Сейсенбі, 31 желтоқсан, 00:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№103 — 2113
31.12.2024
PDF мұрағаты

Айна алдында есеп беру керек пе?

26.05.2021

2936 0

Қазіргі таңда әлдебір армандаған жақсы ойды күнделікті қайталап айтып жүрсе, ол уақыт өте келе шындыққа айналып, армандағаны орындалады деген түсінік қалыптасқан. Өзін-өзі сендіру негізіне сүйенетін аффирмация теориясы «Не ойласаң – сол болады» түсінігіне жауап береді. Кей кісілер не ойласаң да жақсы дүниелерді ойлау, уақытылы өзіңе жауап беру, «ойымдағы жоспарлар жақын арада іске асады» деген сеніммен өмір сүру керек дейді. Ал сол секілді біз де өзімізге есеп береміз бе?

Көп адамдар, әсіресе қыз-келіншектер өзіне, өзінің тұлғасына қарап «мен сұлумын, мен өзімді жақсы көремін, өзімді қалай бар солай қабылдаймын, мен мынадай жетістікке жетемін» деп айтып жатады. Олай айтудың себебін сұрасаң, осылайша миға белгі беремін, өзімді сендіремін деп жауап береді. Мұндай сенім қайдан туды десеңіз, күнделікті өмірде, әлеуметтік желіде онлайн тренинг, электронды кітап көбейген. Солардың арқасында адамдарда еңбек етпей-ақ біраз дүниеге қол жеткіземін деген сенім қалыптасқан. Иә, бір жағынан мұндай бағыт дұрыс та шығар. Түйсігімізге белгі беріп, оны дұрыс ойлауға бағыттау керек дегенмен, бұл бағытты өзіміз жүзеге асыратынымызды да ұмытпаған жөн.

Ұлы Абай өзінің 15 қара сөзінде: «Егер есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күніңде өзің өкінбестей қылықпен өткізіпсің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?»­ – деп адамды өз-өзінен есеп алуға шақырады. Осы тұста Абайдың айтқанын білу бөлек және оны іске асыру бөлек екенін естен шығармған жөн. Жалпы айына не жылына өзіне есеп беру жақсы әдет пе? Мұндай әдет адамға не береді?

Өзіңе уақытылы есеп беру – жақсы әдет. Мысалы, бір жыл ішінде жүзеге асырған жұмыстарыңызды, жеткен жетістіктеріңізді бір еске түсіріп, оның сізге пайдасы тиді ме, жоқ па саралайсыз. Оның ішінде қажетті іс әрекеттерді алып қалып, тиімсіз немесе уақытыңызды бекерге алатын жұмыстарды тізімнен шығарасыз. Бос орындарды пайдалы деп санаған іс-әрекетке немесе қасиетке толтырасыз. Алдағы уақытта сол тізімді жадыңызда сақтап, ойыңыздағы «идеал» адамға айналуға барынша тырысасыз. Осы әрекеттер нәтижесінде сіз өзіңіз діттеген мақсатқа жете аласыз.

Кейінгі кезде өзін-өзі дамытумен айналысып жүргендер қатары көбейді. Олардың түпкі мақсаты – өзінің идеал нұсқасына жету. Ол үшін ақылы білім алып немесе түрлі шетелдік автордың кітабын оқып, семинар-тренингтердің табалдырығын тоздырып жүргендер жетерлік. Мұның барлығы біреулер үшін өмірлік ұстаным мен талпыныс болса,  өзгелерге бизнес, ақша табудың жолы.

Дегенмен бұл іс-әрекеттерді өзгенің көмегінсіз, тренингке қатыспай-ақ та жасауға болады. Бастысы – таудай талап пен өзгеріске деген ішкі ұмтылыс қажет.

Қысқасы, айна алдында есеп беру расымен оң пайдасын тигізуі әбден мүмкін. Нәтиже тәртіп пен еңбектің арқасында келетіні айдан анық. Сондықтан адам өзін өзгерткісі келсе өзі дұрыс деп санаған жолмен сол мақсатына қарай адымдауы қажет.

Аружан Сейдулла,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің

3 курс студенті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: