Бейсенбі, 25 сәуiр, 11:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Ашу шақырғанның ұтқанын көрмедік

21.09.2021

626 0

Әдеттегідей жұмысқа асығып тұрған біз де келесі көлікті күтпей лық толы автобусқа жанталасып мініп алдық. Адам аузы мұрнына шығайын деп тұр. Ішіндегілердің «қай жерге мінгізесің» деген сөзіне кондуктор жігіт «бәрі де өздерің сияқты сабаққа, жұмысқа асығып бара жатыр, жақтырмасаң түсіп қал да таксиге мін» деп дөрекі жауап берді. Мына жағында ол айқай-шу. Автобуста үлкені де, кішісі де бар. Орынға таласқан екі келіншек ұрысып тұр. Бір-бірінен қалысар емес. Тіпті сөз арасында небір жаман сөздер де айтылуда. Соңында екеуі де жындыханадан алған «қызыл қағазы» бар екенін айтып, жын-дылықтарын мойындады. Олардың ұрысы таң азанымен қаншама адамның көңіл-күйіне кері әсерін тигізді. Осы оқиғаға куә болған мен күні бойы неге сонша шыдамсыз, сабырсыз, төзімсіз күйге түскенбіз деген ойда жүрдім.

Расында, ойлана қарасаңыз қазір барлық адам депрессияға түскен. Бәрінің де бір басына жетердей проблемасы бар. Әліптің аяғына жетпей, кішкентай нәрсеге ашуланып, «Жүйкемді тоздырмашы» деп шығады. Ашуына тисең сөзбен сабап алады.

Бүгінде жүйке ауруы әлемдегі ең қауіпті дерттің қатарында екен. Оның себебі неде? Жүйкесі жұқарып, күйзеліске ұшырап, айналасына жағымсыз әсер қалдырып жүрген кімдер? Осы жөнінде кеңінен тарқатып көрелік.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжауынша, алдағы он жыл да депрессияға түсетіндер саны екі есеге артады екен. Тіпті кейбір психологтар жүйке ауруы адам үшін ең үлкен дерт болуы мүмкін дегенді алға тартуда. Шынында, біз оған жіті мән бермейміз. Сондықтан біздің елде психологқа көрініп, кеңес алу деген ұят сияқты сезіледі. Алайда депрессия – әлемде жүрек-қан тамырлары мен онкологиялық аурулармен қатар тұрған сырқат екен.

Соңғы жылдары елімізде өз-өзіне қол жұмсаушылар саны артты. Бұрын мұндайды естігенде таңдай қағып, қайғырсақ, қазір көптігі сонша мән де бермейтін болдық. Себебі біреудің жағдайын ойлауға өз мәселесі мұрша бермейді. Қазір бәрінің басында қос-қостан несие бар. Жетіспеушілік жағаға жармасып, қымбатшылық белден басып тұр. Осының бәрі адамның жүйкесінің жұқаруына әкеп соғуда.

– Бүгінде қоғамда коронавирус індетіне байланысты карантиндік талаптар адамзаттың тұрмыс-тіршілігін, көңіл-күйін, қарым-қатынасын өзгертті. Сондықтан соңғы кезде болмайтын нәрсеге ашуланатын адамдар саны артқан. Мәселен, адам көп шоғырланатын жерде, қоғамдық орында, мемлекеттік мекемеде адамдар шыдамсыздық танытып, айқайға бас салып, шаруалары тез бітуін талап етеді. Ашуын сыртқа шығару арқылы жеңілдейді. Ал оның агрессивті іс-әрекеті басқа жанға зардап әкелетінін ойламайды. Ашулану – бұл біздің психикалық энергиямыз, қажеттілік-терімізді қанағаттандыру үшін сыртқа немесе ішке бағытталуы мүмкін импульс. Нақтырақ айтқанда, бұл олардың мақ-сатына жетудің психологиялық қаруы, – деді №3 қалалық емхана психологы Гүлдана Садықова.

Психологтың айтуынша, адамның жүйке жүйесінің әлсіреуі, күйзеліске түсуімен ойнауға болмайды. Ондай адам өзін үнемі жазықты сезініп, себепсіз қорқады. Сондай-ақ ылғи жағымсыз көңіл күйде жүреді. Күйзеліске ұшыраған адамның бір нәрсеге назар аударуы, ерік-жігерін жинауы да қиын екен. Бұрын адамдар қимыл-қозғалыс арқылы іштегі барлық жағымсыз энергияны сыртқа шығаратын. Мәселен, егін егіп, оны жинап, қара жұмысты көп істеді. Ал қазір көпшілігі кеңседен шықпай, азаннан қара кешке дейін компьютердің алдында тапжылмай отырады. Осыдан кейін көп адам жан күйзелісіне ұшырауда. Оның түрлі себебі бар. Тіпті адамдар ұялы телефон пайда болғалы бір-бірімен шер тарқатып сөйлесуден қалды. Телефон – адамның сырын айтар сыңарына айналды. Онсыз таңымыз атып, күніміз батпайды. Қолымыздан түсірмейміз. Жасырын емес. Тіпті кейбіреулер түнде құшақтап ұйықтайды. Алайда оның зиянына үңіліп жатқандар аз. Психолог Гүлдананың айтуынша, ол есте сақтау қабілетін нашарлатып, адамның танымдық қабілетін төмендетеді. Бойды сүлесоқтық пен жалқаулық билейді.

Оның ішінде бала денсаулығына тікелей кері әсерін тигізеді. Бүгінде бесіктен белі шықпаған баланың өзі телефонды ойыншыққа айналдырған. Қолдарында бір-бір телефон. Қарап отырсаңыз, қазіргі баланың көбі ашуланшақ. Себебі ұялы байланысты көп көретіндердің жүйкесі жұқарып, депрессиялық синдромға ұрынуы жиілейді екен. Бұл адамға бірден білін-бегенмен, уақыт өте адам жүйкесіне үлкен салмақ түсіріп, жүйке ауруына әкеп соғады. «Бүгінгінің адамы ашушаң, күйзеліске түскен» дегеннің бір себебін осыдан көрсек болады. Сондықтан психологтар барынша жансыз емес, жанды дүниеге әуес болуға кеңес береді.

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

ПСИХОЛОГ КЕҢЕСІ:

Ашуланған адамның өз шындығы бар. Сөздердің астарында не жатқанына назар аударыңыз, терең мағынасын іздеңіз. Мұны істеу үшін тыныштықты сақтап, диалогта ашық болуға тырысыңыз. Дауласқан кезде адамға емес, мәселеге назар аударуға тырысыңыз. Адамда агрессияны көрсетудің мың себебі болса да оны сізге бағыттауына жол бермеңіз. Жан-жалдасып айқайлап тұрған адамға дауысыңызды көтермеңіз. Өйткені соңы үлкен шиеленіске апаруы мүмкін. Ұрысып тұрған адамға кері жауап берудің қажеті жоқ. Мұндай қарым-қатынастан аулақ болуға тырысыңыз немесе сабыр сақтаңыз. Егер сіз жауап берсеңіз, онда ашуланып тұрған адам сізден күшті болуы немесе психикалық тұрғыдан денсаулығы нашар болуы мүмкін екенін ескеріңіз. Қатты күйзеліске түсіп жүрген адамнан ол кезде ешнәрсе талап ете алмайсыз. Сіз жауап барысында шабуыл жасамаңыз.

Терең тыныс алыңыз. Ол жағдайдан алшақтауға көмектеседі. Ең бастысы – уақытында терең тыныс алып, артық ештеңе айтпау. Сабырлы түрде немесе жайлап сөйлеңіз. Сонда ашуланып тұрып айқайлайтын адам бірнеше минут ішінде басылып, сізбен бірге ол да даусы бәсеңдеп жәй сөйлей бастайды

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: