«Әкімге алты сауал» айдарының бүгінгі қонағы – Тасбөгет кентінің әкімі Семсер Сыздықов. Жаңадан келген кент әкімі қандай жұмыс атқарып жатыр? Алдағы уақытта қай мәселе шешімін таппақ?
– Сынды қалай қабылдайсыз?
– Сынды жақсы қабылдаймын. «Сын түзелмей мін түзелмейді» дегендей, егер сын орынды болып, бір негізге сүйеніп айтылған болса, адам сыналған сайын шыңдала береді деген ойдамын.
– Биылғы біткен іс?
– Биыл кент үшін үшін жағымды жаналықтарға толы болды. «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында Т.Батыршаев, А.Әбдібаев, Ж.Бәкішов көшелері күрделі жөндеуден өтсе, Қ.Әбенов көшесіне орташа жол жөндеу жұмысы аяқталды. Кенттің жаңадан қалыптасып келе жатқан аумағындағы 15 көшеге малта тас төсеу үшін қала бюджетінен қазіргі таңда бөлінген қаражат есебінен жобаның 11 көшесіне жұмыс қарқынды жүргізілуде.
Оған қоса «КОПЭС» саяжайына баратын 4,3 шақырымды құрайтын жолға қалалық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмысы жалғасуда. Сондай-ақ көшелерге жарық бағаналары қойылды. Қала басшылығы тарапынан «Сабалақ» саяжайына да ерекше көңіл бөлініп отыр. Облыстық бюджеттен қаржы қаралып, қалалық электр тарату торабы арқылы «Медик», «Монолит», «Қаржыгер», «Обувщик», «Мелиоратор», «Дорожник» бау-бақша серіктестігіне 6 трансформатор, 488 дана электр бағанасын орнату жұмысы қарқынды. Сонымен қатар ауыз су мәселесі де қолға алынды.
Жыл басында қала әкімінің Тасбөгет кентіндегі есепті кездесуінде тұрғындар тарапынан кентте қорым салуға жаңадан жер ашу қажеттілігі жөнінде мәселе көтерілген болатын. Бұл мәселе жан-жақты зерделеніп, кент аумағынан жалпы ауданы 13,5 гектар болатын жер учаскесін дайындау үшін қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне өтінім тапсырылды. Нәтижесінде жобаның алғашқы сатыларын жүзеге асыруға қала бюджетінен қаражат бөлініп, жұмыс жүргізілуде.
Сонымен қатар биыл тұрғындардың сұранысы бойынша кент орталығынан стритбол алаңы бой көтерді.
– Биыл үлгере алмаған ісіңіз?
– Өзекті мәселенің бірі кенттің кіре берісіндегі демалыс саябағын қайта қалыпқа келтіру болып отыр. Бұл әлеуметтік нысан 2007 жылы жеке кәсіпкердің меншігіне өтіп ұзақ уақытқа жалға берілген. Бастапқы кезде кәсіпкер бар күшін салып, демалыс орнын жөндеуге кіріскенмен кейін белсенділігі басылып қалды. Содан бері саябақтың күтімі қараусыз қалып, нысан өзінің негізгі мақсатына сай пайдаланылмай, әбден тозығы жеткен. Бұл нысан уақытша жеке кәсіпкердің меншігі болғандықтан кент әкімдігі кәсіпкерлік саласындағы ҚР заңнамаларына сәйкес, оның жұмысына тікелей араласуына мүмкіндігі болмай отыр. Алайда кенттің орталығындағы нысанның осындай күйге ұшырауы бізді де алаңдатуда.
Бұл жөнінде бірнеше рет мәселе көтеріп, меншік иесімен сөйлесіп, саябақты жөнге келтіру жөнінде ескертілді. Алайда жеке кәсіпкер оншақты жылдың көлемінде ешқандай нәтиже шығармай келеді. Осыған байланысты таяу уақытта кент әкімдігі қоғамдық кеңес отырысында меншік иесінің және кәсіпкерлер құқығын қорғау саласындағы құзырлы мекемелер мен әділет органдары өкілдерінің қатысуымен мәселені талқылап, тиісті қорытынды шығаратын боламыз. Себебі кент тұрғындары да, соның ішінде белсенді азаматтарымыз да осы мәселені жан-жақты қозғап, саябақтың қайта қалыпқа келтіріліп, демалыс орны ретінде жұмыс жасауын талап етуде.
– Мәселесі бар көпқабатты үйдің жайын қалай шешесіз?
– Көпқабатты тұрғын үйлердің қазіргі жағдайына толық қанықпын. Негізінде ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңы бойынша жүзеге асырылуда. Көпқабатты үйлердің әрбір пәтері жеке үй ретінде қаралғандықтан, жергілікті бюджет есебінен оларды күтіп ұстауға қаржы қаралмайды. Осы бағытта біздер тұрғын үй саласындағы қалалық құзырлы органдар және пәтер иелері кооперативі өкілдерімен бірлесе отырып тұрғындармен жиі кездесу өткізіп, үйлерді модернизациядан өткізу, үй кезегіне тұру бағытында түсіндірме жұмысын жүргізудеміз.
Соңғы жылдары өңірімізде тұрақты үйі жоқ, баспасында мәселесі бар және тұрмысы төмен отбасыларға пәтер сыйлап, қайырымдылық танытып жүрген азаматтар қатары көбейе түсуде. Біз де осы секілді жанашыр жандардың қолдауына сүйеніп, оларды игі істерге тартудамыз. Осылайша тұрғындарға жан-жақты көмек көрсетуге тырысып келеміз.
– Тасбөгетте жаяу жүргінші жолы мәселесі барын білесіз бе?
– Кент тұрғындарының көбіне қозғайтын тағы бір мәселесі – жаяу жүргіншілер жолын салу. Бұл бағытта жобаларды әзірлеу үшін алдымен демеушілік көздері арқылы сметалық құжаттарын дайындау жұмысы жүргізілуде.
– Кенттің жаңа қоныс аумағына электр желісін жүргізу жұмысы қалай жалғасуда? Жалпы жауын-шашынның кезінде жарық өшіп қалады дегенді жиі естиміз…
– Жұмыс жалғасын табуда. Кенттің шет аймағындағы 4 көшеге жаңадан электр желілерін тартуға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, осы кезде электр бағаналары орнатылып, жеке үйлерге желі тарту жүргізілуде. Сонымен қатар кенттің жаңадан қалыптасып келе жатқан аумағына және ішінара қалып қойған көшелеріне электр желілерін тарту үшін қалалық құрылыс бөліміне ұсыныс беріліп, тиісті жобалаушы мекеме арқылы жоба сметалық құжаттары әзірленуде. Жалпы жарық мәселесі назардан тыс қалмайды.
Әңгімелескен Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ
Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!