Мемлекет басшысы Қасым–Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауда 2024 жылдан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңгеге дейін өсетінін мәлім етті.
Қазақстан Президенті ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп өсіре беретінін айтып, жалпы еңбек нарығын жан-жақты дамыту үшін үкімет қысқа мерзімде 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарды бекітуі керектігін қаперге салды.
– Азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырамын. Осылайша, біз еңбекақының ең төменгі мөлшерін үш жыл ішінде екі есе көбейттік. Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді, – деді Мемлекет басшысы.
Президент тапсырмасы арқылы ең төменгі жалақының өсуі 1,8 млн-ға жуық қазақстандыққа әсер ететінін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі де мәлім етті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін артады. Нәтижесінде барлық әртүрлі саладағы меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде 350 мыңға жуық бюджеттік қызметкердің ақшалай табысы ұлғаяды. Ең төменгі жалақы – қатардағы, біліктілігі жоқ жұмысшыға ақшалай төлемдерді анықтауға арналған ең төменгі еңбек стандарты. Бұл ретте жұмыскердің жалақысы оның біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, саны мен сапасына қарай қалыптастырылады, – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің ақпаратында.
Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 2022 жылдан бастап жыл сайын өсуде. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 85 мың теңгеге дейінгі кезекті өсімді ескеретін болсақ, үш жыл ішінде 2 есе ұлғайтылмақ. Бірінші кезекте төменгі жалақының өсуі «жалақысы төмен» жұмыскерлерге әсер етеді. Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ең төменгі жалақы көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер, сондай-ақ разряд аралық біліктілік жүйесін ескере отырып, қызметкерлердің басқа санаттарының жалақысын қайта қарайтын болады. Осының нәтижесінде барлық салада түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде 350 мыңға жуық бюджет қызметкерлерінің ақшалай табысы артады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Дүниежүзілік Банк сарапшыларымен бірлесіп ең төменгі жалақы мөлшерін айқындау әдістемесін әзірледі. Оған сәйкес ең төменгі жалақы мөлшері медианалық жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай айқындалады. Сонымен қатар 2020 жылдан бастап Қазақстанда азаматтық қызметшілердің жалақы деңгейін арттыру бойынша дәйекті шаралар қабылданып жатқанын да айта кету керек.
Деректерді сөйлетер болсақ, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2020-2023 жылдар аралығында жыл сайын шамамен 600 мың педагогтың жалақысын 25%-ға кезең-кезеңімен арттыру басталды. Нәтижесінде олардың жалақысы 2 есе артады. 2021-2023 жылдар аралығында мемлекеттік мекемелерде және коммуналдық кәсіпорындарда жұмыс істейтін 6 мыңға жуық медицина қызметкерлерінің, оның ішінде дәрігерлердің жалақысы 30%-ға, орта медициналық персоналдың жалақысы жыл сайын 20%-ға көтеріледі. 2021 жылы әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы 38 мың қызметкердің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру басталды, нәтижесінде үш жыл ішінде (2021 жылдан 2023 жылға дейін) олардың жалақысы 2 есеге ұлғаяды. 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының (шамамен 600 мың) жалақысын 2022-2025 жылдар кезеңінде жыл сайын орта есеппен 20%-ға кезең-кезеңімен арттыру басталды. Нәтижесінде 4 жыл ішінде олардың жалақысы 2 есе артады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыскерлердің жалақысын көтеру бойынша жеке кәсіпорындарда түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде осы жылдың басынан бастап 8 мың жұмыс беруші 2,8 млн қызметкердің жалақысын 5-тен 50%-ға дейін арттыру туралы шешім қабылдады.
Президенттің бұл бастамасын қарапайым жұрт қолдайды. Өйткені бұқараның табысы артса, әлеуеті де көтеріледі деген сөз.
А.АҚЫЛБЕК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!