Сейсенбі, 23 шiлде, 18:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№58-2068
23.07.2024
PDF мұрағаты

Аманат етілген естелік

02.10.2023

330 0

… 1988 жылдың 27 желтоқсан күні кешкі сағат 18: 00-де Алматыдағы орталық концерт залында Темірбек Жүргеновтің туғанына 90 жыл толуына арналған еске алу кеші өтті. Игі шараға туған жерінен арнайы ұйымдастырылған бір топ делегация қатысқан еді. Олардың ішінде  Ө.Тұңғышбаев, Т.Аштанбаева, А.Маханов, Ж.Нұржанов, М.Қараева сынды басқа да ауыл азаматтары бар еді. Делегация құрамында мен де бармын. Жол жүріп пойыздан түскен біздерді күтіп алушылар Дәмеш апамыздың отбасына алып барды. Сол үйдегі арнайы жайылған дастарханнан дәм татып, апамызбен ұзақ уақыт сөйлесіп, әңгімесін үнсіз отырып тыңдағанымыз есімде. Қонақтарды арнайы дайындалған қонақ үйге  алып барып, жайғастырған мемлекеттік қызметкерлер ертеңгі күнге сәттілік тіледі.

Әлі есімде, кешті жоғары мінберден Шара Жиенқұлова мен Дәмеш Ермекова -Жүргенова – жарыс сөздерге шыққандар мен естелік айтушылар, баяндама жасаушылардың сөздерін толықтырып отырған болатын. Жоғарғы сахна төрінде отырған екі апамыздың бақыт пен қуаныштан балбұл жанған бейнелері залдағы отырған біздерге анық байқалып тұрды.

Әсерлі кештен соң қазақ елінің мақтанышы, композитор, күйші Н.Тілендиевтің жетекшілігімен «Отырар сазы» оркестрінің концерті болып, көпшілікті тамсандырғаны бар еді. Сонда Нұрғиса атамыз кешке байланысты тақырыпты терең қозғай отырып,  салтымыз бен дәстүріміздің сақталуы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы осындай қайраткерлердің еңбектері мен қызметтерінің жемісі екендігін айтты. Көрермендерді орындалатын күйлердің қыр-сырымен таныстырып, қысқаша әңгімелеп беріп отырғаны есімде.

Әсерлі кештен соң «Қазақстан» қонақ үйінің мейрамханасында  қонақасы беріліп, дұға оқылды.

Сонда Дәмеш апамыздың дауысы дірілдей түсіп, туған еліне қызмет көрсетушілерге рахмет-алғысын білдірген еді.

– Аталарыңның жүріп өткен жолдарын ұмытпаңдар, есте сақтап, айта жүріңдер, – деп көзі жасаурап, толғаныста тұрып қалғаны  күні кешегідей көз алдымда.

Бұл Дәмеш апамыздың ең соңғы қоштасу сөзі болғандай. Арада тым аз уақыт ішінде қайраткердің асыл, адал жары Дәмеш Ермекова-Жүргенова көз жұмды деген хабар алдық.

Айтса айтқандай-ақ, Дәмеш апамыздың сөзі мен асыл армандары бұл күндері орындалып жатқандығы белгілі.

Айтпақшы, осы мерейлі жылға орай өнер академиясына Темірбек Жүргеновтің есімі беріліп, қуанғанымыз бар. Бұған дейін қала, аудан орталықтарында мектеп, көшелерге есімі берілген болатын.

Дәмеш апа күндіз  біраз уақыт үнемі есігін ішкі жағынан ілмей-ақ  ашық отырушы еді.

– Есігіңіз ілінбейді ме? – деген сұрағыма:

– Бір мезгіл ашық тұра берсін. Ел жақтан келем деушілер келіп, іздеп қалса, бөгелмесін, – дейтін.

Кең пейілді ақ көңіл жан – Дәмеш апамыздың үйіне сағынып, асыға баратынбыз. Сол үйде бас қосып, қуанып қалатынбыз.

Жүрегі жылылыққа толы мейірімді Дәмеш апамды соңғы сапарға шығарып салуға Ырғыз бен Сыр, Арқа мен Алматыдан қалың жұртшылық жиналды. Қаралы қоштасу жиыны Алматыдағы оқу орнының бірінде өтіп, қазақ халқының зиялы қауым өкілдері А.Тоқпанов, Ө. Қанахин өздерінің жүрекжарды сөздерімен көптің көңілін босатты.

…Өткенге көз жіберсек, елден келген бір топ аналарымызды Дәмеш апам соңынан ертіп, бәрі бірге Алматыда қуғын-сүргін құрбандарының сүйектерінің лақтырылған жеріне келеді. Бірақ ну қамыстан әрі қарай өтіп жақындай алмағандықтан тұрып қалады. Сонда Дәмеш апам қамыстарды саусақтарымен ашып, итеріп сығалай түсіп:

– Жаным-ау, сендерді де елдеріңе алып кетіп, арулап қоятын күн туар ма екен, аяулы, ардақты досым Темкем сені де еліңнен іздеп арулайтын азаматтар табыла ма екен? Ас беріліп, есімің есте сақталар ма екен? Бұл қолымнан келмей тұр. Қош сау бол, – деп жылағаны бар екен.

Бұл естелік көріністі маған анам айтты.  Ал мен көпшілікке баяндадым.

… 1988 жыл болатын. Арада он жыл сырғып өтті. 100 жасқа толуына орай Темірбек Жүргеновті еске алу шарасы Жалағаш ауданында ерекше сипатта өтті. Бұл кездесуде қара сөздің шебері Қалтай Мұхамбетжанов сөз сөйледі.

Осы мерейлі жылға орай ақындар мүшәйрасы жарияланып, жерлес ақын Әскербек Рахымбекұлының «Жүргеновтің соңғы монологы немесе ақырет жыры» деп аталатын өлеңі бас жүлдеге ие болып:

Жұртым-ай,

Артымнан ас берілер ме?!

Күмбезім көк кірпіштен өрілер ме,

Көк күмбез күндік жерден көрінер ме,

Бізсіз де өрлей берер өмір өрге,

Жетер ме соңғы сөзім менің елге,

Сөзімді естіп жұртым ертең егілер ме?

Тебіреніске толған өлең жолдарына халық бас изеп, қайран қалды. Аудан тұрғындары келген қонақтарды ыстық лебіздерін білдіре отырып, тігілген қазақы үйлерде  қарсы алып қонақ күту кәделерін жасап, қимастықпен шығарып салды.

Замзагүл Ибрагимқызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: