 120%-ға өсті. Кальян шегуге арналған темекінің шамамен 80%-ы акциз төлемей Қазақстанға әкелінеді. Тыйым салу нәтижесінде көлеңкелі нарық пайда болды. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ресми реттеудің орнына сыбайлас жемқорлық схемаларын дамытты.
– Тығырықтан шығудың жолы бар ма? Халықаралық тәжірибеге сүйенген жөн бе?
– Әрине. Ұлыбританияда вейпинг заңды айналымда болғандықтан, темекі шегетіндердің үлесі 41%-ға азайды. Жаңа Зеландияда бұл көрсеткіш 58%-ға төмендеді. Швеция «түтінсіз» модель арқылы ең төменгі ауру көрсеткіштеріне қол жеткізді. Жапонияда балама өнімдерге (HTP) көшу темекі сатылымын күрт төмендетті. Қазақстан үшін тек тыйым салуға бағытталған саясат темекі шегетіндердің санын төмендете алмайды.
– Сонда бізге қандай бағыт ұстанған тиімді? Қатаң тыйым ба, әлде ағарту жұмысы ма?
– Адамдарды қорқыту емес, ақпараттандыру арқылы санаға әсер ету тиімді. Яғни, шектеу емес, ақпараттандыру мен саналы таңдау құқығын қолдау тәжірибесіне назар аудару керек. Швеция, Ұлыбритания және Жаңа Зеландия елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, темекі тұтынуды азайтуда үрей туғызу емес, халықты жан-жақты ақпараттандыру әлдеқайда тиімді нәтиже береді. Бұл жағдайда мемлекетке тек тыйым салумен шектелмей, азаматтардың саналы таңдау жасау құқығын қолдауға және халықаралық озық тәжірибеге назар аудару ұсынылады. Тұтынушылар жеңілдіктерді емес, тек зияны аз баламалар мен әділ ережелер туралы шынайы ақпаратқа қол жеткізуді талап етеді. Тиісті түсіндіру жұмыстарынсыз енгізілген тыйымдар ересектер үшін бақыланатын сату арналарының жойылуына әкеліп, кері әсерін тигізеді. Негізгі басымдық никотинді тұтынуды арттыру емес, темекіден толық бас тарту немесе түтін мөлшерін азайту болуы тиіс.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!