Сейсенбі, 09 желтоқсан, 01:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94 (2206)
09.12.2025
PDF мұрағаты

Жұмагүл Тасболатқызы, облыстық психологиялық қолдау орталығының директоры: Бақытты отбасында бала да бақытты

09.12.2025

42 0

Бұл орталықтың ашылғанына көп уақыт бола қоймаса да, мұнда келушілер қатары көп. Жастар, жасөспірімдер, ата-аналар. Орталық қызмет­керлері кім-кімнің де мәселесін тыңдап, көмектесуге даяр. Бір сөзбен айтқанда, жаныңа жылу беретін орталық десек те болады. Облыстық психологиялық қолдау орталығының директоры Жұмагүл Баяновамен сұхбат та оқырманға пайдалы болар деген үміттеміз.

– Жұмагүл Тасболатқызы, облыстық пси­хологиялық қолдау орталығының ашыл­ға­нына бір жылдан астам уақыт болды. Әрине, көп уақыт емес. Ең алдымен орталық туралы, мақсат-міндетін айтып өтсеңіз…

–  Облыстық білім басқармасының «Қызылорда облыстық психологиялық қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Қызылорда облысы әкімдігінің 2024 жылғы 10 қаңтардағы №6 қаулысымен құрылып, жұмыс істеуде. Орталық Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен бекітілген қағидаларына сай әдістемелік басшылықты, мобильді әрекет етуді жүзеге асыру арқылы өңірдің білім беру ортасында балаларды кешенді психологиялық қолдау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін органдар және ұйымдардың қатысуымен балаларды сүйемелдеп үйлестіреді. Бұл арқылы  білім беру ұйымдарын­дағы психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметтерінің жұмыстарын үйлестіріп, балаларға психологиялық көмек көрсету, ата-аналарға және педагогтерге балаларды тәрбиелеу, дамыту және олардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша консультация беру және әдістемелік сүйемелдеу жүргізу, сонымен қатар асоциалды және аддиктивті мінез-құлықтың яғни дағдарыстық жаста болуы мүмкін қарым-қатынастарға түспейтін қоғамнан оқшаулануға бейім, өзінің қиындықтары кезінде ішкі қақтығыстарынан қашып бір затқа немесе әрекетке қайта-қайта  жүгінетін жағдайлар яғни жалпақ тілде тәуелділік деп атайтын әрекеттермен оның ішінде жәбірлеудің, зорлық-зомбылықтың, суицидтік мінез-құлықтың алдын аламыз. Осындай жағдайлар кезінде баланың өмірі мен денсаулығына қатер төнген кезде ведомствоаралық өзара іс-қимылға қатысу міндетін орындайды.

– Аз уақыт ішінде орталықты іздеп келетін ата-аналар, жасөспірімдер аз емес екенін байқадық. Бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыс барысына тоқ­талсаңыз…

– Орталық ашылған күннен бастап орталықтың ашылғандығы туралы хабар­дар ету, қолжетімді болу, білім алушылар­ға педагогикалық-психологиялық қолдау және көмек көрсету  мақсатында 2024-2025 жылдары түрлі іс-шаралар ұйымдастырдық және бұл жұмыс үздіксіз жалғасуда. Атап айтқанда, балалардың бізге деген сенімін арттыру, байланыс орнату үшін арт және батпырауықтар фестивалдері, табиғат аясындағы топтық сенім сессиялары мен team building, дәрістер, тренингтер, онлайн/оффлайн лагерь, семинарлар/вебинарлар, клуб құру, кино талдаулар арқылы 30000-ға жуық оқушыны қамтыдық. Олардың 583-ін жеке кеңеске келген кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдер құрайды. Оның ішінде ең кіші қызмет алушы – 3 жаста, ең үлкені – 17 жаста. Ал олардың ата-аналары мен қорғаншыларына, жалпы саны 367 ересекке жеке кеңес, 15 мыңнан астам ата-анаға профилактикалық кездесу мен оқыту ұйымдастырылды. Орталықта жасөспірімдер арасында мәселелердің алдын алу, өмірлік қиын жағдайдағы жас­өспірімдерді сүйемелдеуде, өз қатарластары арқылы әсер ету мақсатында «Psy vibe» студенттер мен жасөспірімдерден құрыл­ған клуб жұмыс істейді. Бүгінде оның құрамына 15-18 жас аралығындағы қала колледждерінен тұрақты тартылған сту­денттер бар.  2024 жылы жоспарлы 20-дан аса кездесу өткізіліп, студенттерге пси­хи­калық саулық туралы ақпарат беріл­се, бүгінде олар орталықтың сенімді волон­терларына айналды.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және зорлық-зомбылықтың  алдын алу бағытындағы іс-шаралар үнемі үзіліс­сіз жұмыс істеуді талап етеді. Кәме­лет­ке толмағандар, ата-аналар және педагог­тармен үздіксіз байланыста болу үшін 5 жұ­мыс күні шеңберінде 8 сағат қызмет көрсететін (үзіліс уақытын қоспағанда) сенім телефоны 8 800 080 64 90 және 8700-528-6813 whatsApp web желісі бар. Ал ата-аналарды   балалық шақтың маңызды аспектілері бойынша хабарлауға арналған бірыңғай ата-аналар telegram web чаты бар. Бүгінде бұл чатқа 30 000-ға жуық ата-ана тіркелген.   Аталған чат арқылы ата-аналар балалар үшін ұйымдастырылып отырған іс-шаралар, кеңестер және хабарламаларға қол жеткізе алады.

Ал білім беру ұйымдарының психоло­гия­лық-педагогикалық қолдау қызметі мамандарымен кәсіби психологиялық-пе­дагогикалық құзыреттілікті арттыру, инно­вациялық психологиялық-педагогикалық тәжірибені, оның ішінде халықаралық және отандық тәжірибені жинақтау және тарату мақсатында жұмыстар жүргізілуде.

– Демек, орталық қызметіне жүгіне­тіндер аз емес…

– Аз емес. Бүгінгі күнге дейін орталыққа жоғарыда айтып өткенімдей, 1000-ға жуық адам жеке кеңес алуға келді. Оның ішінде балалар мен ата-аналар және педагогтар да бар. Қазір балалар  ғана емес, ересектер де психологиялық қолдауды қажет етеді.

– Ата-ана қандай мәселе айтып келеді? Балалар ше?

– Ашығын айтқанда, ата-ана баласын мәселе деп қараған күні проблема бастау алатынында. Қызметтен тыс жер­лерде, қоғамдық орындарда балалар пси­хологымын деп айта қалсаң «менің балам…» деп басталатын түрлі мәселелерді естимін. Мұндай әңгімелер, әрине, балалары өсіп, ойы мен қалауы, кейде бұл қалаулары ата-ананың ойына қайшы келіп, қақтығыстар басталған кезде, мектеп жасына келіп, мектептен баласының тәртібіне қатысты шақыртулар алғанда басталатыны анық. Осындай кезде кейде ата-аналар эмоцияға беріліп, балаларға «мәселе» екенін бетіне айтып жатады. Мысалы, «сен баладан шаршадық», «мына баланың жүрген жері мәселе…» тіпті «бұл бала біздің баламыз емес, болса бұлай жасамас еді…», «әне, мынаның баласын қарашы, ал бұл…» деген сөздерді естиміз. Яғни біз осы сөздер арқылы балаға «сен бізге мәселесің» деген хабарлама береміз. Дәл осы арқылы баланы өзімізге жақындатып көмек берудің орнына, оны алыстатамыз. Түсінікті болу үшін сіздерді мына эмпатияға шақырайын. Дәл осы сөздерді сізге таңдап қосылған жарыңыз/жұбайыңыз немесе басшыңыз айтса, қалай әсер етеді? «Осы сенен шаршадым…», «басқаларды қарашы…», «басы­ма бәле болдың, мәселе болдың…» десе, бұл сөз сізге қалай әсер етеді?! Әрине, жақсы сөз емес. Дәл сол сияқты, бала да ата-анадан осындай ауыр сөз естігенде өзін қалай сезінетінін ойладық па? Жоқ. Мұндай сөздерді жиі естіген бала өзін ешкімге керексіз, қадірсіз сезініп, ата-анасынан алыстай бастамай ма?!

Жұбайлар арасындағы осындай жағдай­лар тіпті ажырасуға дейін, қызметтегі жағ­дайлар жұмыстан кетуге дейін мәжбүрлік тудыруы мүмкін. Иә, жұбайлар ажырасар немесе басшылықтан сөз естігендер қыз­мет­тен кетер. Ал бала бізден ажыраса алмай­тыны туралы ойландық па?! Бір сөз­бен айтқанда, баланы үлкен мәселе етіп көрудің соңы үлкен мәселеге айналады.

– Сонда қазіргі ата-аналар қатігез бе?

– Қатігез деп айта алмаймын. Бірақ көп ата-ана балаға қажет мейірімді материалдық тұрғыда қамтамасыз ету деп түсінетін сияқты. Баланың тамағы тоқ, көйлегі көк, барлық қажеттілік бар, енді бұдан басқа не керек деген түсінік бар. Содан болар, балалар мейірімге мұқтаж. Үйден қарның тойып шықса, көшеден тамақ іздемейтінің сияқты, бала отбасында мейірімге тоқ болса, көрінгенге ермес еді деп ойлаймын. Қазір ата-аналардың балаға көңіл бөлетін уақыты жоқ. Бәрі де жұмысбасты, үйіне шаршап қайтады. Үйге келгенде шыны керек, жан тыныштығын ойлаймыз. «Анашым, ойнайықшы» деп ойыншығын алып жүгіріп келген балаға «балам, телефон көрші» деп ұстата саламыз.  Көп ата-ана бұл әрекеттің салдарынан хабарсыз шығар. Біздің қоғамда «бала тәрбиесі» деген әдеби ұғымды жиі естігенмен, «ата-ана тәрбиесі» деген материалдарды  көп кездестірмейміз. Ал тәрбиенің стилі туралы естігенмен, ондағы ақпаратты қолданбаймыз. Мысалы,  оңтайлы саналатын авторитетті стиль ата-ананың балаға дұрыс тірек болуын үйретеді. Баланы риясыз жақсы көру, қажеттіліктерін орындаумен қатар, талап қою, тыйым жасау арқылы баланы тәрбиелеуді көздейді. Мұны айтуымның себебі қазіргі бала тәрбиесі көп ізденуді талап етеді.

Біз сала аралық ұйымдар бала тәрбиесіне білек түріп атсалысқанымызбен бала түптің түбінде отбасында көргенін іледі, ата-анадан алған тәрбиесін көрсетеді. Бақытты отбасында бала да бақытты. Орталықтың да жұмысының басым бағыты ата-аналарды бала тәрбиесіне қатысты көбірек ақпараттандыру жұмысына бағытталу керек деген ойдамын.

– Әңгімеңізден түйгенім, ата-ана болу үшін үлкен дайындық керек сияқты…

– Иә. Отбасы шағын мемлекет дейміз. Сол шағын мемлекетті құру тек той жасау емес, екі ересек адамның болашақ ата-ана болудың жоспарлы дайындығын қажет етеді. Биыл өңірдегі жасөспірімдер арасындағы мәселелерді зерделеу аясында жасалған талдамаларды негізге ала оты­рып «Біздің болашағымыз…» отбасын жос­парлау мектебі жобасын кәсіптік білім беру ұйымдарының 1-2 курс студенттері үшін іске қостық. Жобада жасөспірімдердің отбасын саналы жоспарлауынан бастап, ата-ана болуға дайындығы бойынша бағыт-бағдар береміз. Жасөспірімге берілетін дәрістер отбасы болуға дайындықтың 4 кезеңіне негізделген. Яғни, ақпараттардың алғашқысы психологиялық, екіншісі – медициналық, үшіншісі – көркем мінез, соңғысы ата-ана болуға дайындық туралы болмақ. Мысалы, біз психологиялық дайын­дық кезеңінде түсіндіретін ер мен әйел миының қызметіндегі айырмашылықты көп адам біле бермесі анық. Ер адамдар қашаннан жақсы сұхбаттас емес. Оған мысал, зерттеулерден 3 жастағы қыз баланың сөздік қоры 3 жастағы ұл баладан екі есе көп болатынынан аңғаруға болады. Мысалы, ер адамдар балық аулағанда қармаққа қарап, күн ұзақ сөйлеспей отыра алады. Сөйлеспей-ақ бір-бірінің жанында уақытты тамаша өткізуі мүмкін. Ал бір жерге жиналған әйелдер бір-бірімен сөйлеспей отырса бұл олардың  арасында дұрыс емес жағдайды көрсетеді. Бұдан шығатын тұжырым еркектердің үнсіз сөйлесе алатынын, әйелдердің дауыстап ойланатынын көрсетеді. Сондықтан әйелдер күйеуін көре сала бәрін баяндағысы келсе, бұл кінәлау, қиындықтан қашу емес, оның ерекшелігі екенін түсіну, тыңдау керек екенін білдіреді. Бұл бір қарапайым нәрсе сияқты болса да, кейде түсінбестік осындай болмашыдан басталатынын ескерсек, жастарға бұл пайдалы ілім деп ойлаймын. Екінші, медициналық дайындық. Әлемдік статистикаға сүйенсек, өмірге келетін әр 100 баланың 5-і ерекше болып дүниеге келеді екен. Егер отбасын құрайтын екі жас медициналық дайындықтан өтсе, бұл санды 20 пайызға азайтар еді.

Үшінші, көркем мінез өнері. Бұл екі жасты тіл табысуға үйрету. Ғалымдардың айтуынша, 5 жылда махаббат құрметке ай­налмаса, ерлі-зайыптылар екі жаққа кетуі мүмкін. Ал құрмет шартты, шартсыз болып бөлінетіні тағы бар. Шартты құрмет ол жұбайлардың бір-біріне қояр талабы. Яғни, «ол маған мынаны жасаса, мен оны қатты жақсы көремін, құрметтейтін едім» дегеніне саяды. Ал шартсыз құрмет дегеніміз ерлі зайыптының бір-бірін жар немесе жұбайы ретінде таңдағаны үшін жақсы көруі.

Төртінші, ата-ана болуға дайындық. Бұл үлкен мектеп десек те болады. Ата-ана ең алдымен өзі дайын болмаса, өзін тәр­биелемесе, жоғарыда айтқандай, бала ол үшін мәселеге айналуы әбден мүмкін. Сон­дықтан осы жоба арқылы болашақ ата-ана­лар баланың әр жастағы біз тентектік, бұзақы­лық деп қараған әрекеті жасына сай қажет­тілік екенін, бала тәрбиесінен ләззат ала отырып тәрбиелеу өнерін  үйренсе дейміз. 

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: